Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Ұлт болашағы үшін қызмет

1070 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала – жарқын өмірдің бастауы, ұлт болашағы. Кез келген мемлекеттің өміршеңдігін білдіретін де өсіп келе жатқан ұрпақ денінің саулығы, күтімі. Сондықтан да ана мен бала денсаулығы әрқашан басты назарда. 85 жыл бойы кішкентай балақайлардың денсаулық күзетінде тұрып, талай ата-ананың алғысын алып, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының мерейлі мерекесіне республикадағы жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагер-дәрігерлер мен орталықтың серіктестері мен әріптес-достары келді.

Ұлт болашағы үшін қызмет

Негізі сонау 1932 жылы Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу институты болып қаланған аталмыш орталық бүгінде кәсіби тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекемеге айналып отыр. Ол тек емдеу мекемесі ғана емес, білігі мен білімі ұштасқан кадр­ларды әзірлейтін білім беру базасы, сонымен бірге Қазақстандағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады.

Орталықтың мақ­саты – инновациялық технологияларды және медицина ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып, Қазақстандағы балалар денсаулығын сақтау және нығайту, балаларға сапалы ме­­­ди­­ци­налық қызмет көрсету. Бүгінде ор­­­та­­лық әлемдік озық клиникаларда түр­лі та­ғы­­лым­дамалардан өткен кәсіби кадр­лар­мен жасақталған. Мекемеде ең­­бек ететін 700-ден астам қызметкердің 147-і дәрі­гер, 1-еуі академик, 20-сы ғылым докторы жəне 27-сі ғылым кандидаты. Он­­да елі­міздің барлық өңірінен келетін 18 жасқа дейінгі балаларға тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында меди­­ци­налық көмек көрсетіледі.

Мұнда туа біт­кен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, сондай-ақ балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейтін хирургия, неонатология, онкология және гематология, соматика, пульмонология, кардиоревматология, балалар кардиохирургиясы жəне интервенциялық кардиология, нəрестелердің жан сақтау бөлімі сынды 25-тен астам бөлім бар.

Салтанатты жиынды ашқан Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Риза Боранбаева орталықтың негізі қаланған кезден заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жарақталған қазіргі ғылыми орталыққа дейін дамыған үлкен тарихы бар екеніне тоқтала келіп, «Біз барлығымыз осындай орталықта жұмыс істеуге мүмкіндігіміздің болғанын және педиатриялық қызметтің негізін қалаған ұстаздарымыздың ісін жалғастыру жолындағы үлесімізді мақтан етеміз, деп өздері қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.

Ал мерейтоймен құттықтау­шылар­дың бірі академик Төрегелді Шар­манұлы «Ғылыми орталық – ұлт денсаулығына қамқорлықтан туған үлкен ұжымның бірі. Кезінде Камал Сәруарұлының бастамасымен ана мен бала денсаулығын жеке-дара бөлініп, педиатрия ғылыми-зерттеу институты өз алдына отау құрды. Бұл – халықтың арманы еді. Ал бүгінде елімізде балалар денсаулығының қызметі еселеп өсіп келеді. Ол жетістіктер 85 жыл бойы осы орталықта тер төгіп, еңбек еткен есімдермен тікелей байланысты. Олардың әрқайсының еңбегі ерекше, қосқан үлестері зор. Сондықтан да бүгін ғылыми орталықты қадірлеп, мәртебесін биіктететін мереке болып жатыр» десе, осы орталықты 1981 жылдан қолға алып, он үш жыл басқарған балалар хирургиясының атасы К.Ормантаевтың да айтары аз болған жоқ.

– Өткенсіз бүгін жоқ. Ол кезде ғылы­ми институт Орманов көшесіндегі шағын мекемеде орналасқан. Осында басшылық қызметке келген соң Димаш Ахметұлының қабылдауында болып «Ғылыми институт болған соң шетелден қонақтар келеді, кішкентай ғана ғимараттың айналасында толған ит пен мысықтың жүргені ұят қой...» деп айтып едім, көшелі кісі ғой, бірден сөзге келмей Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы К.Аухадиевке хабарласып, сол кезде салынып жатқан облыстық аурухананың ғимаратын институтқа беруді тапсырды. Сөйтіп іргетасын бірге қаластық. Бүгінгі орталық жұмысына көңіліміз толады. Орталықтың болашағы зор», деді Камал Сәруарұлы.

Шара аясында орталықта ұзақ жылдар қызмет атқарған, ел болашағы – балалар мен нәрестелерді емдеп, ұлт денсаулығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан қызметкерлер мен ардагер-дәрігерлер марапатталды.

 

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»