Аймақтар • 31 Қазан, 2017

Оралда «Таза қол: парасыз болашаққа бірге» атты форум өтті

785 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

27 қазанда Орал қала­сында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы «Таза қол: парасыз болашаққа бірге» атты форум өтті.

Оралда  «Таза қол: парасыз болашаққа бірге» атты форум өтті

Суретті түсірген: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Жиынға Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі төрағасының орын­басары Алик Шпекбаев, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, облыс мәслихатының депутаттары, азаматтық қоғам институты мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумда баяндама жаса­ған Алик Шпекбаев өз сөзін­де халықаралық және ұлт­тық агенттіктердің зерттеу мә­лі­меттерін келтірді. Transpa­ren­cy International ұйы­мы­ның дерегінше, үш жыл бұ­рын­ғы нәтижемен салыс­тырғанда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды бақылайтын азаматтар саны екі есе өскен, ал пара берушілердің саны үштен бірге қысқарған.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының соң­ғы сауалнамасы респон­денттердің 80%-дан астамы пара бермеген және параның не екендігін ұмытқанын «айтады».

«Зерттеу» стратегиялық орталығы да елде сыбайлас жемқорлық оқиғалары азай­ғанын байқаған: сұрау сал­ғандардың 70%-ы сыбайлас жемқорлық жағдайына тап болмапты.

Елімізде сыбайлас жем­қор­лықпен күресте халық белсен­ділігі артып келе жатқаны рас. Агенттіктің Call-орталығы құ­рылған кезден бастап азаматтардан түскен өтініш саны 13%-ға өсіпті. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 187 тұлға (оның ішінде ауыр қылмыстар бойынша – 111, ауырлығы орташа – 76) 26 млн-нан астам теңге сыйақы алған.

Жыл басынан бері жүргізіл­ген жасырын іс-шаралар нәтижесінде 89 оқиға бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың 257 мүшесі анықтал­ған. Ішкі істер органдарында (4), білім (3), кеден (2), ауыл шаруа­шылығы (2), жер қаты­настары (1) салаларында «кәсіп қылған» 12 қылмыстық топ құрықталған.

«Сыбайлас жемқорлық – бү­гінгі таңда еліміздегі барлық игі бастама мен реформаларды тежейтін арылмас дертке айналды. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік басқару аппараты қазір халықтың толық се­німіне ие емес. Мұны мойын­дау қажет», деді Батыс Қазақ­стан облысының прокуроры С.Нұрпейісов.

Transparency International ұйымының дерегінше, 2016 жылы Қазақстан коррупция деңгейі бойынша әлемде 176 мемлекеттің ішінен 131-орында тұр екен.

Соңғы 5 жылда Батыс Қазақстан облысында 214 адам сыбайлас жемқорлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған! Әкімшілік (24) және тәртіптік жаза (627) ал­ған­дар тіпті көп. Әсіресе, мем­­лекет беретін материалдық игіліктерді таратушы мекемелер, мемқызмет көрсету, мемлекеттік бақылау мен тексеру жасаушы органдар, әкім­шілік және қылмыстық про­цестерді жүргізуші орындар жемқорлыққа бейім.

«Сыбайлас жемқорлыққа не істейміз? Мұның емі бар ма?» деп көпшілікке сауал таста­ған прокурор облыста қанат­қақты режімде қолға алынған «Таза қол» жобасымен таныс­тыр­ды. Бұл жоба әлемнің озық ел­деріндегі тәжірибеге негіз­делген. Жобаның көздеген ең бас­ты екі мақсаты бар: бірін­ші – коррупция белгілеріне мүл­дем төзбеу қағидасын қалып­тас­тыру, екінші – сыбай­лас жемқорлыққа жол берер тәуе­келді барынша азайту. «Таза қол» аясында 15 бөлімнен, 90 тармақтан тұра­тын кешенді шаралар жос­па­ры жасалған. Әр мектепте «Адал ұрпақ» еріктілер қозғалы­сы құрылған. Қазірдің өзінде клубтың 6 мыңнан аса мүшесі бар екен.

«Таза қол» жобасы үш ба­ғыт бойынша жұмыс істе­мек: «Шағым – мемқызметкер­­дің индикаторы», «Азаматтар­дың құқықтық мәдениетін көтеру», «Өзіңнен баста» деп аталатын жобалар халық­тың шағымдарымен сапалы жұ­мыс істеу, тұрғындардың құ­қық­тық сауатын арттыру, азамат­тар­дың өз құқығын сотта қор­ғауын ынталандыру, құқық бұзу­­шы­лықтың кез келген түрі­не мүлдем төзбеу мінезін қалып­тастыру міндеттерін көздейді.

«Қолын тазартып», «жем­қорлық кірін» жуғалы отырған Ақ Жайық өңірінде қандай өзгеріс бар? Прокуроры оны да санап айтып берді.

Орал қаласы әкімдігінде ХҚКО үлгісіндегі «Ашық әкім­­дік» жобасы қызмет көр­сетеді. Бұл жерде сәулет, қала құрылысы, жер қа­тынас­­тары мәселелері бо­йынша аза­мат­тардан құжат қабылдау ашық, сапалы, ыңғайлы жүргізі­ле­ді. Барлық денсаулық сақ­­тау мекемелерінде Бірыңғай ме­дициналық ақпарат жүйесі енгізілген. Қаладағы емханаларда электронды кезек орнатылды. Облыс әкімдігі мен Құқық қорғау органдары академиясы арасында қол қойыл­ған меморандумға сәйкес жергілік­ті полиция қызметкерлері арнайы оқыту курстарынан өтіп, біліктілі­гін арттырып жатыр. Жол-патрулдік полиция бейнежетонмен және бейнебақы­лау орнатылған автокөлік­пен 100 пайыз жабдықталған. Ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихан алу бөлімін­де электронды кезек және бейне­бақылау орнатыл­ған. Орал қалалық полиция бас­қар­масында кезекші проку­рор кабинеті ашылып, кез келген уақытта клиент қабылдауға әзір тұр. Ол жерде тергеу каби­неттерін арнайы монитор­дан бақылап отыратын мүм­кіндік жасалған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы