Халық өте қобалжулы-тын. Осындай сын сағатында мемлекет көмекке келді. 25 апатты үйде тұрып жатқан 300-ге жуық адамға арналып 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды солай. Жақында осы жұмыстың нәтижесін көрді халық. Апатты үйде тұрып жатқан отбасыларға жаңадан салынған 305 пәтерлік 6 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың ішінде зейнеткерлер, жас және көп балалы отбасылар мен жұмыссыз адамдар да бар.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пәтер иелеріне су жаңа баспананың кілттерін табыстап, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
– Біз мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлермен қатар, жыл сайын апатты жағдайдағы үйлердің мәселесін де кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бұған дейін апатты деп танылған үйлердің орнына 204 пәтерлі 4 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бүгін осы игілікті істердің жалғасы ретінде Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағындағы жаңа шағын ауданда 305 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз. Нәтижесінде, биыл қаладағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешімін тапты деп айтуымызға болады. Осы игі істердің барлығы – Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған ең басты жетістігіміз. «Өз үйім – өлең төсегім» деп, басында жеке баспанасы болуын армандамайтын адам жоқ. Үйлі болса, іші жанға толса екен дейді. Бүгін сіздер сол армандарыңызға қол жеткіздіңіздер, енді іші сәбидің күміс күлкісіне толсын, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Жаңа қонысқа қол жеткізген тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Айта кетуіміз керек, соңғы төрт жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой түзеп, тек осы жылдың өзінде 61 көп қабатты үйдің 24-і пайдалануға берілді. Ал соңғы 4,5 жылда өңірдегі құрылыс көлемі 3,5 есеге, облыс орталығында 8 есеге артты. Мұның сыртында қаншама әлеуметтік нысандар соғылды. Соның арқасында, аймақта апатты жағдайда білім беріп жатқан мектептер де жоқ. Бұл дегеніңіз үлкен көрсеткіш.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА