Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», деп атап көрсеткен еді. Бұл халықтың бірлігіне тікелей қатысты. Халық бірлігін нығайта берудің бір жолы, уақыт сынынан өткені – ұлт өкілдерінің елдің барлық өңірлерінде араласып-құраласып өмір сүруі, барша тараптардағы, барлық деңгейдегі кадрлар арасында Қазақстанның қиыр-қиырынан келген адамдардың болуы. Кешегі кезеңде бұл жөнінен үйренерлік жайлар табылатын.
Мысалы, Созақтың қызының Алматыға оқуға түсіп, институт бітірерде кадрлық сұранысқа сай жолдама бойынша Атыраудың алыс ауданынан шыға келуі, сол жерде жұмысқа тұруы, тұрмыс құруы, балалы-шағалы болуы немесе Қостанайдан оқуға келген жігіттің жолдамамен өз мамандығы қажет етіліп отырған Шығыс Қазақстанға баруы, сол жерде үйленіп, орнығып қалуы қалыпты жай еді. Сондай жағдайда халықтың туысқандығы, бауырмалдығы артады, ұлттың ішкі бірлігі күшейеді. Өкінішке қарай, нарық жағдайында осы жақсы дәстүр үзіліңкіреп қалды.
Жол қаражатының қымбаттығына, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тұрудың қалтаға бататындай қиындығына, гранттардың жетімсіздігіне, тиісінше ақылы оқуға тура келетіндігіне байланысты жастардың басым көпшілігі өздерінің облыстарында оқып, оны бітірген соң өз аудандарына, өз ауылдарына ғана оралатын болып барады.
Мұның өзі Президент атап айтып, қадап көрсетіп отырған алаңдатарлық ахуалға – жершілдік психологиясының дендей бастауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Мәселенің екінші қыры кадрлардың маман ретінде өсуіне, лауазымдық тұрғыдан жоғарылауына қатысты. Министрліктер мен ведомстволарда облыстық құрылымдардан ауысқан, ал облыстық құрылымдарда аудандық деңгейден ауысқан кадрлардың аз екендігі анық. Өйткені ауданнан, облыстан керекті кадрды алдырту оларға облыс орталығынан немесе елордадан пәтер берумен, яғни ол мәселенің қаржылық жағын шешумен тікелей байланысты.
Осы түйін тарқатылмағандықтан қазір жергілікті кадрларды кәсіби шыңдалуға ұмтылдырып тұратын тетіктер әлсіреп барады. Аудандық деңгейдегі қызметкер өзін лайықты танытқан жағдайда облыстық деңгейге ауыса алатынын, облыстық деңгейден Астанаға көтеріле алатынын, жалпы адал жұмыс істеу, жақсы жүріп, жақсы тұру тиісінше бағаланатынын білу арқылы өзін-өзі қамшылайтын болады.
Бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарын грант бойынша бітірушілерді маман қажеттігіне сай тиісті жерлерге жолдамамен жіберу, жолдамамен келген жас мамандарға қажетті қамқорлық жасау, осы мақсатпен «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» сияқты бағдарламаларды жаңа деңгейге шығару, мемлекеттік қызметкерлерді қызметтік пәтермен қамтамасыз етудің заңдық тетіктерін, қаржылық көздерін табу, кадрлар ротациясына жүйелі сипат беру, сол арқылы мемлекеттік қызметке кадр іріктеу мүмкіндігін молайту қажет екендігі күмәнсіз. Осы мәселелерді көрсетіп, Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына сауал жолданды.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты