OPEC қорымен ынтымақтастық кеңейеді
Алдымен сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Бұл келісім ұзақмерзімді қаржыландыруға, инвестицияларды қорғауға және ынтымақтастықтың икемді шарттарына кепілдік береді.
«Қаралған заң еліміз бен OPEC халықаралық даму қорының арасында ынтымақтастықты дамыту үшін әзірленді. Келісім еліміздің мүддесіне сай келетін жобаларды Халықаралық қордың қаражаты есебінен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қаржыландыру тетіктері жан-жақты реттеліп отыр. Жалпы, заңның мақұлдануы еліміздің инвестициялық ахуалына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Заң нормаларына сәйкес, ОРЕС қоры әрбір жобаны қаржыландырмас бұрын Үкіметке нақты сома көрсетілген жазбаша жобалық ұсыныс жібереді. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан 5 пайызға дейін, жеңілдік кезеңі 6 айдан 24 айға дейін қарастырылып отыр. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін.
Депутат Сәкен Арубаевтың айтуынша, ОРЕС қорынан бөлінген қаржы инвестициялық бағдарламаларға жұмсалып, қатаң бақыланады.
«Бұл заң қаржы тарту көздерінің кеңеюіне, қаржы ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуына, жеке секторға инвестициялар мен технологиялардың келуіне, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының құрылуына, араб елдерінің халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың нығаюына, инвестициялық ахуал мен елдің халықаралық беделінің артуына мүмкіндік береді», деп түсіндірді сенатор.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның нормалары күзет қызметі мен қару айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге, күзет қызметтерін ұсыну сапасын арттыруға бағытталған. Заңның негізгі міндеттерінің қатарында құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының тиімділігін арттыру сияқты нақты бағыттар бар.
«Бұл заңда күзет қызметін реттеу мен қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтуді көздейтін нормалар бар. Сонымен бірге құжатта әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіруге арналған түзетулер қарастырылған. Жаңа нормалар аталған салада мемлекеттік реттеу және бақылау жүргізу тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді мақұлданған заң туралы пікір білдірген М.Әшімбаев.
Сондай-ақ сенатор Советбек Медебаевтың мәлімдеуінше, «Теміржол көлігі туралы» заңында «әскерилендірілген теміржол күзеті» деген ұғым енгізіліп, оның құқықтық мәртебесі бекітіледі.
«Бұдан басқа оған транзиттік теміржол жүк тасымалдарын жүзеге асыруға тартылған терминалдар аумақтарында үшінші тұлғаларға жүктерді және теміржол көлігі объектілерін күзету жөніндегі қызметтерді көрсету құқығы беріледі», деді депутат.
Отырыс барысында айтылғандай, аталған өзгерістермен қатар заңда кадр жұмысында анықталған бұзушылықтар үшін құқық қорғау органдары басшыларының жауаптылығын күшейту көзделген. Сондай-ақ Үкіметке тұрғын үй төлемдерін беру, есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін айқындау жөніндегі өкілеттіктерді беру бөлігінде түзетулер енгізілді. Бұдан басқа, азаматтық және қызметтік қару иелеріне, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарына қатысты қосымша міндеттер бекітілді.
Инвесторлар құқы қорғалуға тиіс
Сенатор Андрей Лукин Үкіметке жолдаған сауалында инвесторлар құқығы бұзылып, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде әкімшілік кедергілерге тап болып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті жобаларды «жоспарлау жобаларына немесе жер санатына сәйкес келмейді» деген сылтаумен инвестициялық келісімшарттарды келісуден бас тартады. Ал мұндай шешімдер қала құрылысы заңнамасына қайшы келеді. Заң бойынша негізгі құжат бас жоспар болып саналады, ал ЕЖЖ-ға түзетулерді инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін де енгізуге болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы заңда көзделмеген талаптар қойып отыр, ал бұл нысандарды пайдалануға беру актілерін тіркеуден бас тартуға әкеліп соғады. Сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің инженерлік желілерге қосудан негізсіз бас тартып, инвесторларды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары тіркелген», деді А.Лукин.
