Осынау тағылымды шешімді қолдау мақсатында бір топ оңтүстікқазақстандық зиялылар Елбасының атына арнайы хаттар жолдауда. Солардың бірін Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев те жолдады.
«Құрметті аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз өткен аптада қазақ мәдениеті мен руханияты үшін талай уақыт-тан бері қоғам талқысында жүрген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тағылымды шешім қабылдадыңыз. Күн тәртібіндегі мәселені ғалымдармен, сала мамандарымен ақылдасып, көпшілік мақұлдаған жаңа әліпбиді бекітіп бердіңіз», – дейді өз хатында Орынбай Рахманбердиев.
Дәл осындай қолдау хатын ІV, V шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов та жол-дапты. Онда: «Ғаламдық бәсекенің тәуекелділігін дұрыс пайымдап, қазақ тілін латын графикасына көшіру жөнінде тарихи шешім қабылдадыңыз. Бұл байтақ Қазақстан үшін тағдыршешті қадам болды. Біз әліпбиді ғана емес, қоғамдық сананы, жалпыға ортақ ойлау жүйесін трансформациялау бойынша шешім қабылдадық», делінген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына облыстағы бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің де басшылары қолдау хатын жол-дады. Аталған хатта облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочоришвили, корей этномәдени орта-лығының төрайымы Р.Пак, татар-башқұрт бірлестігінің басшысы А.Мухамедова, грек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Д.Сидиропуло, иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Н.Капар-Пур, күрді этномәдени бірлестігінің басшысы А.Надиров, ұйғыр этно бірлестігінің жетекшісі Г.Темирова, тәжік этномәдени орталығының басшысы Ю.Султанов, неміс этно бірлестігінің жетекшісі И.Бахман, түрік этномәдени орталығының басшысы Л.Асановтың қолы қойылған.
Елбасы Жарлығына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студент жастары «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады» деген арнайы үндеу жариялады. Онда: «Қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өр-кениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз» делінген.
«Егемен-ақпарат»