«Латын әліпбиіне көшу – «Рухани жаңғырудың» үлкен бағыты. Әрине, қазір диграф пен апострафқа байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл – өте маңызды. Осындай пікірталастардың болғанына біз қуануымыз керек. Бұл – қазақ қоғамының, әсіресе жастардың өз болашағына, өз тағдырына бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Елбасының қабылдаған шешімі – саяси шешім. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Латын қарпіне көшу ұзақ уақытқа созылатын тарихи процесс.
Латын қарпіне көшуге байланысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылады. Осы комиссия құрамына мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, қоғам белсенділері, саясаттанушылар, тағы басқа да сарапшылар міндетті түрде енеді. Содан кейін қазіргі уақытта қоғам тарапынан айтылып жатқан пікірлер-ұсыныстар ескеріліп, ортақ байламға, ортақ мәмілеге келеміз деген ойдамын. Латын қарпіне көшу қазақтың руханиятын, төл мәдениетін сапалы деңгейге жеткізеді. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі барлық технологиялар латын қарпінде. Егер біз латын қарпіне өтетін болсақ, қоғамдық санамыз, әлеуметтік санамыз өзгереді», – деді саясаттанушы.
Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері, белгілі журналист Ермұрат Бапи латын қарпіне көшу әлемдік өркениеттен қалмау жолындағы қадам, бұл келешек үшін қажет дүние екендігін айтты. Және бұл мәселеде асығыстық танытпай, байыппен қараудың маңыздылығына тоқталды. Латын қарпіне көшеміз. Бұл келешек ұрпақ үшін керек. Дегенмен қазір латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты әртүрлі пікірлер, ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрін ескеру керек. Апостроф мәселесін, қаріптің психологиялық мәселесін, әріптердің үндестік заңына сәйкес келетіндігін, бәрін мұқият қарастырғанымыз жөн. Біздің тілдің құдіреті мен қасиетін сақтайтын қаріптердің дұрыс дыбысталуына мән беруіміз керек. Арнайы комиссия осының бәрін шешеді, бір жүйеге келтіреді деп ойлаймыз. Латын қарпіне көшу мәселесінде жастар белсенділік танытып, өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатыр.Бұл бізді қуантады. Қоғамды жаңғыртуға жастар да өз үлесін қосуы керек», – деді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН