Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Бағдарлама барысы бағамдалып, жоспарлар бекіді

268 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеше бес мәселе талқыланды. Атап айтсақ, индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, Ақмола облысының Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары және Астанада туризмді дамыту­дың 2020 жылға дейінгі жол картасы, кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логистикада цифрлы технологияларды қолдану жайы, Астана аголмерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекіту мәселесі, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары қаралды. 

 

Бағдарлама барысы бағамдалып, жоспарлар бекіді

Өнеркәсіпөндірісі өсті

Алқалы жиында Инвестиция­лар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Сондай-ақ фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалатынын жеткізді.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторларында оң қарқын бар. Биылғы сегіз ай­дың қорытындысы бойын­ша өң­деу өнеркәсібінің экспорты өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 23,1 пайызға өсіп, 9,9 млрд дол­ларды құраған. 

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестиция­лық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдермен және өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді», деді министр. Сонымен қатар өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Инвес­тиция­лар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша 19,5 пайызға өскен. 

«Шағын, орта және ірі кәсіп­орын­дар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойын­ша қалыптастырылады. Бүгін­гі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көр­сет­кіштер өткен жылдың дең­гейі­нен төмен болмайтынын болжауға болады», деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ министр бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндіріс­тер іске қосылып жатқанын атап өтті. Жеті жылдың ішінде және 2017 жыл­дың 9 айы аралығында Ин­дус­т­рияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасын­да 1080 жоба енгізілгенін, 101 мың тұ­рақ­ты жұмыс орны ашыл­ға­нын тіл­ге тиек етті. 

Отырыс барысында, сондай-ақ Жам­был облысының әкімі Кәрім Көкі­рек­баев, Алматы қаласының әкі­мі Бауыржан Байбек, Ақтөбе облы­сы әкімінің орынбасары Серік Тө­лен­бер­генов, ШҚО әкімі Даниал Ах­метов осы мәселе бойынша сөз сөйледі. 

Талқылау қорытындысында Б.Сағынтаев осы жылдың тоғыз айын­да мемлекеттік индустриялан­дыру бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізілгенін атап өтті. Премьер-Ми­нистр жыл соңына дейін өңір­лер негізгі капитаға салына­тын инвес­тициялар бойынша арт­та қалу­шы­лықты жойып, өзге көр­сет­кіш­тер бойынша жоғары нәтижеге шыға­тынына сенім білдірді. 

Туризмге тың серпін

Үкімет отырысында сондай-ақ Щучье-Бурабай курортты айм­а­ғын жә­не елордада туризмді дамыту бо­йын­ша жоспар мен жол картасы бекітілді. Курортты аймақты дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары (ІІІ кезең) және Астана қаласында туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы туралы Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баян­дады.

Министрдің айтуын­ша, Астананың туристік кластерін дамыту, оның ішінде медициналық, мәдени, білім беру және іскерлік туризмді, Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша жол картасы, сондай-ақ Астана қала­сында денсаулық сақтау, жоға­ры білім беру, мәдениет және спорт нысандарының пайдалану тиім­ділігін және өзін-өзі ақтауын арттыру жөнінде шаралар әзірлеу жөнін­дегі Елбасының тапсырмаларына сәйкес әзірленген және олар бойынша Үкіметтің тиісті шешім­дері дайындалған.

Щучье-Бурабай курортты ай­мағын дамытудың 2017-2020 жыл­дарға арналған жоспары төрт бөлім мен 33 іс-шарадан құрал­ған. Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді ше­шу бойынша, көлік-логистика инф­ра­құрылымын дамыту бойын­ша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бо­йынша, Щучье-Бурабай ку­рорт­ты аймағының туристік әлеуе­тін дамыту бойынша іс-шара­­лар енгізілген. 

