Бейсенбі күні Мадридте өткен сот отырысына Каталония билігінің тоғыз мүшесі келген. Сегізі сол жерде қамауға алынды. Испания прокуратурасы тағы бес адамды тұтқынға алуды көздеп отыр. Олардың арасында аймақтың бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон бар.
Қамауға алынған министрлерге бүлікшілдік, мемлекет қаражатын орынсыз пайдаланды деген айып тағылып отыр. Егер бүлікшілдік кінәсі дәлелденсе 30 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Үкіметтің бұрынғы мүшесі, яғни кәсіпкерлік ісі және ғылым департаментінің басшысы Санти Вилу 50 мың еуро кепілдік арқылы бостандықта қалды. Ол Каталония тәуелсіздігін жарияламас бұрын отставкаға өз еркімен кеткен.
Карлес Пучдемоннан бөлек биліктің өзге төрт мүшесі бейсенбі күнгі сот отырысына қатыспады. Қазір олар Бельгияда. Өз кезегінде Испания прокуратурасы оларды тұтқынға алу жағын қарастыруда.
Пучдемон Брюссельде өткізген баспасөз-конференциясында бельгиялық биліктен саяси баспана сұрамайтынын мәлімдеді. Испаниядан жол жүріп кетуін «қауіпсіздік пен бостандық» қамы ретінде түсіндірді. Мадрид тарапы кейбір мәселелерге қатысты кепілдік берер болса оралуға дайын екенін жеткізді.
Испанияның ұлттық радиосы «twitter» парақшасында Пучдемонның Брюссельдегі дәмханалардың бірінде түскен фотосын жариялады. Бұл уақытта Каталония үкіметінің өзге мүшелері Испаниядағы сот отырысында болатын.
Испания билігі кімдерді қамауға алмақ?
Брюссельдегі жиында Пучдемон әділ сот талқылауына кепілдік бермейінше өзі де, қызметтерінен босатылған өзге төрт әріптесі де Испанияға оралмайтынын айтты.
Efe ақпарат агенттігі Бельгия федералдық прокуратурасы оларды қамау туралы ордер алғаннан кейін ғана бәрін заңды жолмен жүзеге асыратынын хабарлады.
Испания прокуратурасы мына шенеуніктерді қамауға алу туралы ордер сұрап отыр:
Меритчель Серрет, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі;
Антони Комин, бұрынғы денсаулық сақтау министрі;
Луис Пуч, бұрынғы мәдениет министрі;
Клара Понсати, бұрынғы білім министрі.
Мәліметтер бойынша олардың кейбірі сот отырысына видео арқылы байланысқа шығуды сұраған.
Егер Испанияның жоғарғы соты тұтқынға алу туралы ордер беретін болса, еуропалық қамау ордері (EAW) Бельгияның прокуратурасына жіберілетін болады. Өз кезегінде бельгиялық тарап 24 сағат ішінде істің мән-жайын анықтап, нақты бір шешімге келуі тиіс. Егер олар ордердің негізділігіне көз жеткізсе, Пучдемон мен өзге төрт экс-министрді 15 күн ішінде қамауға алуы тиіс. Егер ордерде көрсетілгендер (біреуі болса да) аппеляцияға беретін болса процесс тағы 15 күнге созылуы мүмкін.
Бельгия күдіктілерді тұтқынға алғаннан кейін 60 күн ішінде Испанияға беруі тиіс. Егерде олар құқықтық тұрғыда ешқандай қарсылық көрсетпесе бұл іс алдағы бірнеше күннің ішінде аяқталуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Бельгия тарапы еуропалық ордерден мына жағдайда бас тартуға құқылы: экстрадиция күдіктілердің тиісті құқығына шектеу келтірмейтініне күмән келтірсе, діни, нәсілдік немесе саяси себептерге қатысты кемсітушілікке ұшыраған жағдайда, ордер сұратқан елде әділ сот жүргізілетініне кепілдік бермесе.
«Каталония ұлттық ассабамлеясы» сот шешіміне наразылық таныту үшін қала тұрғындарын көшеге шығуға шақырды.
Каталониядағы жағдайдың тұрақсыздығы кезінде Пучдемонның іс-әрекетін кейбір жергілікті саясаткерлер сынға алған болатын. Сондай-ақ, үкіметтің бес жоғары деңгейлі мүшесіне, оның спикері Карме Форкаделге осыған ұқсас айыптар тағылған болатын. Олардың ісін қазір жоғарғы сот тексеруде. Тыңдалымы 9 қараша күні өтеді.
Айта кетейік, өткен айдың басында Каталонияда тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткен болатын. Алайда Мадрид бұл референдумды заңсыз деп тапты.
Бірақ бұл аймақ арада бірнеше күн өткеннен кейін тәуелсіздік жөнінде декларацияға қол қойып, оны ресми түрде жариялауды кейінге қалдырды. Себеп – Мадридпен арадағы келіссөздерді нәтижелі аяқтау. Өз кезегінде Испания Каталонияның біржақты шешіміне наразылығын білдіріп, конституцияның 155-бабын қолданатынын ескертті. Яғни, өңірдің автономиялығы тоқтатылып, Мадрид тікелей билік жүргізеді.
Нәтижесінде Мадрид 155 бапты қолданып, Каталония билігін таратып жіберді.
Бейсенбі күні Испанияның орталық банкі бұл Каталонияның экономикасына айтарлықтай зиянын тигізетінін хабарлады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»