Елбасы ең алдымен «Әуежай» шағын ауданындағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан істермен танысты. Шағын аудан аумағында әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да салынуда, соның қатарында 900 орындық жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында спорт және ойын-сауық кешенінің құрылысы бой көтеруде. Тұрғындар үшін 280 орындық екі бала бақша, автотұрақ, спорттық алаңдар, демалыс аумағы салынатын болады. Шағын тұрғын ауданда 41 үй құрылысы жоспарланған, 2014-2017 жылдар аралығында 16 үй салынып, 987 отбасы қоныс тойын тойлады. Қазір он екі үйдің қабырғасы көтерілген.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа АвтоПром» машина жасау зауытына келіп, автомобиль өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне Қостанайда жасалған JAC, Peugeot, Ravon брендтерінің автомобильдері, JAC электромобилінің модельдері, сондай-ақ Iveco базасындағы мектеп автобусы көрсетілді. Мемлекет басшысына еліміздегі электромобильге арналған инфрақұрылымның даму барысы жөнінде баяндалды. Үстіміздегі жылдың 10 айында зауытта 4000 автомобиль сапқа қойылды. Өткен жылдың осы маусымымен салыстырғанда өндіріс көлемі 2,2 есе көбейді. Бюджетке 800 миллион теңге аударылды, былтыр бұл көрсеткіш 131 миллион теңге болатын. Биыл зауытта үлкен істер атқарылды. Шағын түйінді өндіріс желісі толық жаңғыртылды. Соның арқасында зауытта дәнекерлеу, бояу жұмыстары атқарылатын және «монокок» атты бірегей технологияны пайдаланып құрастыратын жаңа цехтар жұмыс істей бастады. Жаңартылып, жаңғыртылған әмбебап желі жұмыс тиімділігін күшейтті, онда автомобильдің шанағын, тірегін бір желіде құрастыра береді.
«Аллюр» компаниялар тобы» акционерлік қоғамына кіретін «Сарыарқа АвтоПром» машина жасау зауытында өнімді экспортқа шығару басымдыққа ие бағыт. Оны жүзеге асыру үшін шетелдік инвестицияның орны бөлек. Биыл зауыт Тәжікстанға JAC автомобилінің алғашқы партиясын жөнелтті. Оның құны 10,5 млн АҚШ доллары болды.
Автомобиль өндірісінде бұл бағыттағы жұмысты ілгерілету үшін Елбасы келгенге дейін зауыт алаңында қытайдың China National Vehicle Import and Export Company мен қостанайлық компания акционерлері арасында қазақстандық «Аллюр» компаниялар тобы» акционерлік қоғамы акцияларының 51 пайызын иемдену жөнінде және KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы арасында үш жақты ынтымақтастық инвестициялық келісімге қол қойылды. Елбасы алдында оның тұсаукесері болды. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық басымдыққа ие келісімнің бірі болып табылады. Оның мәні туралы «Аллюр» компаниялар тобы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев журналистерге айтып берді.
– Енді кәсіпорынның стратегиялық, ұзақ уақытқа келіскен инвесторы болады. Инвестормен бірге кәсіпорынның дамуын, қандай машина түрлерін, брендтерді шығаратынымызды жоспарлайтын боламыз. Елбасы кәсіпорынның алдына үш міндет қойып отыр. Бәсекеге қабілетті болу, электроавтомобильдер шығаруды дамыту және экспорттық нарықты игеру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмалары алдағы он жылда, яғни кәсіпорынды дамытудың алғашқы сатысында атқарылады. Ал одан кейінгі екінші сатыда машина құрастырудағы қазақстандық үлесті көбейту мен өнім құнын арзандату ісін қолға алатын боламыз, – деді Андрей Лаврентьев.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Елбасы алдында өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму барысын баяндады. Аймақта өндіріс те, ауыл шарашылығы да қалыпты дамып келеді. Аймақ басшысы инвестиция тарту және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне тоқталды. Онда, әсіресе, еркін экономикалық аймақтың болашағын айта келе, істі кібіртіктетіп тұрған шешімін күткен мәселені де жасырмады. Қостанай қаласындағы еркін экономикалық аймаққа инвесторлар өздерінің кәсіпорындарын орналастырғысы келеді. Оларға инфрақұрылымдық жағдай да жасалып жатыр. Қазір инвесторлармен келісімшарттар жасалуда. Ондай келісімдер бойынша болашақта Қостанайда лифт, лампалар, батареялар, бұрын болмаған қажетті тауарлар өндірілетін болады.
– Сіз Үкіметке инвестиция тартудың стратегиясын жасау туралы тапсырма берген болатынсыз. Осы бағдарлама бойынша Қостанай облысы қанатқақты етіп алынды. Біз әлемдік даму банкімен бірге облыстық интерактивтік инвестициялық картасын жасадық. Оған барлық бос алаңдарды орналастырдық. Жақында «Инвест форум-2017» форумын өткіздік, оның аясында құны 200 миллиард теңге болатын 26 меморандумға қол қойылды, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Қыркүйек айында облыста өткен инвестиялық форумда Қостанай облысы мен Global gaz grоup компаниясы арасында 20 миллиард теңге болатын инвестициялық келісімге қол қойылған болатын. Компания облыста үш газ өңдейтін зауыт құрылысын жүзеге асырып, табиғи газ бармаған елді мекендерді сұйытылған көгілдір отынмен қамтамасыз ететін болады.
Кездесуді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай еліміздің ауыл шаруашылығы дамыған, сапалы, экспортты астық өндіретін облыс екенін, тіпті ауа райы аса қолайлы болмаған биылдың өзінде 5 миллион тоннадан артық бидайды қамбаға құйғанын айтты.
– Біздің қазіргі мақсатымыз облысты ауыл шаруашылығымен қатар ірі өндірісті, өнеркәсіпті аймақ ету болып отыр. Сондықтан автомобиль өндірісінің дамуына әуел бастан мүдделі болдым. Машина жасау өндірісі біздің елде ешқашан болған емес. Елде екі машина жасау зауыты тиімді жұмыс істей бастады, енді машина шығаратын елге айналамыз. Инвестиция тартуды ойластырдық. Міне, қытайлық ірі корпорация келіп отыр. Ол біздің Қытай елі басшылығымен жасаған келісіміміз арқылы іске асуда. Ұлы Жібек жолы бойынша біздің ірі сауда-өндірістік әріптесімізбен Қазақстанда үлкен істер атқарылады, – деп Нұрсұлтан Әбішұлы оларды жекелей атап өтті. Өзбекстанмен бірге атқарылатын жұмыстардың басталғанына ризашылық білдірді. Сонымен қатар Астана қаласын газдандыру ісінің өте маңызды екенін айта келіп, Global gaz grоup компаниясының жұмысына табыс тіледі. Жалпы инвесторларға рақмет айтты.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана ашылған KOSTANAY PLAZA сауда-отбасылық демалыс орталығын аралады. Онда балалар дүкені, кинотеатр, 550 орындық автотұрақ жұмыс істейді. Елбасы ол жерде Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті, мейрамханаларын аралап көрді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды