![021111-14](http://old.egemen.kz/2011img/021111-14.jpg)
Сұлулық – тек бет-әлпеттің ғана емес, ол ең әуелі жан-дүниенің әдемілігі, діл тазалығы десем, оған Берік Шаханұлымен «Жазушы» баспасында оншақты жыл қызметтес болған кезде көзім одан әрі жете түсті. Иә, қобыраған қолжазбалармен жұмыс істеу, ол кездегі цензураның қатал талабынан өтетіндей етіп кітап шығару дегенің қияметті шаруа десем, Берік Шаханұлының талай-талай қиын қолжазбаларға тер төккенін біз жақсы білеміз. Әсіресе жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романының кітап болып шығуына айрықша еңбек еткен болатын. Ашаршылық жайлы ащы шындық, нақты оқиғалар жазылған көркем туындының, яғни өткен ғасырдың 1929-1933 жылдарындағы қазақ ұлтының тең жартысын жоқ еткен нәубеттің беті ашылып, жария болуы ол кезде еш мүмкін емес жағдай еді. Романның өткірлігін, фактілерінің құндылығын зердесімен түсіне білген Берік тәуекелге барды. Кітап авторымен келісе отырып, шығарманың біраз жерін сол кездегі жағдайға орай қысқартса да оның жарық көруіне атсалысты.
Иә, мен білетін Берікте кісілік те, тектілік те жетіп, артылады. Олай дейтінім, оның бір адамның бетінен алғанын көрмеппін. Ал әділетсіздікке, қиянатшылдыққа өре түрегелетін кездеріне сан рет куәсі болғаным бар.
Жары Дәріжан екеуі ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған дейтіндей берекелі де, шуақты отбасы. Шығармаларынан да сол шуақтың сәулесі себезгілеп тұрады. Мен Беріктің қаламгерлігін бізі, шегесі, тебені, таспасы орын-орнында сақадай сай тұрған кәнігі етікшіге теңеген болар едім. Олай дейтінім, жазушының әңгіме, повестеріндегі мінсіз көркемдік тәсілдері көңілге қонымды келеді. Сондықтан да прозашы Берік Шаханұлының дүниелеріне тереңірек үңіліп, ол қандай қаламгер, өзге қаламдастарынан артықшылығы неде деген сауалға тоқталып, өз ой- толғамымды білдіре кетсем деймін.
Шіркін, не жазсаң да көңілдің көзінен, жүректің сүзгісінен өткізіп барып жазғанға не жетсін. Ондайда қаламгер өзін де, өзгені де алдамайды. Мен білетін прозашы Берік Шаханұлының таза да талғампаз жазушы екеніне екі томдық шығармалар жинағын оқығаннан кейін көз жеткізе түсесің. Себебі, бұл жинаққа енген шығармалардың дені әңгімелер десем, әр жылдарда, әр кезеңде жазылған олардың әрқайсысы шынайылығымен сүйсіндіреді. Ең ғажабы, оның әр әңгімесінен ауыл исі аңқып, дала қазағының дара болмыс-бітімі, табиғаттай таза мінезі көрініс береді. Осынау күндегі техника, кибернетика, компьютер дегендерің тұрмысымызды жаулап алған заманнан басыңды ала қашқың келгенде, жазушы суреттеген қарапайым бір ауылға барып, тығылғың келеді...
«Жаз ортасы ауып қалған. Жусанды дала қоңырқайланып, шабындық сазға атүсті жалатып өткендей сарғыш бояу араласқан. Шілденің деген шағы. Шөбін шауып алған «Тасқұдықтың» басында шағын ауыл отыр. Шашырай тігілген төрт-бес киіз үйдің бірі – Әбділда қойшынікі». Міне, оның «Есінен кетпес әні екен» әңгімесі осылай басталады. Мұнда ауылкеңес төрағасы, жас жігіт Әбділда мен жаңа келген хатшы келіншек Балайым екеуінің аз күндік сезім сырлары шертіледі. «Ақ құба өңді, сұңғақ бойлы ...мүше-мүшесі сұлу қиысқан солқылдаған балғын денелі» келіншекке Әбділда әуелі назар аудармаған. Орақ науқаны. Кәрі-жас демей колхозшылар егін оруға шыққан. «Бидайдың шығысы керемет. Басын көтере алмай майысып, ырғалып тұр. Жайқалған сары алқаптың үсті бырдай адам. Көбісі қыздар, әйелдер. Ат үстінен қарағанда, әр жерге бір-бірден шаншып кеткен қызғалдақтай қызылды-жасылды. Балайым алдыңғы қатарда жүр екен...»
