08 Қараша, 2017

Тілдің тағдыршешті тұғыры

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеке архивімді ақтарып отырғанда 1998 жылы шыққан «Дружба наро­дов» журналының 3-саны шыға кел­ді. Александр Мелиховтың «Па­триот тысячи отечеств» мақаласын оқы­ғанмын. Шындығын айтсам, ма­қала мазмұны намысыма тиген еді. 

Тілдің тағдыршешті тұғыры

«Елі­міздің тәуелсіздік алғаннан кейін же­ке­ мемлекет ретінде дамитынына сен­­­бей­тіндердің бірі ғой. Жаза берсін. Көш­кен жұртта, қирандының үстінде қалғандай тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан аман өттік. Қиындық артта қалды. Он жылда бөлініп кеткен бұрынғы одақтас көп елден озамыз әлі» деп журналды қолжазбаларымның қорабына салып қойғанмын.

Осы мақала тәуелсіздіктің он жылы ішінде жазған мақалаларымның жинағын шығаруға ой салды. 2001 жылы «Ата­мұра» баспасынан «Оттай ыстық он­ жыл» кітабым жарық көрді. Бұл ме­нің Отанымның тәуелсіздігінің он жыл­дығына азаматтық тартуым болды. Содан бері де 16 жылдай уақыт өтіпті. Жуырда мәскеулік журналист А.Мелиховтың мақаласын қай­та оқы­дым. «Ащы да болса қазақ хал­қының, қа­зақ тілінің кеңестік дәуірде өгейден де күні төмен күй кешкенін еш бүркемесіз жазған екен ғой» деп түйдім. 

Бұл жазбасында редакция тапсырмасымен тәуелсіздік алған кіші Отанының тыныс-тіршілігін жазу үшін іссапарға бет алған А. Мелихов жас шағында қазақ жерінде көргендерін бүкпесіз баяндайды. Иә, кеңес заманында түрлі қуғын-сүргін көріп, өз жерінде азшылыққа айналған қазақты қалай мазақ етсе де «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін әже болмағаны шындық. 

1987 жылы қарашада Петропавл қа­­ла­сына «Қазақстан мектебі» рес­пуб­­ли­калық ғылыми-педагогикалық жур­­налының бас редакторы ретінде іс­сапармен барғанмын. «Оқу-тәрбие үдерісін оңтайландыру» тақырыбындағы конференцияға академик Ю.Бабанский қатысатын болып, қазақстандық білім беру саласының басшылары, ғалымдар, танымал ұстаздар жиналды. Журналистер де келдік.

Біз бір күн ерте келгенімізді пайдаланып, қаланың сыртында оқшау орналасқан қазақ тілді жалғыз мектеп-интернатта болып, автобуспен қайттық. Отырғыштар санаулы. Түрегеп тұрдық. Артқы есіктің тұсында екі қыз қазақша сыбырласып сөйлесіп тұрды. Кенет біз жанында тұрған орындағы етжеңді орыс әжей бүкіл денесімен бұрылып, қыздарға «что за гыр-гыр, говорите по-человечески» деп ақырды. Қыздар жым болып, біріне-бірі тығыла түсті. Мына дөрекілікке шыдамай, «әжей (бабуля), қандай тіл – адам тілі, айтыңызшы» дедік. Ажырайып қараған әжей жақтырмаған кейіппен теріс бұрылды. 

Конференцияға Өскемен қаласынан қазақ тілі мен әдебиетінің республикаға мәшһүр мұғалімі Қанипа Бітібаева да қатысқан еді. Ол кейін өзінің «Егіз өрім»­ кітабында бұл туралы былай деп жазды: «Конференция әдеттегідей таза орыс тілінде өтіп жатты. Үзіліс кезінде ... министрліктің ең белді орындарында отырған екі ағатайым келіп «баяндаманы қай тілде жасайсыз?» деп сұрады.

Мен қазақ тілінде жасайтынымды айтып едім, бір өтірігі жоқ, шошып кетті. «Қазақ тілінде жасамайсыз, ұят болады» деді екеуі бұйрықпен. Залда кем дегенде 70 пайыз қазақтар отырғанына пысқырып та қараған жоқ... Орыс тілінде сөйлесеңіз ғана сөз береміз» деп шарт кетті көкелерім. «Жарайды» дедім өтірік келісіп.

Міне, сөз кезегі де келді. Өзімді өзім қайрап, көзге келген жас пен өн бойымды билеп кеткен намыс отын барынша тежеп, мінбеге көтерілдім. «Ке­шіріңіздер, мен Өскеменненмін ғой, бі­рер ауыз орысшамның бар екенін тү­сінерсіздер, бірақ мен баяндамамды ұлы Мұхтардың ұлы тілімен жасаймын, се­бебі оны аударуға шамам келмейді», деп сөйлей жөнелдім... Мінбенің жанында, президиумда отырған ағайларымның «Мынау не деген ұятсыз адам» деген сөзін естіп қалдым. Баяндамамды аяқтадым, мінбеден түсіп, жиналыстан шығып жүре бердім, көзімнен жас құйылып кетті...». 1985 жылы біз осындай бір іссапармен Өскемен қаласында болған едік. Автобус аялдамасында тұрғанмын. Бір орыс әже маған бұрылып, шұқшиып қарай берді. «Біреуге ұқсатып тұр ма екен» деп ойладым. Бір сәтте менің жаныма келді де, қадала қарап: «казашка что ли?» дегені. Мен жайбарақат «да, казашка. Не медведь» дедім. 

Журналист А. Мелихов ұлтымыз көр­ген қорлықты бала күнінен байқап өскенін осы бір өктем мақаласынан көресіз. Осы жазбасының өзінен-ақ қазақтың қазақ болудан қашуына кеңестік отаршылдық саясаттың қазақ халқын, тілін, қазақ мектебін қорлау арқылы жетіп-ақ қалғаны айқын айтылыпты. Тәуелсіздіктің таңы кешіккенде ұлтымыздың тағдыры қалай болып кетер еді?!.

Сондықтан қазақ тілін дамудың жа­ңа даңғылына алып шығудың бір-ақ жолы – латын қарпіне көшу. Бұл – қазақ ті­лінің бойын тіктеп, жаңа тұрпатта жаңғыртудың жолы. Қазақстандықтарды дүр сілкінтіп, рухани жаңғыруға бағыттап, қазақ тілін мәңгілік сақтаудың жолы. Елбасы Жарлығымен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді бастаған тарихи ұлы қадам жарқын болашақтың алтын арқауы болсын деп тілейміз.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
баспасөз ардагері