– Бір жыл бұрын командаға жаңа ойыншылар жетіспейді деп айтқан едіңіз. Бүгін «Астанаға» есе жібердіңіздер...
– Бүгін командам мінезді екенін көрсетті. Қарсыластарымызға көп соққы жасадық. Ойынның басым бөлігінде допқа иелік еттік. Алаңда жеңіске лайық бір ғана команда болды. Ол – «Маккаби». Бірақ бізге сәттілік жетіспеді. Бұл – футбол. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар қалай аяқталғанын.
– Төрт турдан кейін «Маккаби» Еуропа лигасының топтық кезеңнен шығу мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы өз пікіріңізді білдіріп өтсеңіз.
– Егер алдағы уақытта дәл бүгінгідей деңгейде ойнасақ үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Ойыншыларыма қояр ешқандай кінәм жоқ. Олар өздерін 200%-ға салды. Тек сәттілік біздің жақта болмады.
– «Маккабидің» бүгінгі ойынын ең жоғары деңгейі деп есептеуге бола ма?
– Ең бірінші, бізде жарақат алып, матчқа қатыса алмаған ойыншылардың көп болғанын естен шығармайық. Осының салдарынан бүкіл ауыртпалық негізгі ойыншыларға түсті. Олар өз ұлттық құрамаларының ойыншылары. Бірақ бәрі физикалық тұрғыда дайын емес еді. Жарақат алған ойыншылар емделгеннен кейін біз де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, шабуылдаушы командалардың қатарына қосыламыз. Жалпы айтқанда бүгін шәкірттерім жақсы ойын көрсетті. Кейінірек матчты қайта көріп, талдау жүргізетін боламын. Ал бүгін жақсы ойын көрсеткенімізді тағы бір мәрте айта кетейін.
«Астананы», әсіресе бас бапкері Станимир Стойловты жеңісімен құттықтағым келеді. Ол өте жақсы адам. Қазақстандық ұжым бұдан да биіктерге көтеріледі деп үміттенемін. Ал өзіміз «Славияны» жеңіп, «Астананың» топтық кезеңнен шығуына көмектесу үшін барымызды саламыз.
– Ойыншыларыңызға деген көзқарасыңызды өзгертіп, қатал бапкер болу туралы ойландыңыз ба? Сіз ылғи да өз шәкірттеріңізді қорғап жүресіз.
– Төрт айда 26 ойын өткізгенімізді де түсіну керек. Бұған тағы жарақат алған ойыншыларды қосыңыз. Команданың шаршағанын осыдан-ақ білуге болады. Осыған қарамастан біз жақсы ойын көрсетіп жүрміз. Соңғы екі ойында сегіз гол соқтық. Бүгінгі ойында бар мүмкіндігімізді тиімді пайдаланғанда 3:0 есебімен жеңіске жетер ме едік?! Бірақ бұл – футбол. «Астана» өзін жақсы қырынан көрсетті.
– «Маккаби» енді бар көңілін ішкі біріншілікке бөле ме? Командаға жаңадан ойыншылар қосыла ма?
– Дәл солай. Ал трансферлік жағына келер болсақ, алда әлі екі ай уақытымыз бар. Әзірге ол туралы ешнәрсе айта алмаймын.
– «Астана» бүгін бес қорғаушымен өнер көрсетті. Бұл сіздерге тосын жағдай болды ма? Екі ойында да гол соға алмадыңыздар. Осыған қарап Қазақстан футболы Израильдікінен жоғары деп айтуға бола ма?
– Ұлттық құрамалардың деңгейін клубтық ойындарға қарап анықтауға болмайды. Бірақ Израиль футболы нашар деп айта алмаймын. Иә, «Астана» «Маккабиді» екі кездесуде де жеңді. Дегенмен статистикаға мән беретін болсақ бүгін алаңда бір ғана команданың болғанын байқауға болады. Бұл жерде ұлттық құрамаларды салыстыру орынсыз деп білемін. Мысалы, өткен жылы біз Алматының «Қайратын» жеңген болатынбыз. Осы тұста биыл «Қайрат» чемпион атанады деп ойлаймын. Ал Израиль ұлттық құрамасы Қазақстаннан мықты деп есептеймін.
– Алаңның сапасыздығы сіздерге қиындық тудырмады ма?
– Негізі стадионымызда алаңның сапасы жоғары болатын. Бірақ ойынның нәтижесіне бұл себеп болды деп ойламаймын. Біз негізінен шабуылдаумен, допқа көбірек иелік етумен болдық. Ал «Астана» жалғыз ғана мүмкіндігін тиімді пайдалана білді.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» – Нетаниядан (Израиль)