Енді жазушы орақшылар арасынан алабөтен көрінген Балайымның көздің сұғын алар қалпын былайша суреттейді: «...қызыл ала шыт көйлегінің кеуде жағы терден сығып алардай. Денесіне жабысып, мүше-мүшесін мүсіндей айқындап тұр. Толық түзу балтыры көнелеу көн етіктің қонышымен қоныш болып, тырс-тырс етеді. Басындағы сарғыш орамалын желкесінен бір-ақ байлап, жуан бұрымын түйіп тастаған. Орамал астынан будырап шыққан балаң шаштары тал-тал болып шашырап, ...жұмыр мойнына селкем-селкем жабысып тұр...»
Осынау сұлу көрініске қызыға қараған бозбала ақыры шыдамы таусыла: «Балайым, ...кешке үйіңе барамын», – деп салады. Алайда, «Күйеуі әскердегі келіншекпен әуей болғандығы...» ауданға жетіп, арнайы келген өкіл жер-жебіріне жетеді. Салы суға кете ақыры келіншекке: «Жастықтың әурешілігі екен, Балайым, қосыла алатын емеспіз, кешір мені...» – дейді.
Өмірдің бұралаң жолы екеуін шар тартқан кездерінде құдық басында жолықтырады. «Оның ойына өткен бір оқиға оралды. Көз алдына қос атты арба үстінде артына қарай-қарай ұзап бара жатқан сары орамалды келіншек елестеді. ...Жүрегі сыздап кеткендей болды».
Шығарманың әр жерінен үзіп-үзіп үзінді келтіруіміздің мәнісі, Берік Шаханұлының суреткерлік мәнерін, келісті оймен түйін түйе білетін шеберлігін паш ету еді. Қай-қай әңгіме, новелла, хикаятын оқысаңыз-дағы, автордың қазақы психологияға келгенде алдына жан салмайтындығына тәнті боласыз. Әрине, мен бұл жерде бүгінгі проза жайлы айтамын. Сол секілді «Аяштың «Абайкөгі» әңгімесіндегі сиыршы Аякеңнің сырт көзге сұсты, суық та болып көрінетін жан-дүниесін Берден ғана ұға алады. Берден – қойшы, жас жігіт, екеуі бір қыстауда отыр. «Құм етегінде кең жазықтың қамысақты, төскейлеу бір алаңқайындағы той болатын ауылға бұлар түс ауа бере іліккен. Бұлар таянып келгенде далада жүрген тойға жиналғандар «Оу, Аякең келді! Әй, аттан түсіріңдер, Аяке, мұнда жүріңіз», – десіп абыр-дабыр болып қалысады.
Колхоз бастығы да емес, орта жастан асыңқырап қалған жәй сиыршыны осынша құрметтейтіндей не құдірет. «Аяке, қайсысы дұрыс?» деп ақ-қызылы аралас шөлмектерін де тізіп қояды. «Қой, бізге енді болмайды». Десе де кеу-кеулеген топтың құрығына түсіп қалған ол: «болса, қымыз ішейін» деген. Алайда бір тостаған қымызды сіміріп салғанда, оған арақ қосылғанын да сабазың аңғармаған. Мұның сыры – Аякеңе ән салғызу еді. Ақыр қолқалағасын бірер әнді айтты да. Ауыл әйелдерінің бастаңғысында айтылатын қаражаяу әндер. Құлақ құрышы қанбағандай жұрт ықыласы өзі кезінде шырқаған «Абайкөгінде» жұрт қолқалап қоймаған соң:
– Оған дауыс жоқ қазір... Бір кезде... қазір қайда, – деді ол мұңайып. «Жә, енді қолқаламайық» дегендей отырғандар тым-тырыс қалғанда, бір құрдасы тұрып: «Әй, кілең жесір әйелдерді бір өзі иемденем деп жүріп болдырған ғой, қасқа...» деп салғаны...
Соғыстан кейінгі жұтаң ауылда бір өзі ғана күш-қайрат көрсете алатын жастағы Аякең шынында кілең жесір қалған жас әйелдерге қамқорлығын аямайтын. Біріне отын-суын түсіріп, «...құмның сары жігер сексеуілін қара атанға қайыстыра теңдеп, үстіне бірлі-жарым ет салынған дорбаны байлап...» келін-жеңгелерінің үйіне кезек әкеліп, түсіріп кетіп жүретін. Келе-келе кей үйлердің есігінен таң азанда сырт көзден бүгежектемей шығып жүретінін жұрт байқамай қалған жоқ. Соңыра сол үйлерден нәресте үні де естілген...
