– Сонау бір алмағайып заманда, – дейді жазушы ағамыз: – Қазақ пен қалмақ соғысып, ойран-топалаңы шығап жатқан XVIIІ ғасырдың ортасында Баянауыл тауының сілемі мен Ертіс дарияның арасында орналасқан Серектас деген жерде жойқын соғыс болады.
Бұл шайқас негізінен 100 жылдық қазақ-қалмақ соғысының ақыры десе де болады. Бұған дейін ұзақ жыл алысқан екі көшпенді жұрттың шайқасын «бірің өліп, бірің қал» дегендей шығыстан Цинь империясы, батыстан патшалық Ресей көз айырмай қадағалап отырды. Арада бір ғасырға таяу уақыт өткенде, жоғарыдағы Серектас майданы жайлы орыс барлаушысы Н.Путинцев 1881 жылы Омбыда жарық көрген «Хронологический перечень из истории Сибирского казачьего войска» атты кітабында: «Қазақтар қалмақтарды Ертіске жеткізбей аямай қырды. Өз еріктерімен берілгендерді құлдық пен күңдікке әкетті. Өте мол олжаға кенелді», деп жазады.
Қазақ қолы жеңіске жеткен Серектас шайқасы өткен жерді кейін халық «Қалмаққырған» атап кеткен екен. Осы майданда жасы алпыстан асқан Шоқпар батырдың тоғыз ұлы ерлікпен шайқасып бәрі қаза болыпты. Бұл қайғыға шыдай алмай бәйбішесі құсалықтан көз жұмады. Соқа басы сорайып жалғыз қалған Шоқпар батырдың жайын аңғарған, майдан қолбасшысы Олжабай батыр күллі жұртты жинап:
– Ей, халайық, жасы алты мүшелге иек артқан Шоқпар батыр тоғыз ұлынан айырылды. Енді бұл қарт батырдың жалғыз қалуы қиянат. Соғыста қолға түскен қалмақтың ең сұлу, ең жас қызын әкеліп батырға қосыңдар! Одан кейін елдің есендігі, жұрттың амандығы үшін ұлы жорық жолында кіндігінен тараған тоғыз ұлын топыраққа берген Шоқпардың атын ұрпақ жадында сақтау үшін бұдан былай Қызылтаудың сілемі Қарадің шоқысын «Шоқпар адыры» деп атайтын болыңдар! Осы адырдың қойнауындағы құнарлы жер Үшбұлақ қарт батырдың үрім-бұтағына мекен болсын! Түскен олжадан алты түйе дүние бөлінсін, деп үкім шығарыпты.
Күңіреніп орнынан тұрған қарт батырды жұрт қолтықтап апарып, олжадан түскен ақ арғымаққа мінгізіп, көштің басы ақбас атанға қалмақтың хас сұлуын отырғызып, алты түйе жүктің бұйдасын Шоқпар батырдың қолына ұстатады.
Қарт батыр атының басын бұрып, көшінің бетін Үшбұлаққа бағыттайды. Күллі халық күңіреніп шығарып салады. Осы оқиға жайлы Жанақ (Жаңабатырдың Жанағы) ақын:
Шоқпардан жас болыпты барлық батыр,
Елу жыл аттан түспей келе жатыр,
Қалмақ қызын бас қылып олжа беріп,
Қонысы – өзі алған үлкен адыр… – деп жырлаған. Қарт батырдың қалмақ әйелі шұбыртып бала туады. Осы ұрпақ бүгін бір тайпа ел.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»