«31 қазан күні Дүниежүзілік банк өзінің әр жылы өткізетін «Doing Business» рейтингінің биылғы есебін жариялады. Ағымдағы жылы Қазақстан 36-орынға ие болып отыр, өткен жылы 35-орын болатын. «Doing Business 2018» баяндамасы кәсіпкерлік қызметті кеңейтуге ықпал ететін және оны шектейтін нормаларға бағалау жүргізетін Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы басылымының сериясындағы 15-шығарылым болып табылады. Аталған зерттеуде 10 индикатор бойынша 190 елдегі бизнес-ахуалдың қолайлылығы деңгейін салыстыруға мүмкіндік беретін сандық көрсеткіштер қолданылып отыр. Қазақстан рейтингте Италия (46), Бельгия (52), Израиль (54), Грекия (67), Түркия (60) сияқты ЭЫДҰ-ның елдерін басып озды. ЕАЭО Кеден одағы елдерінің арасында Қазақстан рейтингте Белоруссия (38), Молдова (44), Армения (47), Қырғызстан (77) елдерінен алда тұр. Сонымен қатар еліміз «Миноритарлы инвесторларды қорғау» индикаторы рейтингінде 190 елдің ішінде 1-орынға табан тіреді. Ал «Келісімшарттарды орындау» индикаторындағы 6-орынмен Қазақстан екі жыл бойы алғашқы он үздік елдер қатарында орналасты. «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша 17-орында. «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторлары бойынша 39-орын, «Кәсіпорындарды тіркеу» 41-орын, «Салық салу» 50-орын, «Құрылысқа рұқсат алу» 52-орын, «Электр желілеріне қосылу» 70-орын, «Несие алу» 77-орын, «Халықаралық сауда» бойынша 123-орынға тұрақтады», деді департамент директоры.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»