Екіншіден, мемлекеттік тілі, аумағы мен әлеуеті, әдеті мен ғұрпы қалыптасқан елге айналғанымыз жаһанға аян. Елбасының кезінде айтқан «Әуелі экономика, одан кейін саясат» деген сөзі бар. Біз қазір сол кезеңге келіп отырмыз. Жаңадан тәуелсіздік алған кезеңде еліміздің зиялы қауымы латын әліпбиіне көшу керектігін айтқан болатын. Бірақ ол тұста мұндай ұлы өзгерістің уақыты келген жоқ еді. Арада біраз уақыт өтіп, еліміз жаһандық өзгерістерге бет бұрған кезеңде латын әліпбиіне көшудің реті келді. Өзіміздің шыққан тегімізді дұрыс тану дүниесі бар. Мұның бәрі де өткен тарихымызды білу үшін өте қажет дүние. Латын әліпбиіне көшу арқылы әлі де талай тарихи деректердің беті ашылады деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, латын әліпбиіне көшу арқылы біз өзіміздің ұлттық тілімізді сақтап қала аламыз. Себебі кейде орыс тілін араластырып сөйлейтінімізді өзіміз де байқамай қаламыз. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу тіл тазалығын сақтап қалу үшін өте керек дүние.
Латын әліпбиіне көшу біздің тарихымызға да, жазуымыз мен сызуымызға да үлкен өзгеріс алып келеді. Елбасы айтқан ұлттық код дегеніміздің өзі осындай үлкен өзгерістер болып есептеледі. Келер ғасырларда да біздің мемлекет ізгілікті, бір тілді мемлекет бола береді. Сонымен қатар еліміз өзінің тарихын терең зерделеген, анық таныған ұлы мемлекетке айналады. Енді латын әліпбиіне көшу халықтың, елдің тағдырын тереңнен ойлаған азаматтың жасайтын дүниесі деп білемін. Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме болғанда, расында да әліпбидің түрлі нұсқалары жасалды. Оған үлкен ғалымдарымыз бен айтулы тіл мамандары да түгелдей дерлік атсалысты. Дегенмен Елбасы латын әліпбиінің соңғы нұсқасына тоқтам жасады. Елбасының бұл таңдауы кезіндегі Ахмет Байтұрсынұлының жасаған жобасына өте сәйкес келеді. Бұл енді дер кезінде жасалып отырған тарихи қадам. Мемлекеттің әлеуетін, ұлттың тарихын танытатын маңызды шешім.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
тарих ғылымдарының докторы, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры
Жамбыл облысы
Халықтық шешім оң серпін береді
Біз көптен бері латын әліпбиіне көшуді мақсат етіп келе жатқан елміз. Жыл басында қоғам талқысына салынғалы бері барлық әлеуметтік топтың арасында әртүрлі нұсқаға байланысты алуан түрлі пікір айтылды. Латынға көшуді көпшілік қауым, бүкіл қазақ елі қолдап отыр. Күллі алаш жұртын алаңдатқан басты мәселе, жаңа әліпбидің біздің дыбыстық жүйемізге шақ болуы, төл дыбыстарымыздың дәл бедерленуі еді. Осы мақсат апострофтарда лайықты көрініс табуы үшін мамандар әлі де жан-жақты жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймын. Саяси шешім қабылданғанымен, латын әліпбиін жетілдіру мәселесі осымен тоқтатылды деп арқаны кеңге салып, жайлануға әлі ерте. Өйткені «көш жүре түзеледі» дегендей, бізден бұрын латынға көшіп алған көршілес елдердің тәжірибесінде бұл үдеріс ұзақ уақытқа созылғанын қаперге алғанымыз дұрыс.
Түркі дүниесі елдерімен арамыздағы қарым-қатынасты нығайтамыз деген ниетімізге бұл халықтық шешім оң серпін бермек. Шетелдіктерге қазақ тілін үйрену де оңайырақ болады. Әлемдік қауымдастыққа ең көп тараған әліпбиді тұтыну арқылы дүниежүзілік кеңістікке шығу мүмкіндігіміздің де кеңейетіні шындық. Бүгінгідей жаңашылдық, инновация, жаһандану кезеңінде қазақ тілін латын графикасына көшіру әлемдік коммуникацияға кіруге кең мүмкіндік тудырады.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор