- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халқымыздың рухани өмірінде ұланғайыр жұмыстар атқарылып жатыр, - деді фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. -Алаш ардагерлерінің кім екендігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, осы өңірден шыққан Халел, Жанша Досмұхамедовтер туралы оқып, еңбектерімен танысқан адам білетіні кәміл. Олар жайлы ақиқат Мұқағали айтқандай, әлі күнге архивтерде шаң басып жатыр. Соны анықтау, зерттеу — жас ұрпақтың парызы. Олар ата-баба құндылықтарын игеру үшін жағдай туғызуымыз керек. Мәселен, бүгінгі өнер фестивалінің де басты мақсаты — осы. Ұрпақ сабақтастығы осыдан басталса керек. Дәстүрлі өнерімізді өзіміз біліп, түйсініп, құрметтеп қана қоймай, оны насихаттап отырғанымыз да жөн. Бүгінгі фестиваль қатысушылары — Алаш арыстарының рухын тірілтіп, жас ұрпақ санасына құюда үлкен жұмыстар жасап жүрген өнер қайраткерлері.
Өнер мерекесін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев халық әні «Баянауылмен» бастады. Айгүл Елшібаева, Жанғали Жүзбаев, Қапаш Құлышева, Жанұзақ Исабаев, Елемес Мағазов, Ұлжан Байбосынова, Еркін Шүкіманов, Гүлмайдан Сүндетова, Аманқос Садықов, Ербол Айтбаев, Асхат Оразов, Клара Төленбаева, Жанаргүл Саркенова, Нұржан Жанпейісов, Рысты Сүлейменова, Қоныс Юсупов, Гүлмира Сарина, Батыржан Мықтыбаев, Ақмарал Ноғайбаева, Еркін Әубәкіров, Айгүл Қосанова, Жәкен Омаров, Армат Исламғалиев, Әзірбай Өскінбаев, Қайрат Кәкімов сынды дүлдүлдер Атырау аспанын ән мен күйге бөледі.
Концерттік бағдарламаны жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіп Алаш арыстары жайлы тағылымды әңгімемен өрбітіп отырды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.