Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясында мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік саладағы осындай қылмыстарға қарсы күресті айрықша атаған.
Квазимемлекеттік секторда елдің ІЖӨ 60 пайызы өндіріледі, ал сатып алулар көлемі мемлекеттік сатып алулардан 3-5 есе артық. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басқару қызметтерін атқаратын адамдардың құқық бұзушылықтары осы заңмен жазаланады.
Бірақ осы сектордың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компанияларының ұйымдастыру-бөлу және әкімшілік-шаруашылық функцияларын атқаратын қызметкерлерінің құқық бұзушылықтарының жауапкершілігі аталған заңда қарастырылмаған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен ұсталған мемлекеттік қызметкерлер осы заңның баптарымен жазаланса, квазисектордағылардың осындай қылмыстары бұл заңмен қудаланбайды. Ал Есеп комитеті жыл сайын ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің көптеген заң бұзушылықтарын әшкерелеп жатады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметке квазимемлекеттік сектор саласындағы жымқыру қылмыстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңмен қудалау қажеттілігін бірнеше рет айтып, осы мәселеге байланысты заң жобасын әзірлеу қажеттігін ұсынды. Алайда мұндайдан Үкімет тұрақты түрде бас тартып келеді.
Бірақ «Ақ жол» партиясы фракциясының осы мәселені табанды түрде талап етуінің арқасында ақыры Қаржы министрлігі осы заңның жобасын жасап, үстіміздегі жылдың 12 маусымында тұсаукесерін жасаған еді. Заң жобасы «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сатып алулар мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізулер туралы» деп аталған-тын.
Онда квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жауапкершілігі күрделі түрде қайта қаралған еді. Мысалы, квазимемлекеттік сектордың лауазымды қызметкерлері сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарымен қудаланатын субъектілер қатарына енгізілген. Алайда осы заң жобасы тұсаукесерден кейін жоғалып кетті, ол Парламент Мәжілісінің қарауына түскен жоқ.
Сөйтіп экономиканың аса ірі сегментіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жауапкершілікті арттыра алмай қалды. Соның кесірінен орасан көп қаражатты бөлуде жауапкершіліктің зор емес екенін сезінген шенеуніктер оны оңды-солды шашып, сол үшін тек сөгіс арқалап немесе сыйақыларынан айырылу сияқты жазалармен оңай құтылып жүр.
Біз мұндай тәсілді дұрыс емес деп санаймыз, квазимемлекеттік секторға мемлекеттік экономикалық саясаттың міндеттерін орындауы үшін қазынаның орасан зор қаражатын бөлу міндеті сеніп тапсырылған. Ал егер сектор қызметкерлері оны жымқырумен айналысса, жауапкершілігі де тиісті заңның баптарына сәйкес болуы керек.
Сондықтан біз Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа кезекті рет депутаттық сауал жолдап, квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыратын заң жобасын әзірлеуді ұсындық.
Кеңес АБСАТИРОВ,
Мәжіліс депутаты
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»