Жан едім тәуекелге буған белін,
Шүкір, өмір сыйлады думан төрін.
Не құдірет, Мекке емес,
Мәскеу емес,
Түсіме кіреді тек туған жерім...
1997 жылдан Мәскеудегі Жазушылар одағының халықаралық қауымдастығында әдеби кеңесші қызметін атқарып келе жатқан Тұрсынай Оразбаева асқар тауы – Отанына деген сағынышын осындай жүрекжарды сөздерімен жеткізіп жүр.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында республикаға белгілі өнер адамдарын туған халқымен қауыштыруды ойластырған. Мәскеуде тұрса да жүрегін байтақ Қазақстаны жылытып жүретін ақынды елге шақыруының мәнісі осы.
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен шығармашылық кешке жұрт көп жиналды.
Облыс әкімінің орынбасары, әдебиет, поэзия әлемін бір кісідей түсінетін Әли Бектаев Тұрсынай Оразбаеваның шығармашылығы туралы жүрекке жылы тиетін ойларын айтты. Ол ақынның тек еліне ғана емес, халықаралық достық байланыстардың алтын көпірі боп жүргенін жеткізсе, Ұлықбек Есдәулет “Арбаттағы ару” өлеңін оқып, Тұрсынай ақынның елге деген махаббатының нәзік қылын шертті.
Қызылордадан арнайы келген сыралғы құрбысы, ақын Қатира Жәленованың да отты жырын жұрт ықыласпен қабылдады.
Шын ақын елге келгенде кейбіреулердей бақайесеппен келмейді. Тұрсынай кеші соны ұқтырды. Халықаралық “Алаш” және А.Фадеев атындағы сыйлықтардың лауреаты Тұрсынай Оразбаева Саха-Якут Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Саха қазаққа алыс емес, түбі бір туысқан. Сол ағайындар ақынды “біздің қазақ бауырымыз” деп төбесіне көтереді, алақанында мәпелейді. Үлкен бір елдің махаббатына ие болған ақын қыз оңайлардың қатарынан болмаса керек. Сол елден арнайы келген, “Якутия” газетінің тілшісі, ақын-журналист Лидия Петрова саха елінің құрметін арқалап келіпті. Сөз орайында айта кетейік, саха ағайындар қазақтың тағы бір тамаша ұлы, марқұм Қалаубек Тұрсынқұлов ағамызды да қатты ардақтайды.
Тұрсынай Оразбаева Мәскеудегі қызметінен бөлек, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттап жүрген қыздарымыздың бірі. Қазақ фольклорына негізделген “Ұлы дала жырлайды” антологиясын құрастырды. Бауыржан Момышұлының 90, 100 жылдық мерейтойларын Мәскеудегі қазақ диаспорасымен бірге өткізді. Сондай-ақ Мәскеудегі қазақ бауырларымен бірлесіп, қазақтың ардақты перезенттерінің бірі Дінмұхаммед Қонаевтың 100 жылдығын атап өтуге әзірленіп жатыр. Осындай игі іс-шараларға Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің көмектесіп жатқандығын айтады.
Кешке Шымкент педагогика институтының филология факультетінің студенттері “Отаным –махаббатым” және “Жасыл көктем – жасыл шақ” атты екі бөлімнен тұратын қойылым дайындаған екен. Ақын шығармашылығы негізінде дайындалған бұл қойылым сәтті шықты. Ақын кешіне Алматы, Мәскеуден арнайы келген әншілер Зәурехан Құмарбекқызы мен Абылай Оспанов патриоттық әндерді шырқады.
Ақынның бағасын ақын береді. Қазақтың ақиық ақыны Фариза Оңғарсынова әкпеміз Тұрсынай сіңлісі туралы: “Тұрсынайдың құзар шыңнан аққан бұлақтың суындай мөлдіреген поэзиясы о бастан-ақ жырсүйер қауымды бірден елең еткізеді. Оның қыздарға ғана тән нәзік те назды жырлары кейде мұңды, кейде ерке қылығымен жаныңды баурайды, жүрегіңді елжіретіп, өзін жақсы көргізеді”, деген. Бұдан асырып қалай айтуға болады?!
Елінен жырақта жүрсе де жұдырықтай жүрегі Отаным деп соғатын бозторғайдай қыздың шығармашылық кеші осылайша әдемі үйлесіммен өтті.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.