Өзара түсіністік жағдайында өткен кездесу барысында Қазақстан мен еврей қауымдары арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, этносаралық қатынастар саласындағы саясатты іске асыру, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
ҚХА Төрағасының орынбасары меймандарды Ассамблеяның құрылымы туралы әңгімелеп, оның конституциялық мәртебесі бар орган ретінде саналатынынан да хабардар етті. Оның атап өтуінше, 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі және еліміздің жоғары оқу орындарында 33 ҚХА кафедралары жұмыс істейді. «Бүгінде 1338 этномәдени бірлестік қызмет етіп келеді, олардың 29-ы республикалық деңгейдегі бірлестіктер, – деді Д.Мыңбай. – «Достық» үйлері және ұлттық театрлар да жұмыс істеуде. Оның үшеуі академиялық театрлар. Осының барлығы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық ынтымақ пен татулыққа ерекше көңіл бөлетінін білдіреді».
М.Левин алдымен өзі жетекшілік ететін құрылымның қызметімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл ұлттық коалиция КСРО тарағаннан соң өз тәуелсіздігін алған елдерде және Шығыс Еуропа мемлекеттерінде тұратын еврей қауымдарына қолдау көрсетумен айналысады. Бүгінде олардың көпшілігімен байланыс орнатқан. «Қазақстандағы еврей қауымдары Президент, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан нақты қолдауға ие болып отырғанын көріп отырмыз», деді М.Левин.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»