Отырыс барысында сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Астана қаласының әкім­і Әсет Исекешев қосымша баян­дады. Талқылау қорытындысы бо­йын­ша Б.Сағынтаев Ақмола облы­сының және Астана қала­сы­ның әкімдеріне мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп жоспар мен жол картасының іс-шараларын сапалы және уақыты­лы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Автоматтандыру амалдары артты

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – кен өндіру өнер­кәсі­бін цифрландыру және көлік пен логистикадағы цифрлы тех­но­логия­лар бойынша атқа­ры­лып жат­қан жұмыстар жайын­да Ин­вестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баянда­ды. Министр атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздегі көптеген кәсіп­орындардың Индустрия 4.0-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жет­кілікті болмай отыр.

Талдауға сәйкес Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге бизнес­ті цифрландыру арқылы түсетін экономикалық пайданы толық түсінбеу, отандық зерттеулердің және автоматтандыру мен цифр­ландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржы мен инфрақұрылымның жетіспеуі сияқты тежеуіш факторлар кедергі болып отыр. Осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиісті жүйелі шаралар әзірленген. Олар нормативтік рет­теуді жетілдіру, цифрлы инфра­құры­лымды, Индустрия 4.0 технологиялары бойынша жеке технологиялар мен оның құзыреттерін, адами капиталды дамыту, ынта­ландырудың қаржылық және басқа да шаралары.

Министрдің айтуынша, жүйелі шараларды әзірлеумен қатар ірі компаниялармен цифрландыру саласындағы нақты бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда бірқатар ірі компаниялар (Қазмырыш, ERG, АрселорМиттал, Қазақмыс) жоспарларын жасап, облыс әкім­дерімен келісімге келе отырып, жол карталарына қол қойған.

Көлік және логистика салаларын цифрландыру бағытында авто­мобиль жолдары құрылысы сала­­сын, авиация, темір жол көлігі саласындағы цифрландыру жұмыс­тары қолға алынуда. 

Жалпы, автоматтандыру мәсе­ле­сіне қатысты ERG бақылау кеңе­­сі­нің төрағасы Алдияр Қаз­таев, «Қазмырыш» ЖШС бас ди­­рек­­­торы Александр Хмелев сөз сөй­­леді. Одан әрі сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев көлік сала­сын цифрландыру нәтижелерін қыс­қа уақыттың ішінде көруге болаты­нын атап өтті. Ал талқылау қоры­тын­дысы бойынша Премьер-Ми­нистр Б.Сағынтаев екі аспектіге баса назар аударды. Біріншіден, отандық компанияларға кадрларды базалық даярлаумен айналысу қажет. Екіншіден, өңірлерде цифр­ландыруды енгізу барысын­да жұмыскерлерді жұмыстан босату мәселелерін бақылау, қажет болған жағдайда оларды басқа салалар­­ға тарту бойынша жол карталарын әзірлеу. Премьер-Министрдің орын­басары А.Жұмағалиевке бұл мәсе­лелерді күнделікті бақылауда ұс­тау тапсырылды. 

Астана агломерациясы

Үкімет отырысында Астана агло­мерациясын аумақтық дамы­тудың өңіраралық схемасы бекітілді. Құжат жобасын Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек таныстырды. Министрдің айтуынша, елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы астананың агло­мерациялық дамуының алғы­шартын құрайды. Елорда агломерациясын одан әрі дамыту бойынша Астана әкімі Ә.Исекешев те қосымша баяндады. Талқылау қорытындысында Б.Сағынтаев бар­лық жауапты мемлекеттік орган­дарға және әкімдіктерге аталған өңіраралық схеманың жұмысын тиімді жүргізуді тапсырды. 

16 заң жобасы әзірленеді

Заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары туралы Әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Министр­дің айтуынша, жоспар жобасы 2018 жылы 16 заң жобасын әзір­леу­ді және Парламентке енгізу­ді көз­дейді. Олардың ішінде көлік мәсе­лелері бойынша, медици­на қыз­мет­керлерінің кәсіби жауап­кер­шілігіне кепілдік беру, гидро­техникалық құрылыстар қауіп­сіздігі, тарихи-мәдени мұра нысан­дарын қорғау және пайдалану туралы, т.б. заң жобалары бар. Жал­пы, 5 дербес заңды әзірлеу көз­дел­ген және қол­даныстағы 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

 

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»