Еске сала кететін болсақ, онда кепілгер мемлекеттер Түркия мен Иран делегациясын Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Седат Онал мен Хусейн Джабери Ансари, ал Ресей Федерациясының делегациясын Ресей Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев бастады. Сирия үкіметінің делегациясын осы елдің БҰҰ-дағы өкілі Джафари Башар, ал қарулы оппозициялық топтардың делегациясына Ақылдастар кеңесі қозғалысының өкілі Ахмад Берри басшылық етті. Бұлардан басқа келіссөз үстеліне байқаушы ретінде АҚШ пен Иордания және БҰҰ өкілдері қатысты.
Делегация мүшелерінің соңғы отырысқа шыққанда қатты шаршағандары көрініп тұрды, осыдан-ақ келіссөздердің өте ауыр болғанын сезуге болады. Кепілгер мемлекеттер Иран, Ресей және Түркия делегацияларының бірлескен мәлімдемесін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып, жария етті. Онда алдымен Ислам Иран Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы Сирия Араб Республикасындағы қарулы қақтығыстарды тоқтату режімін сақтайтын кепілгер мемлекеттер ретінде бірлескен мәлімдеме қабылдағаны айтылды.
Сирия Араб Республикасында Астанадағы 2017 жылдың 4 мамырында келісілген Меморандум бойынша деэскалация зонасын құру жөніндегі шарттың іске асқанын қанағатпен атап өтеді, делінген Мәлімдемеде. Сонымен қатар Сирия Араб Республикасының егемендігінің, аумақтық тұтастығы мен бірлігінің сақталуын қолдайтынын кепілгер тараптар растайды. Одан әрі Мәлімдемеде: Соғыс қимылдарына қарсы әрекеттерді қолдап, қақтығыстарды тоқтату режімін нығайтқанның арқасында (соның ішінде деэскалация зонасын құру мен қауіпсіздік жолақтарын құру да бар) бүгінгі таңда Сириядағы зорлық пен қантөгістер деңгейінің төмендеуін атай отырып:
Біріншіден, ИГИЛ, «Джабхат әл-Нусра» және басқа да топтардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың террористік әрекеттеріне қарсы күрестердің прогреске аяқ басқанын атап өтеді. Деэскалация зоналарының іске асырылуының нәтижесінде осы аталған топтар мен ұйымдарға қарсы әрекеттер зонаның ішінде де, сыртында да жалғасын табатын болады;
Екіншіден, Сириядағы кикілжіңдер әскери жолмен шешілмей тек қана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2254 қарарына сәйкес саяси процестердің барысында реттелуі керектігін атап өтеді. Қақтығысқа қатысушы жақтарды «жердегі» қолайлы жағдайларды пайдаланып, Женевадағы саяси процестерді ілгерілетуде белсенділік көрсетуге шақырады;
Үшіншіден, БҰҰ-ның бақылауымен Женева процесінің шеңберінде Ұлттық үнқатысу конгресін құру жөніндегі Ресей Федерациясының ұсынысын талқылауға келіседі; (Бұл туралы Ресей тарабы барлық кепілгер елдерді құлақтандырған);
Төртіншіден, кикілжіңге қатысушы тараптар бір-біріне деген сенімді нығайту қажеттігін атап өтеді. Соның ішінде ұсталғандар мен кепілге алынғандарды қайтару, өлгендердің мәйітін беру және хабарсыз жоғалғандарды табу жұмыстары саяси процестер мен атысты тоқтатуға жақсы жағдай қалыптастырады;
Бесіншіден, Сирияға халықаралық қайырымдылық көмектердің одан әрі жеткізілу қажеттілігін атайды, олардың мұқтаж жандарға ешқандай кедергісіз, жылдам баруының қамтамасыз етілуін атап өтеді және осыған байланысты Меморандумның талаптарын еске салады;
Алтыншыдан, Астана процесінің шеңберінде 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған Меморандумның шарттарын орындау жұмыстарын одан әрі жалғастыру ниеті бар екендерін растайды;
Жетіншіден, жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан билігіне Астанада 7-ші халықаралық кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіреді;
Сегізіншіден, Сирия бойынша келесі жоғары деңгейдегі кездесуді Астана қаласында 2017 жылдың желтоқсан айының екінші жартысында өткізуге шешім қабылдады.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осы Бірлескен мәлімдемені жария еткен соң Қазақстанның Сириядағы кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге бұдан әрі де қолұшын беретінін атап өтті. Қазақстан барлық елдермен де жақсы қарым-қатынас жасауға дайын, деп министр өзінің сөзін қорытты.
Осыдан кейін Сирия Араб Республикасының, Сириядағы қарулы оппозициялық күштердің және Ресей Федерациясының өкілдері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, олардың көптеген сұрақтарына жауап берді.