Құрдасының қағытып отырғаны осы еді. Жолай Берден көңіліне күпті боп қалған ойын жасырмай:
– Аяке, осы бағанағы «Абайкөк» деген әніңізді айтыңызшы? Сіз сондай бір әнді айтады деп естіген едім, – дегенде, «Әй, сен ит оны тыңдамай қоймассың...» – деп ол көнген ыңғай танытады. Сәлден соң аязды даланы жаңғырықтыра кең тынысты, жүйкені босатып, кісінің жан-дүниесін шым-шымдап, еріксіз баурап әкететін әуелеген ән кернейді.
Жалпы, ән, саз Берік шығармаларының басты тақырыбы десе де болады. «Егіз әуен» әңгімесінде де бір кездегі сырнайына қосылып сыңсыған аққудай әндерін әуелететін Нұркен дейтін кейіпкерінің трагедиялық хал-күйін әсерлі бейнелейді: «Манадан көзге қораш жарбиып отырған қатпа қара шал түлегендей өзгеше түрлене бастады. Жанары оңған шегір көздерінде жылы сәуле ойнап, тершіп, отырған орнында екі жауырыны түлкі алған бүркіттей құшырлана бүлкілдеп, мұз үстінде сырғанағандай лыпып отыр».
Елу жылдық шығармашылық ғұмырында Берік Шаханұлы ауыл өмірі, оның табиғаты мен тұрмыс-тынысы сияқты кең өзекті тақырыбынан бір сәтке де айныған емес. Әйткенмен, бүгінгі кезең тақырыбын да қозғап қоятын кезі бар. «Пойызда кездескен қыз» әңгімесінде іссапарға жиі шығатын қала жігіті – Дәулеттің кездейсоқ кездескен купелес Зылиха атты қызбен арадағы оқиғасы бейнеленген. Иә, сол жолы Дәулет Зылихаға ғашық болып қалады. Ғашық болғаны сондай, сапарын ортан жолдан үзіп, қыз түсетін стансадан бірге түсіп, оның үйіне түнеп те шығады. Алған жары, балалары бар ортан қолдай жігіттің бұл халін біреу ұғынар, біреу ұғынбас. Өйткені, махаббат – дүлей күш, құйындай соқтырады да кетеді. Зылихамен сырласа, мұңдаса келе екеуінің сезім дүниесінің қос әуендей бірге шырқап кететінін, бір-бірін ежелден білетіндей халге түсетінін аңғара келе Дәулет: «Тірі жүрсем, бұл әйел затымен кездеспеуім мүмкін емес екен ғой...» деп ой түйеді.
Сұлудың мысы басып, іссапарға әдейі пойызбен шығып, көзіне отша басылатын стансадан түсіп қалуды дағдыға айналдыра келе, күндердің күнінде өзіне өзі тыйым салмаса, әйелінің де бұған күдігі күшейе бастағанын, балаларының да тосырқай қарайтынын аңғарған ол тосын шешімге келеді: «Осы жолы тек самолетпен ұшамын...» Сөйтеді де. Олай істеу оңайға түспейді, әрине. Алайда қайтар жолында ұшақтың билетін өткізіп, пойызға отыруға тура келген. Оған ауа райының күрт бұзылуы, сіркіреген жаңбыр мен көк тұман себеп болған еді. Әсіресе, пойыздың сол стансада «күйбеңдеп» ұзақтау тұрып алғаны Дәулетті сын сағаттан өткізгендей бір қиын халге түсіреді. Шыдамының да жібі үзілуге шақтап қалғанда көлік жылжыды. «Уһ» деген. Өз арымен өзі арпалысқан осынау шақта әрбір өткен-кеткен пойызға сүзіле қарап ғажайып бір нәзік жанның тұрғанын бар жан дүниесімен сезінген. Ол «Сары белде, аңызақтың өтінде өсіп тұрған жалғыз қызғалдақ еді...»
Оның «Қоңыр бәтіңке» деген шығармасын оқығанда мен Сайын Мұратбековтің «Күзгі бұралаң жол» әңгімесімен іштей салыстыра, екі шығармадағы нәзік лиризм, табиғи мінез бен ауыл өмірінің күйбеңі бітпес тіршілігі соншалық ұқсас екен деп түйгенмін. Қайыра оқығанда, екі суреткердің де оқиғаларды тым баттастыра бермей, кейбір жазғыштарша үсті-үстіне қоюлатпай, кәнігі суретші машығымен бірер штрих, бояуы қанық бірер өрнекпен ғана мәнерлей жазғанын аңғардым. Беріктің әңгімесінде бала Берденнің қиялымен, колхоз бастық Жақсылыққа әкесі сыйға тартқан дәу қоңыр бәтеңкені киюді армандағаны әсерлі жазылған. Жалпы, жазушы Шаханұлы бар шығармасында табиғаттың таза туындысы – адамның жанын кір баспауына, мейірім мен қайырымдылық атты қасиеттердің сақталуына баса көңіл бөледі. Сондай қасиеттің бірі – кеңпейілділік, кешірімпаздық десек, оның әсіресе қазақ психологиясына тән екені мәлім. Қазір соның жұрнағы да қалмай бара жатқан қыйтұрқы заманда құм ішінен алтынның түйірін іздегендей боласыз. Бұл тақырып әсіресе бүгінгі кезең тақырыбына жазылған жас буын қаламгерлер туындыларында кемшін соғып жатады. Сондай жоғалған тақырыптың бірі – отансүйгіштік. Ақыл-санасын тек ақша мен атаққұмарлық билеп кетсе, жеті қат жерді қопарғанмен табу қиын-ау ондай тақырыпты. Оның үстіне соңғы толқын – жастар соғысты көрген жоқ, исі де мұрындарына бармайды. Ал біз небір боздағынан айырылып, зар жылаған ана менен әкені, сақалынан жасы сорғалаған атаны, майданға аттанған күйеуін тосып, санадан сарғайған небір уыздай жас келіншектерді көрдік.
Берік Шаханұлы осынау тақырыпты «Құса» повесіне арқау етіпті. Бір ғана соғыс тақырыбы емес, әріден, сонау колхоздастыру кезеңінен желі тартқан шығарманың бас кейіпкері Серәлі, бүгінде жүз жасқа таяп, «шөгіңкі тұлғасы бір уыс болып, кішірейіп, құржиып кеткен» шүйкедей шал. Есі бірде кірсе, бірде туған баласы Берденді де танымай «Бұл қайсың!» деп отыратын алжудың алдындағы жан. Өйтпейінше ше, қара ормандай ұйысқан әулеттен қаздиып қалған бір өзі.
Бүгінде сопайып жалғыз қалған Серәліден сыр тартар болсаңыз, оның әңгімесі заманында бір рулы елге би болған, қара қылды қақ жарғандай әділдігімен аңызға айналған өз атасы Бектібай биден бастау алар еді. шындығында да ол бір әулие адам екен. Бірде отыншы дейтін мырза, бай, бірақ әділ кісі өзінің немере ағасы болыс Бақтыбаймен ерегіске түсіп, соның кесірінен жалаға ұрылып, жер аударылуға үкім шығарылады. Сол үкімге төбе би қол қоймайды. Көптен жақсы қарым-қатынастағы, беделді болыс Бақтыбайдың қолқалауымен осы іске араласқан ояздың өзі: «үкімге қол қоймасаң, сені де Сібірге жер аударттырамыз!» дегенінде, қоқан лоққыға да қыңбаған Бектібайдың әділдігі заманында аңызға айналған екен.
Атасы қартайғанда билік тізгінін үлкен ұлы Тырнақбайға, Серәлінің әкесіне ұстатыпты. Ол да барынша адал, ел арасындағы дау-дамайды әділ шешуге күш салған. Алайда, бір жолы ол әділ қазылық құрғаның үшін деп екі қап күріш ұсынады. Оны көрген атасы ашуға булығып:
– Мен қырық жыл билік айтқанда елден екі уыс дән алып көрген жоқ едім. Сен бір сапарыңда екі қап күріш артып келіпсің. Сірә, менен тумаған шығарсың, пәтшағар, – депті.
Тектілік, бекзаттық, іске адалдық бұл әулетке сонау қалың қазақ басына түскен ауыр кезеңде халқының кегін қуған атақты Баян батырдан сүрлеу тартқанын көреміз. Ұрпақтан-ұрпаққа қастерлі бойтұмардай сақталған бұл үрдістің тігісі сөгіліп, кенересі қақырайтын кез – Кеңес дәуірі. «Осы кезде қала, шойын жол, хабар-ошар дегеннен мүлде мақұрым, сахараның алыс түкпірінде жатқан» өз беттерінше тіршілік құрып, ауа жайылып жүрген ауылға «патша құлапты, жаңа заман орнапты» деген алып-қашты сөз бірде жетіп, бірде жетпей жататын ғой. Әсте, Серәлінің үлкен ағасы, әке орнына әке санатындағы Бекті бауырларын жинап жиын өткізеді: «Заман бұл қалпында тұрмайтын сияқты. Ішіміздегі жас болса да, бас болар, алғыр, есті, зерек Бабырды орыс оқуына өткізейік», – дейді. Сол сөз – сөз. Бабыр орыс мектебіне оқуға кіреді, одан Ташкентке үлкен оқуға ауыстырылады.