Сонымен қатар сенатор келісімшарттарды бұзу туралы шешімдер көбіне біржақты қабылданатынын алға тартты. Осы орайда, депутат инвестициялық жобалардың орындалуына бақылауды күшейтіп, келісімшарттарды жасасу кезінде инфрақұрылымды нақтылап алуды ұсынды.
Балет және цирк өнері қолдауға зәру
Ал Бибігүл Жексенбай еліміздің мәдениет саласындағы проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, мәдениет елдің рухани, зияткерлік және халықаралық беделін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынына қарамастан, заманауи мамандықтар мен техникалық стандарттарды енгізуден бастап, инклюзия мен жекелеген шығармашылық мамандық иелеріне арналған әлеуметтік кепілдіктерге дейінгі бірқатар бағыт институционалдық деңгейде жеткілікті реттелмей отыр.
«Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет ұлттың рухани коды екенін, ал мемлекеттің өркениеттілік деңгейі оның мәдениетке деген көзқарасымен айқындалатынын атап өтті. Осыған байланысты мәдениет саласын қосалқы бағыт емес, орнықты мемлекеттік дамудың өзегі ретінде қарастыру қажет. Сала өкілдерімен кездесулерде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі уақытта мәдениет саласында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары, мәдени деректер талдаушылары сияқты жаңа заманауи мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген. Астана қаласындағы бірқатар театрда, концерттік ұйымдар мен филармонияларда сахналық жарықтандыру және дыбыс жүйелері ескірген, цифрлық трансляция мен мұрағаттау мүмкіндіктері шектеулі, халықаралық гастрольдер мен копродукцияларға техникалық дайындық деңгейі төмен», деді Б.Жексенбай.
Сондай-ақ депутат мүгедектігі бар азаматтардың өнерге қатысуы, инклюзивті театрлар мен шығармашылық студиялар мемлекеттік саясатпен, тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілмегенін жеткізді. Мәселен, балет және цирк өнерінің өкілдері әлеуметтік, кәсіби тұрғыдан қорғалмаған күйде қалып отыр. Сондай-ақ дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби даму мәселелері де толық реттелмеген.
Осыған байланысты сенатор заманауи мәдени және цифрлық мамандықтарды заңнамалық тұрғыда бекітіп, дирижерлер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер орнатуды, мәдениет ұйымдарына арналған ең төменгі ұлттық техникалық стандарттарды енгізуді ұсынды. Сондай-ақ сенатордың айтуынша, тұрақты қаржыландыру негізінде инклюзивті мәдени ортаны дамытып, балет және цирк өнерінің өкілдеріне арнайы әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау қажет.
Дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмей отыр
Сенатор Айнұр Арғынбекова науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметін жетілдіруге байланысты мәселелерді алға тартты. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді жеткізуде кедергілер өте көп. Әсіресе созылмалы және сирек кездесетін дертке шалдыққан пациенттер өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді уақтылы ала алмай отыр. Ал бұл мәселелер азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне кері әсерін тигізеді.
А.Арғынбекованың пікірінше, мұндай олқылықтар дәрі-дәрмек саясатының жүйелі мәселелерін – импортқа жоғары тәуелділік, тіркеу, баға белгілеу мен сатып алуда кездесіп отыр. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында ұзақмерзімді әрі жүйелі стратегияның жоқтығын көрсетеді.
«Дәрі-дәрмектердің уақытында жеткізілмеуі немесе жекелеген препараттардың болмауы медициналық ұйымдар мен дәрігерлер жұмыс режімінің бұзылуына әкеледі. Мысалы, созылмалы ауруы бар пациент жоспарлы қабылдауға келеді. Ем-дом тағайындалған, алайда қажетті препарат жоқ. Сондықтан дәрігер емдеуге көңіл бөле алмай, ұйымдастырушылық қызметке алаңдап кетеді. Нәтижесінде, «болары болып, бояуы сіңген» жағдайға душар боламыз», деді депутат.
Сенатор дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді мемлекеттің стратегиялық жоспарлау жүйесіне қосып, өмірлік маңызы бар препараттардың кешіктірілмей жеткізілуін қадағалайтын нақты алгоритмдерді әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы тұрақты бөлініп, мемлекеттік сатып алу мәселесінде Денсаулық сақтау министрлігінің рөлін күшейтуді ұсынды.