Футбол • 05 Қараша, 2017

Саян Хамитжанов: Биылғы чемпиондықтың орны бөлек

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов команданың «Ақжайыққа» (2:0) қарсы ойындағы жеңісі және кезекті чемпиондығы туралы ой бөлісті.

Саян Хамитжанов: Биылғы чемпиондықтың орны бөлек

– Премьер-лиганың чемпионы соңғы турда анықталды. Осының арқасында ішкі біріншілік тартысты аяқталды. Бірақ біз командамызға сендік, өз күшімізге сенім арттық. Нәтижесінде лайықты жеңісімізге жеттік. Еурокубоктық ойындардың топтық кезеңіне шығу мен ел чемпионы атану осы маусымдағы негізгі мақсатымыз болған. Ойыншыларды, бапкерлер алқасын, клуб қызметкерлерін, футбол орталығымыздың мамандарын, клубтың Астанадағы, еліміздің өзге өңірілеріндегі, сондай-ақ дүние жүзіндегі барша жанкүйерлерін құттықтаймын!

– Саян Жақсыгелдіұлы, бұл клубтың қатарынан төртінші чемпиондығы. Биылғысы ең қиыны болды деп есептейсіз бе?

– Ең алдымен, бұл есте қаларлық чемпиондық болды. «Астана» қатарынан төртінші рет Қазақстан чемпионы атанып, жаңа рекорд орнатты. Әрине, оңай жолмен келген жоқ. Біріншіден, «Қайрат» әсіресе маусымның соңғы бөлігін жоғары деңгейде өткізді. Бізден бар-жоғы бір ұпайға қалып, басты бәсекелесіміз атанды. Ал екіншіден, біз Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығу үшін бар күшімізді салып келеміз. Екі жақта жарыс жолына шығу командаға оңай емес. Сол себепті ойыншыларымыздың мұндай қиындыққа шыдап жүргеніне алғысымды білдіремін.

– Биыл «Астананың» еурокубокта екі ойыны ғана қалды. Олардың біреуінде жеңіске жетсе көктемгі кезеңге шығуға мүмкіндік бар. Мүмкін деңгейімізді жоғары қойып топтан шығуды мақсат еткен жөн шығар?

– Командамыз биылғы еурокубоктық маусымда көпшілікті таң қалдырып келеді. Оның үстіне маусым бойы УЕФА-ның салған тыйымы бойынша тиісті трансферлер жасай алмағанымызды ұмытуға болмайды. Осындай қиындықтарға қарамастан жоғары дәрежеге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әрине, Қазақстан футболының тарихында алғаш рет еурокубоктық турнирдің топтық кезеңінен өткен команда атануды армандаймыз. Бұл ойымызды жүзеге асыра алсақ, клубымыздың қарқынды дамып келе жатқанының белгісі болар еді. Топтан шығу үшін аянып қалмаспыз. Ал ары қарай бұл деңгейге қаншалықты лайық екенімізді Жаратқан бір өзі анықтайды.

Айта кетейік, «Астана» бүгін Премьер-лиганың соңғы турында Оралдың «Ақжайығын» өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»