Атап айтсақ, индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, Ақмола облысының Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары және Астанада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы, кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логистикада цифрлы технологияларды қолдану жайы, Астана аголмерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекіту мәселесі, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары қаралды.
Өнеркәсіп өндірісі өсті
Алқалы жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Сондай-ақ фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалатынын жеткізді.
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторларында оң қарқын бар. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға өсіп, 9,9 млрд долларды құраған. Министрдің мәлімдеуінше, агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында елеулі өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнімдері 115 елге экспортталады.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдермен және өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді», деді министр. Сонымен қатар өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға өсіп, 599 млрд теңгені құраған. Биылғы жылдың І тоқсанының нәтижелері бойынша кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1 пайызға өскен. Негізінен өсу басым бағыттағы секторларда орын алған, ол мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өңдеу салалары.
«Шағын, орта және ірі кәсіпорындар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырылады. Бүгінгі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен төмен болмайтынын болжауға болады», деді Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ министр бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістер іске қосылып жатқанын атап өтті. Жеті жылдың ішінде және 2017 жылдың 9 айы аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасында 1080 жоба енгізілгенін, 101 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті. Қорытындылай келе, 6 желтоқсан – Индустрияландыру күнінде осы жылдағы индустрияландыру жұмыстарының қорытындысы шығарылатынын хабарлады. Телекөпір аясында жалпы сомасы 399 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосу жоспарланып отыр екен.
Отырыс барысында, сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, ШҚО әкімі Даниал Ахметов осы мәселе бойынша сөз сөйледі.
Талқылау қорытындысында Б.Сағынтаев осы жылдың тоғыз айында мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Премьер-Министр жыл соңына дейін өңірлер негізгі капитаға салынатын инвестициялар бойынша артта қалушылықты жойып, өзге көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижеге шығатынына сенім білдірді.
Туризмге тың серпін
Үкімет отырысында сондай-ақ Щучье-Бурабай курортты аймағын және елордада туризмді дамыту бойынша жоспар мен жол картасы бекітілді.
Курортты аймақты дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары (ІІІ кезең) және Астана қаласында туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Министрдің айтуынша, Астананың туристік кластерін дамыту, оның ішінде медициналық, мәдени, білім беру және іскерлік туризмді, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша жол картасы, сондай-ақ Астана қаласында денсаулық сақтау, жоғары білім беру, мәдениет және спорт нысандарының пайдалану тиімділігін және өзін-өзі ақтауын арттыру жөнінде шаралар әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмаларына сәйкес әзірленген және олар бойынша Үкіметтің тиісті шешімдері дайындалған.
Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары төрт бөлім мен 33 іс-шарадан құралған. Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша, Щучье-Бурабай курортты аймағының туристік әлеуетін дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының іс-шараларын іске асыруды 61,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланған. Ал Астана қаласында туризмді дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі жол картасына 24 іс-шара енгізілген.
Отырыс барысында сондай-ақ Ақмола облысы әкімі Мәлік Мырзалин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қосымша баяндады. Талқылау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев Ақмола облысының және Астана қаласының әкімдеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жоспар мен жол картасының іс-шараларын сапалы және уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Автоматтандыру амалдары артты
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – кен өндіру өнеркәсібін цифрландыру және көлік пен логистикадағы цифрлы технологиялар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады. Министр атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздегі көптеген кәсіпорындардың Индустрия 4.0-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жеткілікті болмай отыр.
Талдауға сәйкес Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге бизнесті цифрландыру арқылы түсетін экономикалық пайданы толық түсінбеу, отандық зерттеулердің және автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржы мен инфрақұрылымның жетіспеуі сияқты тежеуіш факторлар кедергі болып отыр. Осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиісті жүйелі шаралар әзірленген. Олар нормативтік реттеуді жетілдіру, цифрлы инфрақұрылымды, Индустрия 4.0 технологиялары бойынша жеке технологиялар мен оның құзыреттерін, адами капиталды дамыту, ынталандырудың қаржылық және басқа да шаралары.
Министрдің айтуынша, жүйелі шараларды әзірлеумен қатар ірі компаниялармен цифрландыру саласындағы нақты бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда бірқатар ірі компаниялар (Қазмырыш, ERG, АрселорМиттал, Қазақмыс) жоспарларын жасап, облыс әкімдерімен келісімге келе отырып, жол карталарына қол қойған.
Көлік және логистика салаларын цифрландыру бағытында автомобиль жолдары құрылысы саласын, авиация, темір жол көлігі саласындағы цифрландыру жұмыстары қолға алынуда. Мәселен, «Пойыздар қозғалысының болжамды кестесін автоматтандыру» жобасы жүзеге асырылмақ. Оның мәні жоспарлау нақтылығы мен тереңдігін 45 тәуліктен 3 сағатқа дейін арттыру арқылы пойыздар қозғалысының кестесін орындау болып отыр.
Жалпы, автоматтандыру мәселесіне қатысты ERG бақылау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры Александр Хмелев сөз сөйледі. Одан әрі сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев көлік саласын цифрландыру нәтижелерін қысқа уақыттың ішінде көруге болатынын атап өтті. Ал талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Б.Сағынтаев екі аспектіге баса назар аударды. Біріншіден, отандық компанияларға кадрларды базалық даярлаумен айналысу қажет. Екіншіден, өңірлерде цифрландыруды енгізу барысында жұмыскерлерді жұмыстан босату мәселелерін бақылау, қажет болған жағдайда оларды басқа салаларға тарту бойынша жол карталарын әзірлеу. Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиевке бұл мәселелерді күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.
Астана агломерациясы
Үкімет отырысында Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді. Құжат жобасын Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек таныстырды. Министрдің айтуынша, елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы астананың агломерациялық дамуының алғышартын құрайды. Елорда агломерациясын одан әрі дамыту бойынша Астана әкімі Ә.Исекешев те қосымша баяндады. Талқылау қорытындысында Б.Сағынтаев барлық жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге аталған өңіраралық схеманың жұмысын тиімді жүргізуді тапсырды.
16 заң жобасы әзірленеді
Заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары туралы әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Министрдің айтуынша, жоспар жобасы 2018 жылы 16 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейді. Олардың ішінде көлік мәселелері бойынша, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне кепілдік беру, гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы, т.б. заң жобалары бар. Жалпы, 5 дербес заңды әзілеу көзделген және қолданыстағы 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»