Бүгінгі таңда облыс орталығында 78 орта білім беретін оқу орны бар екенін ескерсек, солардың арасында №6 мектептің еңсесі биік, мәртебесі жоғары. Қарашаңырақ атанған білім ордасын өзгелерден айрықшалап отырған басты фактордың бірі – ұстаздардың ұлттық тәрбие ұстындарын негізге ала отырып, бүгінгі білім беру моделімен ұштастыра білуінде. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қазақы қалыптан ажырамаған, ұлттық салт-дәстүрлерді білім мен тәрбие беру ісінде ту қылып ұстай білген ұлағатты оқу орны. Аталған оқу орнынан белгілі тұлғалар түлеп ұшты. Олардың қатарында Жансен Кереев, Ким Серікбаев, Істай Мәмбетов, Рабиға Сыздықова, Бәкір Тәжібаев, Ерлан Карин секілді елге еңбек етіп жүрген азаматтар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында №6 қазақ-орта мектебінің базасында тәжірибе ретінде «Елім-ай» бағдарламасы жүзеге асырылды. Осы атаумен республикалық деңгейдегі әдістемелік орталық құрылып, оның тәжірибесі өзге мектептерге үлгі-өнеге ретінде таратылды. Осы кезден бастап мұнда орта білім беру ісінің білікті жетекшілерінің бірі Зура Құдайбергенованың бастамасымен авторлық мектеп жұмыс істей бастады. Көп кешікпей мектеп өкілдері құрастырған үш бөлімнен тұратын «Өнер әліппесі» оқулығы жарыққа шықты.
Бұдан кейін құрылған «Жас Дарын» атты оқушылардың ғылыми қоғамының да жеткен жетістіктері мол. Сол кездегі мектеп директорының оқу-әдістеме жөніндегі орынбасары Күләш Қоңырбаеваның бағдарламасы кейіннен халықаралық маңызға ие болды. Осы қоғамға мүше болып кірген оқушылардың арасынан республикалық олимпиада жеңімпаздары мен халықаралық ғылыми жобалар жарысының жүлдегерлері шықты.
Ал қазіргі күні қарашаңырақтағы оқу-тәрбие үдерісінің жай-күйі қандай деген мәселеге келсек, мектеп директоры Шолпан Жанғалиеваның айтуынша, бұл көрсеткіш өңірдегі барлық мектептер бойынша жасалатын көп қырлы әрі көп бағыттағы мониторингтік талдаулардың қорытындыларына сай белгіленбек.
1936 жылы оқу орнына белгілі кеңестік маршал Климент Ворошилов келіпті. Сол-ақ екен, көп кешікпей мектептің атауы оның есімімен аталады. 1995 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес, мектепке Ғұбайдолла Ақтаевтың есімі берілген. Ол кісі қатардағы математика пәнінің мұғалімі, директоры болып қызмет етіп, педагогикалық қызметінің 37 жылын осы мектеппен байланыстырған елге сыйлы, біліктілігі мол, көзі тірісінде биік парасат иесі бола білген екен. Біз оқу-тәрбие үдерісімен танысу сәтінде газетіміздің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған әріптесіміз, марқұм Әмір Оралбайдың Ғұбайдолла Ақтаев жөнінде «Ұстаз ұлағаты» деп аталатын мақала жазғаны жөніндегі дерекке де тап болдық. Кейін осы мақала аталған мектепке Ғ.Ақтаевтың есімі берілуіне үлкен қозғау салыпты.
Қазіргі кезде мектептің материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту мәселелері мен қосымша сабақтар беру тәртібі мен көлемін ұлғайту жолдары қарастырылып отыр. Қалай дегенде де мектептегі білім сапасы деңгейін одан әрі көтеру тәсілдерін жетілдіре бермекпіз, дейді Шолпан Серікбайқызы.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