Шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің басшылығы, Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы күрес орталығының, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының, өңірлік дін істері басқармаларының өкілдері, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, барлық өңірден ғалымдар, теологтер, дінтанушылар қатысты.
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Е.Оңғарбаев өз сөзінде: «Экстремизммен күрестің басты құралы ретінде ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының тиімділігін арттыру қажет», деді. Ол семинарда алған білімді өңірлердегі арнайы топтармен жұмыс жүргізуде пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры А.Сабдин сотталғандар мен деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту тақырыбында тренинг өткізді.
– Тренингте дерадикалдануды құраушы аргументтеу және контраргументтеу тақырыбы қозғалды. Аргументтеу дегеніміз – дәстүрлі діни танымымызды күшейтетін және қоғамымызда басым болған құндылықтарды растайтын дәлелдер жинағын жасау. Ал контраргументтеу, бұл – теріс діни ағымдардың күмәнді идеяларына жауап беріп, оны жоққа шығару. Бұл екі әдіс радикалды секталардың жетегінде кеткен адамдарды оңалтудың негізгі әдістері. Осы ретте аталған саладағы дінтанушы мамандар және де сарапшылармен теориялық негізде біршама жұмыстар атқару керек деп санаймын, – деді А.Сабдин
Оның айтуынша әлем елдері үшін экстремизм қаупі толықтай сейіле қойған жоқ. Тіпті көптеген елдерде террорлық қауіп-қатерлер күн санап артып келеді.
– Уақыт өткен сайын діни экстремизм кеңінен қанат жаюда. Оған дәлел, жат ағымды насихаттаушы ұйымдар мен топтардың өз аумақтары, ресурстары қалыптасқан. Олар өз мақсаттарына жету үшін заманауи технологиялар мен әлеуметтік желілерді қолданады. Идеологияларын насихаттайтын әдістемелерін жетілдіріп, қысым жасауға шақырады. Бұл ретте саясаткерлер мен зерттеушілер лаңкестікке қарсы соғыс тек уақыт ұзартқанын, оның пайдасына қарағанда зияны көбірек болғандығын мойындады. Осы орайда экстремистер мен діни радикалдарға арналған дерадикалдану және әлеуметтік оңалту бағдарламасы қолға алынуда. Оның әлем деңгейінде нәтижесі де жоқ емес, ̶ деді сарапшы.
Бүгінде діннің қоғам алдындағы, өмірдегі рөлін белгілеп, нақтылау айтарлықтай маңызға ие болып отыр. Бұл жөнінде Алматы облысы Алакөл ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов: «Бәсекеге бәс тігіп, Қазақстанның кемел келешегі мен баянды болашағын қалыптастыруда Елбасының Жарлығымен бекітілген, аса маңызды стратегиялық құжат саналатын «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аталған саланың дамуына темірқазық болмақ. Бұл құжат азаматтардың құқықтық ар-ождан бостандығын қамтамасыз етіп, елімізде тіркелген діни бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауда. Сондай-ақ мемлекет пен дін арасындағы жүйені қалыптастырып, қарым-қатынастар мен көзқарастарды айқындайды», деген ойын білдірді.
Жиынға қатысқан мешіт имамдары және дін істері бөлімінің мамандары діни сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай шаралардың берері мол екенін атап көрсетті.
Екі күндік семинар барысында ақпараттық-түсіндіру тобы қызметінің түйткілді мәселелері бойынша пікір алмасулар өтті. Өзекті мәселелер анықталды. Шара соңында дін істері және азаматтық қоғам министрлігі атынан өңірлік дін істері басқармаларының белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»