Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Ақмола өңіріндегі туризмнің тартымды тетіктері қарастырылуда

550 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ақмола өңірінде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан Шучье-Бурабай курорт­ты аймағын дамытудың үшін­ші кезеңіне арналған жос­пар қабылдануы мәселенің ал­ға жылжуына ерекше екпін бере­ді. Бұл жөнінде арнайы брифинг өткізген Ақмола облысы әкімі­нің туризм мәселелері жөнін­дегі кеңесшісі Марат Иға­лиев және облыстық туризм басқармасының басшысы Шы­нарбек Батырханов мәлім етті.

Ақмола өңіріндегі туризмнің тартымды тетіктері қарастырылуда

Жалпы, осы кезге дейін жан жақты зерделеніп қабылданған «Four Seasons» жобасы өңірге туристер­ді тартуда өзінің нәтиже­сін бере бастаған. Жоба аясын­­да жазғы мезгілде дәс­­түрлі халықаралық «Бурабай-2017» желкенді рега­ты да өткізілді. Оған Қазақ­станның ғана емес, сонымен қатар Ресей­дің Екатеринбург, Омбы қ­ала­лары мен өзге де өңір­лерінің спортшылары қа­тысты. Тамыз айында облыс әкімдігі қолдауымен Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз А.Винокуровтың қатысуымен өткен қайы­рымдылық веложарысы да Бурабай курортты айма­ғына ерекше назар аударатыны белгілі.

Шараны өткізу нәтижесінде 150 миллион теңге жиналса, бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету орталығына медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталды. Сондай-ақ соңғы жылдары Бурабай курортты аймағы шетелдік меймандарды да қызық­т­ы­ра бас­тапты. Әсіресе, атқа мініп, серуендеуді ұнататындар қатары көбейіп келеді екен. Олардың арасында Ресей, Түркия, Бразилия және өз­ге де елдердің азаматтары көп­теп кездеседі.

Таза ауа аясында серуен құрушылар мотоциклдермен де саяхаттап жүретіндігін брифинг өткізушілер ерекше атады. Тарқатып айтқанда, «Elikti Park» тау шаңғысы базасында байкерлердің слеті өтіп, оған Қазақстан­нан өзге Ресей, Украина, Бела­русь және Балтық жаға­лауы елдерінен де келіп қаты­сып­ты. Маңызды оқиға­лар­дың бірі ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған голф-клубының жұмыс істей бастауы да қал­талы туристердің келуіне өзін­дік үлесін қосатын болады. Осындай оңды іс-шаралар арқылы туризм саласындағы бизнесті қолдауға жағдай жасалуда.

Қысқы туризмге дайындық қазірден қолға алынып, іс-шаралар жоспары түзілді. Әсіресе «Қысқы ертегі» жобасын іске асыру арқылы демалушылар­дың көңіл көтеруіне ерекше маңыз беріліп отыр. Халық­аралық конкурс арқылы қысқы қалашықтың салынуына үздік суретшілер, дизайнерлер, мүсіншілер мен өзге де шығармашы­лық өкілдері тартылады деп кү­тілуде. Ертегі қалашығы 3 ай қатарынан меймандарды қабылдамақ. Сонымен қатар «Әкем, анам, мен – спорттық отбасымыз» атты фестиваль ұйымдастырылып, «Санта Клауста қонақта болғанда» атты балалар бағдар­ла­ма­лары көпшілік назарына ұсынылады.

Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Ш.Батырхановтың ай­туынша, мұндай жобалар­ды жүзеге асыру арқылы қазақ­стандық және шетелдік туристерге Бурабай курорт­­ты аймағы тартымды бола түсе­ді. Нәтижесінде қызмет көрсе­ту көлемі өсіп, салық түсімі ұлғайып, туристік саланың дамуына өзіндік үлес қосады. Тағы бір белгілі болғаны, қазіргі кезде Көкшетау қа­ласы­ның әуе­жайы мен ресей­лік Омбы, Түмен, Ека­те­рин­бург, Челябі және Сур­гут қа­­ла­­­­ларымен тікелей әуе қаты­­на­сын орнату туралы ке­ліс­­­сөздер жалғасуда. Ақ­мо­­ла облысы әкімінің туризм мәселелері бойынша ке­­ңес­­шісі М.Иғалиев қосым­ша рейстердің ашылуы­мен ре­­сей­лік туристердің Ақмо­ла об­л­ысына көптеп келуі­не жағ­дай жасалатынын жеткізді.

 

 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы