Мұны айтып отырғандағы себебіміз, 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданған болатын. Енді міне, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл өткен ХХ ғасырдың небір нәубеттерін көп көрген, заманның соқтықпалы да соқпалы жолдарынан өтіп, мың өліп, мың тірілген бүгінгі тәуелсіздік заманында өмір сүріп отырған қазақ деген халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанған күн!
Латынша оқу да және латынша жазу да біздің халқымыз үшін жат еместігі дау тудырмайтын мәселе. Латын әліпбиінің пайда болып, қолданылып келе жатқандығына жалпы үш мыңдай жыл болса, сол латыншаңды, яғни латын әліпбиі үлгісіндегі жазуды біздің халқымыз 1929 жылдан бастап, 1940 жылға дейін қолданып келген-ді. Сол 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданып, біз сол үрдіспен күні бүгінге дейін жүріп келеміз.
Ендігі арада әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру еліміздің және өз ұрпағымыздың болашағы үшін және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығы басы ашық басты мәселе екендігі барша қазақстандықтардың санасына сіңді ғой деп ойлаймын.
Латын графикасына көшу мәселесі бір күнде ғана туындаған жоқ. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес.
Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», дегені бар-ды. Міне, содан бері бұл мәселе қазақстандық қоғамның ұдайы назарында болды десек те артық емес. Тілші-ғалымдарымыз, тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз, барлық қазақстандықтар латын графикасын бүгінгі заманға сай әліпби есебінде енгізу үшін қыруар әрі зерделі жұмыстар жүргізді.
Елбасы өз Жарлығында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету үшін Үкіметке нақтылы тапсырмалар берді. Енді біздің қоғам 2025 жылға дейін латыншаға кезең-кезеңімен көшудің қамы мен әрекетін жасамақшы. Іске сәт, Қазақ елі! Еліміз де тіліміз де мәңгі жасасын!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері