«Астана» 33-турда Оралдың «Ақжайығымен» кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы екі голды да Жуниор Кабананга салды.
Осылайша «Астана» 79 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының 2017 жылғы жеңімпазы атанды. Екінші орынға "Астанадан" бір ұпайға кем жинаған Алматының «Қайраты» жайғасты.
Атап өтерлік жайт, «Астана» осымен футбол біріншілігін төрт рет қатарынан жеңіп отыр.
«Ақтөбе» 2007, 2008 және 2009 жылдары үш рет қатарынан чемпион болып, осыған дейінгі рекордтың авторы болып келген. Қатарынан екі жыл жеңімпаз атанған 4 клуб бар: «Елімай» (1994, 1995), «Жеңіс» (2000, 2001), «Ертіс» (2002, 2003) және «Шахтер» (2011, 2012).
Чемпиондық титул бойынша бес реттен жеңімпаз атанған «Ертіс» пен «Ақтөбе» бірінші орында. Павлодар клубы 1993, 1997, 1999, 2002 және 2003 жылдары, ал Ақтөбе 2005, 2007, 2008, 2009 және 2013 жылдары «алтын» иеленген.
Чемпиондық титул бойынша «Астана» үшінші орында. Клуб төрт «алтынмен» қатар, екі рет «күміс» медаль (2009 және 2013) иеленген. Бірінші орында Ертіс (5+4+6), ал екінші орында «Ақтөбе» (5+3+3).
Бір қызығы, осы біріншілікте «Қайрат» та рекорд орнатты. Ол Қазақстан Премьер-лигасы тарихында үш рет қатарынан екінші орын иеленген алғашқы клуб атанды. Оған дейін екі маусым қатарынан «күміс» алған үш клуб болған: «Қызылжар СК» (1999, 2000), «Атырау» (2001, 2002) және «Тобыл» (2007, 2008).