02 Қараша, 2011

Суретші де, режиссер де, журналист те бір өзі

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай өткізіліп жатқан шаралар тізбегі тағы бір азаматтың көрмесімен толықты. Президенттік мәдениет орталығының «Қасиет» залында суретші, режиссер, тележурналист Жанұзақ Мүсәпірдің жеке көрмесі ашылды. Ол еліміздегі бірнеше телеарналарда сүбелі хабарлар жасап, қазақ теледидарының өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген азамат. Атап айтсақ, «Рахат» телеарна­сында «Ойтолқын», «Ел мүддесі» және «Інжу-маржан», ал «Хабар» арнасында тікелей эфирден берілетін «Көзқарас» бағдарламалары арқылы қазақ халқының зиялы қауымы, ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлерінің шы­ғар­машы­лығы мен ғұмырнамасы туралы тереңнен тартқан хабарлар жасап, ел руханиятына үлкен үлес қосса, режиссер ретінде арғы тарихтағы Құрманғазы, Дина, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл туралы түсірген шоқты­ғы биік дүниелері өз көрерменін таба білді. Сондай-ақ, Жанұзақ Керімбек­ұлының Махамбеттің туылғанына 200 жыл толу құрметіне арнайы түсірілген 8 деректі фильмінен өз ісінің кәнігі шеберінің қолтаң­басын көруге болады. Қазақтың белгілі күйшісі Қаршыға Ахмедияровпен бірге шығармашылық ізденістен туған осы фильмдер «Махамбет» атындағы сыйлық­пен марапатталды. Бүгінде Жанұзақ Мүсәпір «Қазақ­стан» РТРК» АҚ ақпарат­тық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры ретінде тәуелсіз Қазақстанымыздың саяси-экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өмірінде бо­лып жатқан оқиғаларды көпші­лікке жеткізу жолында абырой­мен еңбек етуде. Оның суретшілік қыры да ұзақ жылдар бойы өнерсүйер қауым мен кәсіби ортада жоғарғы бағаға ие болып келеді. Жанұзақ Керімбекұлының бейнелеу өнеріндегі туындылары 100-ден асады десек, көрмеге «Әкем», «Дастархан натюр­морты», «Хан Тәңірі», «Балық­шы», «Көкпар», «Қобыз сарыны» т.б. жұмыстары қойылған. «Хабар», «Рахат» телеарналарында қызмет еткен ол көпке журналист ретінде танымал болса да, көр­меде суретшілігі бір төбе екендігі байқалды. Осылайша көпшілік көрме арқылы журналисті жаңа қырынан таныды. – Ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы тойланайын деп жатқан кезде әрбір қазақ, қазақстандық қа­рап қалмау керек. Бұл суреттерім соңғы жылдарда жазылған жұ­мыс­тар. Бұрын жазылған жұмыс­тар өте аз, 1-2 картина ғана бар. Сондықтан да бәрі бүгінгі күннің көрінісі деп айтуға болады, дейді ол өз көрмесі хақында. Венера ТҮГЕЛБАЙ.