07 Қараша, 2017

«Отставканың» астары

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырғызстанда президенттік сайлау аяқталып, елдің жаңа басшысы белгілі болған соң, көп уақыт өтпей-ақ Қырғызстан парламентінің спикері Чыныбай Тұрсынбеков күтпеген жерден отставкаға кет­ті. 

«Отставканың» астары

Парламент төрағалығына сайлаға­нына бір жарым жыл болған оның отставкаға кетуіне байланысты әртүрлі пікірлер мен болжамдар айты­луда. Бірқатар сарапшылар мұны ел президенті Алмаз­бек Атамбаевтың «тепкісі» десе, кейбір саясаткерлер Ч.Тұрсынбеков тө­рағалықтан өз еркімен кетті деген пікірде.

Қырғызстандық сарапшылардың жасаған болжамдарына қарағанда, Чыныбай Тұрсынбеков Жогорку кенеш төрағалығынан өз еркімен кетпеген сияқты. Оның жоғары лауазымды қызметтен бас тартуына А.Атамбаевтың қатысы бар көрінеді. Сарапшылар бұ­ған себеп ретінде Ч.Тұрсынбеков пре­зиденттік сайлау науқаны басталар қар­саңында Сооронбай Жээнбековтің Қыр­ғызстан социал-демократиялық партиясы атынан сайлауға түсуіне қарсы болғанын келтіреді. Ал осы жылғы шілденің ортасында өткен Қырғызстан социал-демократиялық партиясының съезінде Ч.Тұрсынбеков президенттік сайлауға партия атынан өзі түсуге дайын екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, ол С.Жээнбековті «өз бетінше шешім қабылдай алмайтын саясаткер» деп, намысына тиетін сөздер де айтыпты.

Президенттік сайлау науқанында да, парламенттік сайлау науқаны кезінде де үміткер-кандидаттар бір-бірінен кемшілік іздеп, оны жалпақ жұртқа жария етіп жататыны белгілі. Анау-мынау отырыстарда емес, биліктегі партияның съезінде парламент спикерінің әлгіндей сөздері ел президенті А.Атамбаевқа ұнамауы әбден  мүмкін. Өйткені Қыр­ғыз­стан социал-демократиялық партия­сына мерзімі аяқталып қалған А. Атам­баевтың өзі жетекшілік етеді жә­не ол С.Жээнбеков «өзінің адамы» еке­нін сай­лау науқаны кезінде сездіріп те жүрді. Мүмкіндігінше қолдау көрсетіп отырды. Соның арқасында С.Жээнбеков сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жетті.

Кейбіреулер парламент спикерінің қызметтен кетуі билік басындағы кадрлық өзгерістердің басы болуы мүмкін дегенді айтады. Сондай-ақ қазіргі кезде ел парламенті таратылады деген әңгіме де шыға бастады. Бұл жай айтыла салған сөз емес сияқты. Себебі бүгінде Қырғызстан парламенті депутаттарының басым көпшілігі «Республика-Ата-Жұрт», «Онугуу-Прогресс», «Ата-Мекен» партияларының өкілдерінен тұрады. Бұл партиялар қазіргі билікке оппозициялық бағыттағы саяси ұйымдар және олар халық арасында беделді. Бұған мысал ретінде президенттік сайлауда «Республика-Ата-Жұрт» партия­сынан ұсынылған кандидат Омурбек Бабановтың 34 пайызға жуық сайлаушылар дауысын иеленіп, екінші орын алуын келтіруге болады.

Чыныбай Тұрсынбеков төрағалық орынды босатқанымен, парламент депутаты болып қала беретінін мәлім­деген еді сонда. Оның орнына кім ке­ле­тіні қазірге белгісіз... Ал бүгінде қыр­­ғызстандықтарды «Атамбаевтың жүр­гізген саясатын жаңа президент Сооран­бай Жээнбеков жалғастыра ма?» деген сұрақ көбірек толғандыратындай. Кейбір ақпараттарға қарағанда, бұған дейін Атамбаевтың пікірлеріне құлақ асып келген Жээнбеков енді оның айтқандарына қарсы пікірлер де айта бастапты. Осыдан бірер апта бұрын А.Атамбаев үкіметке Қырғызстан тауар­ларын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Қазақстаннан басқа елдерге сатудың жолын қарастыруды тапсырғаны көпшіліктің есінде. Жаңа президент С.Жээнбеков ЕАЭО елдерімен сауда-экономикалық қатынасты ны­ғайтуға баса назар аударатынын бір емес, бірнеше рет атап өтті.

Қырғызстандық және шетелдік сарапшылардың пікірінше, «ескі» президент пен жаңа президенттің көзқарас-ұстанымдары алшақтап барады. С.Жээн­беков  А. Атамбаевтың жолымен жүрмейтіні, оның айтқандарына құлақ аспайтыны қазірдің өзінде байқалып отыр. Өйткені жаңа президенттің «ес­кі жолмен» жүрмеуіне әддісі жоқ. Қыр­ғызстанды Атамбаев басқарған жылдары елдің сыртқы саясаты нашарлады. Ел­дің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен қарым-қатынасы ушығып кетті. Тіпті, Қытаймен де «сөзге келіп» қалды. Енді осының барлығын С.Жээнбеков қайта ретке келтіруі керек.

Бауырлас көршіміздің ішкі сая­си жағдайы тұрақты деп айта алмай­мыз. Ел аумағындағы әсіресе, Талас облысындағы ахуал қиындау. Сайлау аяқталғанына екі-үш апта өтсе де он­дағы халық тыншымай тұр. Бірнеше мәрте шерулер өткізді, өңірдің бір­қатар белсенділері ел астанасы – Біш­­кекке арнайы келіп баспасөз мәс­лихатын ұйымдастырды. Президент А. Атам­баевқа сайлау науқаны кезін­де айтқан сөздері үшін облыс жұрт­шылығынан және қазақ халқынан кеші­рім сұрасын деген талап қойды.

Атап өтейік, бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған бас көтерулер  алғашында дәл осы облыс­та басталған еді...

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»