02 Қараша, 2011

“Ән-жырым саған, туған ел!”

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жан едім тәуекелге  буған белін, Шүкір, өмір сыйлады думан төрін. Не құдірет, Мекке емес, Мәскеу емес, Түсіме кіреді тек туған жерім... 1997 жылдан Мәскеудегі Жазушы­лар одағының халық­ара­лық қауым­дастығында әдеби кеңесші қызметін атқарып келе жатқан Тұрсынай Оразбаева асқар тауы – Отанына деген сағынышын осындай жүрек­жарды сөз­дерімен жеткізіп жүр. Оңтүстік Қазақстан облысы әкім­­дігі Тәуелсіздіктің торқалы тойы қар­саңында республикаға бел­гілі өнер адамдарын туған хал­қы­мен қауыш­тыруды ойлас­тыр­ған. Мәскеуде тұрса да жү­регін байтақ Қазақстаны жылы­тып жүре­тін ақынды елге ша­қыруы­ның мәнісі осы. Шәмші Қалдаяқов атындағы об­лыстық филармонияда өткен шығар­машылық кешке жұрт көп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары, әде­биет, поэзия әлемін бір кісідей түсі­нетін Әли Бектаев Тұр­сынай Ораз­баеваның шығар­ма­шы­лығы туралы жүрекке жы­лы тиетін ойларын айтты. Ол ақын­ның тек еліне ғана емес, халық­аралық достық байланыс­тар­дың алтын көпірі боп жүр­генін жеткізсе, Ұлықбек Ес­дәулет “Арбат­тағы ару” өлеңін оқып, Тұрсынай ақын­ның елге деген махаб­батының нәзік қылын шертті. Қызылордадан арнайы келген сы­рал­ғы құрбысы, ақын Қатира Жәленова­ның да отты жырын жұрт ықыласпен қа­былдады. Шын ақын елге келгенде кейбіреулердей бақайесеппен келмейді. Тұрсы­най кеші соны ұқтырды. Халықаралық “Алаш” және А.Фадеев атындағы сый­лықтардың лау­реа­ты Тұрсынай Оразбаева Саха-Якут Республи­ка­сының еңбек сіңірген қайрат­кері. Саха қазаққа алыс емес, түбі бір туысқан. Сол аға­йын­дар ақынды “біздің қазақ бауы­рымыз” деп төбесіне көтереді, ала­қа­нын­­да мәпелейді. Үлкен бір елдің ма­хаббатына ие болған ақын қыз оңай­лардың қатарынан болмаса керек. Сол елден арнайы келген, “Якутия” газеті­нің тілшісі, ақын-журналист Лидия Петрова саха елінің құрметін арқалап келіпті. Сөз орайында айта кетейік, саха ағайындар қазақтың тағы бір тамаша ұлы, марқұм Қалаубек Тұрсын­құлов ағамызды да қатты ардақ­тайды. Тұрсынай Оразбаева Мәскеу­дегі қызметінен бөлек, қазақ әдебиетін ха­лық­аралық деңгейде насихаттап жүрген қыздары­мыз­дың бірі. Қазақ фольк­лоры­на негізделген “Ұлы дала жырлайды” антологиясын құрастырды. Бауыр­­­жан Момышұлының 90, 100 жылдық мерей­той­ларын Мә­с­­­кеу­­дегі қазақ диаспора­сымен бірге өткізді. Сондай-ақ Мәскеу­дегі қазақ бауырларымен бірлесіп, қазақтың ардақты перезент­терінің бірі Дінмұхам­мед Қо­наев­­тың 100 жылдығын атап өтуге әзірленіп жатыр. Осындай игі іс-шараларға Қа­зақ­станның Ресейдегі өкілетті елшісі Зауыт­бек Тұрысбековтің көмектесіп жат­қан­дығын айтады. Кешке Шымкент педагогика инс­ти­тут­ының филология факуль­­тет­інің студенттері “Отаным –махаббатым” жә­­не “Жасыл көк­тем – жасыл шақ” атты екі бөлім­нен тұратын қойылым дайын­даған екен. Ақын шығарма­шы­лығы негізінде дайындалған бұл қойылым сәтті шық­ты. Ақын кешіне Алматы, Мәскеуден арнайы келген әншілер Зәурехан Құмар­бекқызы мен Абылай Оспанов патриот­тық әндерді шырқады. Ақынның бағасын ақын береді. Қазақтың ақиық ақыны Фариза Оңғар­сынова әкпеміз Тұр­сынай сіңлісі туралы: “Тұрсы­най­дың құзар шыңнан аққан бұлақ­тың суындай мөлдіреген поэзия­сы о бастан-ақ жырсүйер қауым­­ды бірден елең еткізеді. Оның қыздарға ғана тән нәзік те назды жырлары кейде мұңды, кейде ерке қы­лығымен жаның­ды баурай­ды, жүре­гіңді елжіретіп, өзін жақ­сы көргізеді”, деген. Бұдан асы­рып қалай айтуға болады?! Елінен жырақта жүрсе де жұ­ды­рықтай жүрегі Отаным деп соғатын бозторғайдай қыз­дың шығармашылық кеші осы­лайша әдемі үйлесіммен өтті. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.