Әлем • 01 Қараша, 2017

Атыраудағы кәрістер қазақтарға ескерткіш қойды

1087 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақ халқына мың алғыс!». Осы сөз жазылған ескерткіш Атырау облысы Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында бой көтерді. Бұл – қиын-қыстау кезеңде жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқына деген кәрістердің лебізі.

Атыраудағы кәрістер қазақтарға ескерткіш қойды

Сексен жыл бұрын депортация кесірінен Қазақстанға 96 мыңнан астам кәріс халқы күштеп көшірілген еді. Соның ішінде Атыраумен тағдырларын тарих тоғыстырғандар да бар. Қазір өңірде үш мыңдай кәріс ұлтының өкілі тұрады. «Тхоньил» атты этно-мәдени бірлестік  құрып, ұлттық салт-дәстүрлерін ұмыт қалдырмай, аймақтағы мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып жүр.

«Қилы замандағы қасіретке 80 жыл толғанын емес, кәрістердің қазақ жерінде осынша уақыт бақытты, берекелі өмір сүріп жатқанын мереке ретінде атап өткіміз келді,- дейді белгілі ғалым Сергей Огай.  – Ал ескерткіш біздің қазақ халқына деген шексіз ризашылығымыздың белгісі».

Осы атаулы датаға орай мұнайлы аймаққа Оңтүстік Кореядан арнайы делегация келді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-Сик пен консул Тэ Кён Гонды, Қазақстандағы кəрістер ассоциациясының президенті Сергей Огайды қабылдап, Атырау облысы мен Оңтүстік Корея Республикасы арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын айтты. Өткен жылы арадағы сауда айналымы екі жарым есеге өсіп, биылғы сегіз айда 381 млн. АҚШ долларынан асқан. Қазір аймақта Оңтүстік Корея капиталының қатысуымен құрылған 4 бірлескен кəсіпорын жұмыс істейді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

 АТЫРАУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