Есік алдындағы қаз-қатар тізілген самаурындар сақылдап қайнап тұр. Үлкен қазанға ет асылыпты. Арса-арса ағаш қақпақтың арасынан ып-ыстық бу бұрқырайды. Мен әжемнің етегінен ұстап, жан-жағыма жалтақтап қарай беремін. Кенет мал қораның тасасынан шыға келген бір топ бала бізге қарай жүгірді. Ең алдындағы біреуі:
– Е-ей, қараңдар! Қанат келе жатыр! Қанат! – деп қуана айғайлайды. Сол сол-ақ екен, оның соңындағылар да қосылып:
– У-у-у, Қанат! Қанат келе жатыр! – деп шулады.
Содан соң бізге жақындай бере біреуі:
– Жо-о-оқ, ол емес екен! – деді қалт тоқтап.
Әп-сәтте бәрі іркіліп, әлгінің жанына үймелей қалды.
«Ол емес екен... Қанат емес екен...» деп жатыр бір-біріне сыбырлап.
Табан астында жаңағы қуаныштарының су сепкендей басылып, бөтен бала болып шыққаныма таңданып, үрпиісіп қалған сияқты.
Тап сол сәтте мен де өзімнің Қанат болмағаныма іштей өкінгендей болдым...
Нұрғали Ораз,
«Егемен Қазақстан»