Аймақтар • 31 Қазан, 2017

Маңғыстауда мал шаруашылығы 12 пайызға артты

1091 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы әкімдігінің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі – аграрлық секторды облыс экономикасының драйверіне айналдыру, мал және егін шаруашылығын дамыта отырып,  жергілікті тұрғындарды толық өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету.


 

Маңғыстауда мал шаруашылығы 12 пайызға артты

Аймақ басшысы Е.Тоғжанов ауылшаруашылық саласының тоғыз айын қорытындылап, алқалы жиын өткізіп, аймақта атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, кәсіпкерлермен кездесті. Мал шаруашылығын өткен жылмен салыстырғанданда өңірде өсім бар, яғни мал басы 12,5 пайызға артқан. Мәселен, былтыр (2016 жыл) 482 713 болса, биыл (2017 жыл) 537 247 құрады. Көш басында Маңғыстау мен Бейнеу аудандары тұр. Асыл тұқымды мал шаруашылығы – сапалы да мол өнім өндірудің көзі. Қазіргі күні Маңғыстау облысы бойынша 36 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген. Дәл осы саладағы тауарөндірушілерді мемлекеттік қолдау аясында мал өнімділігін арттыруға облыс бойынша 260 млн теңге субсидия қаржысы бөлінген. Мал шаруашылығымен айналысам деген азаматтарға жан жақты қолдау көрсетілуде. Сол үшін мүмкіндікті мүлт жібермей, нақты іс бастау керек деді, Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ Бірккен Араб Әмірліктерінен жылына 2,5 млн бас қойға сұраныс бар екенін айтты. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді арттыруға жол ашатын болады. Сондықтан барлық шопандарды қойды көп өсіруге шақырды. Осы ретте шопан көмекшілеріне ай сайын тұрақты жалақы беріліп тұратынын мәлімдеді.

Бүгінде облыс бойынша егістікпен айналысатын 120 шаруашылық және 13593 үй шаруашылықтары бар. Биылғы егін алқабының көлемі – 1100 га (2016 ж 941 га). Сонымен қатар 27 жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Бұл салада да мемлекет тарапынан 181 млн теңге субсидия бөлінген. Алдағы уақытта аймақтағы жылыжайлар мен ұңғымалардың санын арттырып, жаппай тамшылап суару технологиясына өту керектігі айтылды. Жиын соңында облыс әкімі бұл көрсеткіштермен тоқмейілсуге болмайтынын ескертіп, егін және ауылшаруашылық саласында өнім өндіретін кәсіпорындарға өндіріс көлемін көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттің жеңілдіктерін пайдалана отырып, жаңа кәсіпорындар ашу керектігін атап өтті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»