Үлкен көшенің ортасында шашылып түскен асықтар қазақ халқының ұлттық ойынының бір түрі болып саналады. Ол күндіз де, түнде де ойналады. Мәселен, күндізгісі мергендікке, түндегісі ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық алшы, тәйке, бүк, шік деп аталады. Ал атуға арнап жасалғандары сақа, оңқай деп бөлінеді. Мына асықтарға қарап тұрып, балалық кезеңдегі ойындар еске түседі. Оның мына түрлері ойға оралады сонда, құмар, тәйке, омпы, алшы, хан ату, қақпақыл тағы басқалары болып кете беретін...
Ойынға 2-4 бала қатысатын. Әрқайсысы жақсы жонылған, табаны қайралған төрт асығы болуы шарт. Ойыншылар өзара келісіп, жеңімпазға жүлде тағайындап алады да, кезекпен төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйкі түсірсе жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді.
Қызық, мынау шашылып түскен аппақ асықтарды көрген балалар таңырқай қарайды. Оларға таңсық қой. Мына күзгі каникул күндері әдемі тағылымды елестетеді. Көріңіз, ескерткіш деген көп қой, оның түрі де, мазмұны да сан түрлі болып келеді...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген автор