«Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы керек. Бұл саладағы жалпы өнім көрсеткіштері облысымыздың республика бойынша бірінші орында тұрғанын айғақтайды, яғни 17 пайызды құрайды. Сөзімді нақты деректермен шегелей түссем, бүкіл Қазақстандағы сояның 97 пайызы Алматы облысында өсіріледі. Жүгері мен қант қызылшасының 64 пайызы, жеміс-жидектің 37 пайызы, көкөністің 25 пайызы, ет өнімдерінің 20 пайызы, сүт өнімдерінің 13 пайызы және жұмыртқаның 23 пайызы Жетісу жеріне тиесілі», деді әкім.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 948 мың гектарды құраса, оның ішінде 17 пайыздан астамы озық технологияларды пайдалана отырып өңделеді екен. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, облыс бүгінде еліміздің қызылша өсіру аймағына айналған.
Биыл егістік ауданы 9 мың гектарға жетіп үлгерген. «Көксу» қант зауыты үшініші жыл өз жұмысын сәтті аяқтап, толықтай жаңартылды. Жылына 300 мың тонна өнім беретін «Ақсу» қант зауыты да осы қатарда.