Аймақтар • 03 Қараша, 2017

Немқұрайлықтың зардабы

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан аттай үш-төрт жыл бұрын «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры Түркістан қаласының іргесіне келіп, тізгін тартқанда салтанатты шараға қатысқан едік. Сол жиында Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақсақал сөз алып, «Енді жақын арада қалаға газ кіреді. Әйелдеріміз қи арқалап, көмір жаққаннан құтылады» деп тілек айтып еді. 

Немқұрайлықтың зардабы

Алайда түркістандық қыз-келіншек­тер қап арқалап, қыр асып, тезек термесе де, көмір жағудың қиындығынан әлі құтыла алмай келеді. Көгілдір отын қала іргесінен ішке кірді. Талап бойынша әр отбасы ақшасын төлеп, келіп тұрған газ құбырын үйіне тартуы керек. Обалы не, тұрғындардың дені газ тартуға керек қондырғыларды сатып алған. Алайда көгілдір отынды кіргізіп беретін жауапты мекеме мамандары бұл бөлшектер жарамайды деп тартынып отыр.

Түркістанда елдің сөзін сөйлеп, биік мінбелерде проблемаларды көтеріп жүретін белсенді Рақым Тәңірбергенов деген азамат бар. Облыстық мәслихаттың депутаты. Сол Рақаң қала тұрғындарына «Керек бөлшектерді сатып алыңдар, үйімізге газ кіргізіп алайық» деп бастама көтерген.

Тұрақты комиссияда өткен отырыста Рақым Тәңірбергенов осы мәселені қайта көтерді. «Газ қосатын мекемелер қандай құрылғы, есептегіш құрал қажет екенін айтпағандықтан енді тұрғындардың алғанын жарамсыз деп айтып жатыр. Халық осы үшін қанша шығындалды, енді олардың қаржысының өтеуін кім төлейді?» дейді.

Бұл жағдай басқа аудандарда да орын алуда. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ көгілдір отынды көше-көшеге тартып берген. Газды үйге лицензиясы бар мекемелер қосып береді. Бірақ шығынын әр үй өзі көтеруге тиіс. Кезінде келісім-шарт болмағандықтан сатып алынған бөлшектердің дені жарамсыз болып жатыр. Бұл түйткілді мәселеге кім нүкте қояры әзірге белгісіз.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2021 жылға қарай халықтың 95,5 пайы­зы газбен қамтылады. Бұл меже 2017-2021 жыл­дарға арналған облыстың елді ме­кен­дерін газдандырудың жос­пары негі­зінде жүзеге асады. Бұл тура­лы облыс әкім­дігінде өткен кезекті мәжі­ліс­те об­лыстық энергетика және тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқар­масы­ның басшысы Марғұлан Марайым баяндады. 

– Жалпы, облыс халқы жылына 1,1 млрд текше метр табиғи газ тұтынады. Оның 840 млн текше метрі қыс маусымында, ал 293 млн текше метрі жаз мау­сымында пайдаланылады. Біздің өңір табиғи газбен 3 бағыт арқылы қам­та­масыз етіледі. Олар Өзбекстан Респуб­ликасының «Газли-Шымкент» және «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары, отандық «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры, Түрікменстан Республикасының «Қазақстан-Қытай» транзиттік магистралды газ құбыры, – деді Марғұлан Марайым. 

Газ құбырын тартуда қиыншылық­тар да бар екен. Басқарма басшысы Шымкент қаласы аумағында 509 нысан газ құбырларын қорғау аймағы шегін бұзып орналасқандығын айтады. Бұл өз кезегінде сол маңда орналасқан ғимараттар мен тұрғындардың өміріне елеулі қауіп туғызып отыр.
Мәжілісте сөз алған облыс әкімі ең бірінші кезекте жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тағы да пысық­тап, төтенше жағдайлардың орын алмауына мән беруді айтты.

– Шымкент қаласының қысқы мау­сымға дайындық жұмыстарын толық қадағалауда ұстау керек. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға мән берген жөн. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы 8 қаңтарда газ жүйесіндегі ақаудан жарылыс орын алған-ды. Ал енді алдымызда қыс келе жатыр, осыған орай басқарма және әкімдік бірлесіп, автоматты жылыту жүйелері орнатылған тұрғын үйлерге түгендеу жұмысын жүргізсін. Екіншіден, газ құралдарының қауіпсіздігін тексеретін техникалық инс­пекция құрылуы тиіс, – деді әкім.

Облыс әкімі Сарыағаш, Мақтарал, Төлеби аудандарында бірқатар мектеп­тердің жылу жүйесі газға ауыспағанын айтып, бұл бойынша аудан, қала әкім­д­ік­терінде арнайы комиссия құ­рылып, жұмыстың орындалуын бақы­лауды тапсырды.

Облыста жылу беру маусымына дайындық жұмыстары сәуір айынан басталған. Аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың мәліметіне сәйкес барлық дайындық жұмыстары 100 пайыз орындалып отыр. Оның қан­шалықты растығы қылышын сүйретіп қыс келгенде байқалады.

 

 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы