Сансыз бұлақтарымен түптен тазаланатын ұлы теңіздердей, әрбір халық, ұлт, ел өзінің жаманынан жиренетін, қанына сіңген мимырт мінездер мен жұлынқұрт құлықтарды, дүмбілез дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды күресінге лақтыратын тағдырлы кездері болады. Сондай тағдыршешті, талайлы кезеңді бүгін таңда Қазақ елі де өз басынан өткеруде.
Қай халықтың бойында да асыл қасиеттермен, жарқылдаған жақсылықтарымен, тағылымды тәлім-даналығымен бірге сұрқылтай замандардан, тауқымет-таршылықтан немесе баршылық-тоқшылықтан жұққан жаман әдеттері, сылып тастамаса болмайтын кеселді мерездері болуы да заңдылық. Ол үшін ешбір халықты ешкім кінәлап сөге алмайды. Бір анадан ала да, құла да туады. Бес саусақтың саласы да бірдей емес. Тек солардың жалпы дағдыға, ортақ сипатқа айналып кетуінен сақтасын деңіз. Бұл ретте қай халықтың да бірінші тәрбиешісі – халықтың өзі, оның ғасырлар бойы жинақтаған даналық өсиеттері мен тәжірибесі. Қазақ та рухы кемелді ұлт деңгейіне осылай көтерілді, әр кезеңдерде, тарих өткелдерінде етектен тартқан кемшіліктерінен арылып та отырды.
Қазақтың жаман әдеттерден, жиренішті мінездерден арылуға үндеген бірінші сыншысы хакім Абай болды. Қаны қайнағаннан, жаны ашығаннан сынады. Орынсыз ыржаңнан, болымсыз қылжаңнан безініп, оның дәулет те, нәсіп те болмайтынын айтып, ізгі қасиеттерге үндеді. «Қалың елім, қайран жұртым!», деп қамықты ұлы жүрек. Жамандықтан жиренсе, ел тынысы жылма-жылдап ашылатынын да аңғартты. Қазақты бұдан кейін елдікке шақырушы Алаш қайраткерлері еді. Олар да қараңғы түнектегі жамағат жұртын жарық сәулеге, жарқын болашаққа үндеп, елді жаппай жайлаған надандық ұйқысынан ояну һәм ойлану қажеттігін құлаққа құйып, санаға сіңіруге тырысып, сол жолдағы күрес майданына шыққан-ды.
Бүгінгі Қазақстан дидары – Қазақ елі әлемдік көштен қалмағандығының көшелі көрінісі дер едік. Бұған шүкірана айтамыз. Ал алдағы мақсат бұдан да зор. «Мәңгілік Ел» мұраты ұлтымыздың рухани жаңғыру талаптарын алға тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бойымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, заман көшіне ілесе алмасымыз, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіре алмасымыз анық» екендігін атап көрсетіп, «кежегесі кейін тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сана аясында сүрлеп қоюға болмайтынын» қадап тұрып айтты. Бұл сөздер хакім Абайдың ғақлия өсиеттерімен, Алаш арыстарының аманаттарымен керемет үндесіп те, үйлесіп жатқанын аңдау саналы көкірекке еш қиын да емес.
Ойпырмай, жамандықтың жаны қандай сірі десеңізші! Халқымыз қандай биік шыңдарға шықса да, жан сарайы қанша жақсылықтармен нұрланса да, қанша отасаң да көк өскінмен таласып-тармаса қаулап қайта шығатын арамшөптей, бұл жаман дағды, жөйіт мінез, жексұрын әдет те етектен тартып, адамның жан дүниесін шырмауықша шырмап, соңынан қалмайды екен-ау. Сонау Абай заманынан бергі баса киген таныс тымақтар, мезі еткен баяғы былжырақтар. Шыннан-ақ: «Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды». Қарап тұрсаңыз, жақсы ісімізбен, ізгі амалымызбен қабаттасып, құлатып кетердей иықтан қаққан баяғы даңғойлық пен кердеңдік, күпілдек мақтан мен күлкішіл қылжаң, астамшылдық пен ысырапшылдық, бәйге атындай аңқылдаған өтірік пен өсек... Міне, алға басуымызға, бұрынғыдан да биік асуларды бағындыруға, тірлігімізді түгендеп, бірлігімізді бекемдей түсуге осындай жаман әдеттер кесір-кеселін тигізіп, бөгет болып отырғаны анық.
Мұндай көлденең көк атты, көкезу бетпақтарға жол беріп қоюға әсте болмайтындығын Елбасы қатты ескертіп, сол жолда нақты шаралар белгілеп, жүзеге асыруға нұсқап отыр. Жиренішті дағдыларды бойдан арам еттей сылып тастау да оңай емес. Ол ішке түсіп кеткен, санаға сіңіп кеткен нәрселер. Соны түсініп, сол себептен де: «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп тірімін деме, онан да Алла берген ақ бұйрықты өлім артық» деп Абай дана неге күңіренді дейсіз. Арамызда осындай арамтамақтар жоқ деп айта аламыз ба?
Алға басуға, тұрмысымызды жақсартуға кедергі келтіріп жатса, өткеннің кертартпа тұстарынан, бойдағы мінімізден неге бас тартпасқа? Айталық, орынсыз сауықшылдық, шектен шыққан салтанатшылдық, бос мақтанмен дүние шашу, көрпеге қарай көсілмеу – шынайы мәдениеттің де белгісі емес, тұрмыстағы прагматизммен де үйлеспейтіні айдай ақиқат. Қазақтың ас пен тойына орынсыз шашылып жатқан қаражаттың көлемін көзге елестеткенде жағаңызды ұстайсыз. Бұл кімге керек? Ол басқа әңгіменің тақырыбы.
Қазақтың жан дүниесімен, мінез-құлқындағы қалтарыстарымен астасып жатқан нақ осы тіршілік түйткілдері, тұрмыстық жайлар – рухани жаңғырудың ең бір өзекті буыны. Мәңгілікті мұрат тұтқан ұлтқа қазір ең керегі де – мінез-құлықтың прагматизмі. Ендеше, реализм мен прагматизм – бүгіннің ұраны. Өйткені «жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді». Шама келсе, ерік-жігерді салып, жаман әдеттен арылғанға не жетсін, ардақты ағайын!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»