Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Қаржылық қадағалауға қатысты заң қатаймақ

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты мемлекеттік аудитті іске асыру мен одан әрі жетілдіру тақырыбында өтті.

Қаржылық қадағалауға қатысты заң қатаймақ

Сондай-ақ, отырыс барысында "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңының іс жүзінде орындалу барысы мен қаржылық заң бұзушылықты болдырмауға және оның алдын алуға бағытталған шаралар, бюджеттік тәртiпті арттыруға, мемлекеттік аудит органдарының өзара әрекет етуінде туындаған проблемаларды шешу тетіктерінің жай-күйі талқыланды.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жетекшілік еткен жиында аталған мәселеге қатысты арнайы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халық қалаулыларын аудиттік тексерулердің қорытындысымен таныстырды.

«Бүгінгі таңда салада тиісті деңгейде әдіснамалық негіз қамтамасыз етілді. Есеп комитеті 21, Қаржы министрлігі 15 заңға тәуелді актілерді уақтылы әзірлеп бекітті. Осы жаңа әдіснама бойынша Дүниежүзілік банктің қолдауымен 230 мемлекеттік аудитор оқытылды. Шексіз тексерулерді болдырмау мақсатында аудит объектілерінің тізбелері Есеп комитетімен, тексеру комиссиялары мен және Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетімен өзара келісу арқылы дайындалды. Сондай-ақ, барлық аудиторлық тексерулер нақты мәселеге бағытталып тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жоспарланды. Осылайша, 2016 жылы Ішкі қаржылық аудит комитетінің жоспарлы тексерулер саны 10 есеге, ал 2017 жылы 18 есеге азайтылды (2015 жылы – 3 268 тексеріс, 2016 жылы – 313, 2017 жылы – 183). Сонымен қатар, тексерулерге шектеу қойылатындықтан соңғы екі жылда біз бекіткен жоспар тізбесін кеңейтпеуге тырыстық», деді Б. Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, жоспарлы тексерістердің саны аз болғанымен, олардың нәтижелігі жоғарылаған. Айталық, осы жылдың 9 айының көрсеткіштеріне сәйкес, тексерілген 1,4 трлн теңгенің 40 пайызы бойынша заң бұзушылықтар анықталған көрінеді. Министрдің айтуынша, бұл кемшіліктер рәсімдік емес, 43 пайыздан астамы қаржылық сәйкессіздіктер екен. Соның өзінде көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда 2 есеге артқан.

«Заң бұзушылықтарды алдын ала анықтау, оларға жол бермеу және мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктемені азайту үшін ақпараттық жүйелер деректері негізінде мемлекеттік аудит объектісіне бармай, ішкі мемлекеттік аудит комитетімен және оның аумақтық бөлімшелерімен камералық бақылау жүзеге асырылды. Осы жұмыстың арқасында 2017 жылдың 9 айында бір аудиторға шаққанда мемлекеттік сатып алудың 935 рәсімі тексерілді. Заң қабылданғанға дейін бір ревизор жылына тек 12 тексеру жүргізуді жүзеге асырған болатын. Бұдан басқа, 2017 жылдың өзінде ғана 597 млрд теңгенің, ал 2 жыл ішінде 1 трлн теңгеден артық сомаға заңсыздықтардың алдын алуға мүмкіндігі туды. Ал заңсыздықтарды өз еркімен жойғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен шамамен 30 000 лауазымды тұлғалар босатылды», деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ, тексерулер қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылатынына тоқталған министр, соңғы екі жылда 15 басшы қызметтік сәйкессіздігіне байланысты сөгіс пен ескерту түріндегі жауапкершілікпен жазаланғанын айтты.

Ведомство басшысының атап өтуінше, құқық қолдану тәжірибесі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністері көбінесе құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларда байқалады. Бұл бағытта өтінімдердің үйлеспеу себептері негізінен жобалау-сметалық құжатнамасымен байланысты болып отыр. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында министрлік құрылыс саласында сатып алулар бойынша әлеуетті жеткізушілерге талаптарды жеңілдету тұрғысында тиісті жұмыстарды бастаған. Сондықтан да жақын күндері салалық заң жобаларына тиісті деңгейде түзетулер енгізіледі деп жоспарлануда.

Ал талқылау барысында сөз алған депутат Омархан Өксікбаев болса валюталық бақылауды Үкімет өз қолына алу керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, қоғамдық мүлкімізді еселендіріп, олардың тиімділігін арттырамыз десек, бақылау жүйесін нақтылап, жетілдіріп әрі дұрыс жолға қоя білу қажеттігін ескертті.

«Тағы бір күрделі мәселе – ол біздің валюталық бақылау. Елбасымыз әр елден инвестор тартып, экономикамызға инвестиция салсын деп жүргенде, біз бар қаржымыз бен валютамызды шашып отырсақ, онда елге күлкі болғаннан басқа не қалады. Қазір Ұлттық банктің соңғы есебіне қарағанда, 5 миллиард долларға жуық біздің дебиторлық қарыз тұр. Сыртқа кеткен валюта. Соның жартысына жуығы мерзімінен асып кеткен дебиторлық қарыз. Міне, осы жерде үлкен күмән туғызатын мәселелер жатыр. Мұны кім тексереді? Бүгінгі таңда валюталық бақылауды Ұлттық банктің өзіне беріп қойдық. Ол осы жұмыстардың барлығын реттеп отыратын орган десек те, қазір Үкімет осыдан неге кетіп қалғаны мен үшін үлкен сұрақ. Енді осы мәселені шешетін кез келген сияқты. Үкімет өзіне валюталық бақылауды алу керек. Атап айтқанда, бұл ұсынысты қолға алса, біз осы мәселеде ашықтықты және нақтылықты көрген болар едік», О.Өксікбаев.

Айта кетейік, отырыс соңында депутаттар ел Үкіметінің атына бірқатар ұсыныстар қабылдады. Онда бюджет заңнамасын жетілдіру шеңберінде бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің өлшем шарттарын әзірлеудің тетіктері қарастырылады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»