Есейе келе жаңа Кеңес заманының ең белсендісі болған Бабыр ақыр аяғында трагедиялық күйде қайтыс болады. Сөйте-сөйте бір әкеден туған он бір баладан сопайып Серәлі ғана қалады. Ашаршылық шалғыдай орады, үйленбеген екі інісін соғыс жалмайды. Колхоз ұйымдасқан кезде Серәлінің көрмегені жоқ, Жылымбек дейтін жылпос мұның соңына шам алып түседі. «Бай-құлақтың тұқымы колхозға мүше болмайды, Серәліні мүше еткізбеу керек», – деп жар салады.
Белсенді тіршіліктен шеттеп, жеке қос тігіп отырған кездері – Серәлі мен оның әйелі Қалима үшін айтып жеткізгісіз күйзеліс еді. Ақыры Серәлі орталыққа өткен жалғыз түйесін сұрап алып, басқа жаққа көшпекке ниет қылады. Мұны естіген есер Жылымбек одан сайын ақкөздене: «Жоқ, мұны жібермеу керек, ...колхозға қарсы жаулық жасайын деп жүрген шығар, мұны көз алдымызда ұстауымыз керек», – дейді.
Колхоз бастық Біржан болмаса, мүлде опырылып та қалар ма еді, соның ақылымен орталықтан келген үлкен өкілге мұң-шерін айтып шағынады. Бәрін естіп отырған өкіл жау қолынан қаза болған қыршын Бабыр жайына қанғансын, дереу Серәліні колхозға мүшелікке алып, қолына жұмыс тапсырады. Басынан жұлып алынған қосы мен орталыққа өткен түйесі қайтарылады, егіншілерге барып қосылады.
Өмірінің үзілуге шақ қалған үзікбауы жалғанып, түтіні түзелген Серәлі ұзақ ғұмыр сүреді. Ұрпақ жалғастырады. Осы ұзақ өмірінде бәрін бастан өткізген, сол өткеннің бәрін ақыл таразысымен өлшей алған, сол арқылы өмірден өзі түйін түйген пайымды жан қартайған шағында бұрынғы-соңғы әңгімені салқын қан, сабырмен шерте отырып, сөзінің түп төркінінде: «Мына тіршіліктің алдамшы аз күнінде пенденің басынан жақсы да, жаман да өтетінін; дүниенің бір күйде бір қалыпты тұрмайтынын; өмір-жалғанның бірде көл, бірде шөл екенін; әу баста жарық дүниеге шыр етіп, періште болып келген адам баласын ақ жолынан адастырар әзәзілдіктің көп екендігін; бірақ осының бәрінде кісінің кісі болып қала алатынын; кісінің кісілігі дегеннің – жігіттің нашарға істеген қайыры, досқа істеген адалдығы, қиянатқа қарсы тұра білген, қарлығаштай да болса, қайратымен өлшенетінін; бәрінен де адалдық пен тазалықтың дұрыс екенін; адамды байлық та, бақ та емес қанағат ғана мұратына жеткізетінін» меңзеген өсиеттер еді. Міне, ғасыр бойына өткені мен кеткенін жіпке тізгендей қартайса да көз алдынан өткізіп, санасы өшпеген қарт абыз – сонау дала аристократиясының соңғы сілемі еді...
Берік Шаханұлының шығармаларын оқи отырып көңілге түйгеніміз, ол қарымды қаламгер. Әрбір туынды оқиғасының шымырлығына, тілінің маржандай сұлулығына қайран қаласыз. Ал бәрінен де ауыл қазағының психологиясын қолмен қойғандай көз алдыңа елестете жазғанда бейне бір сахнадан көргендей әсерде қаласыз. Ең ғажабы, сіз сол әсерден көпке дейін айыға алмайсыз. Оқиға өрісі санаңызда қайта-қайта жаңғырып тұрып алады. Бұл жазушы шеберлігінің айқын дәлелі. Иә, біздің Берік әріптесіміз осындай жазушы.
Шәрбану ҚҰМАРОВА.