Айналдырған 17 миллион ғана халқы бар және оның да айтарлықтай бөлігі өздеріне қажетті автомашиналарын алып үлгерген ел тұрғындары қазақстандық автокөліктерді сатып алуда қаншалықты қауқар көрсете алмақ? Шетелдерге экспортқа өткізейік десек тағы проблема бар. Жақын да қуатты көршілеріміз – Қытай мен Ресей өз автомашиналарын өткізетін рынок іздеп әлек. Тіпті автоөндірісі анау айтқандай дамып кете қоймаған Өзбекстанның да өз көліктері жеткілікті. Әйтеуір біздің машиналарымызды сатып ала қояйық деп алақандарын ысқылап отырған олар жоқ. Сонда не істеу керек?
Әрине мұндай сауалды автомобиль құрастыру ісін қолға алардан біраз бұрын қойып, оған жауапты да сол кезде іздестіру керек еді. Қазір енді кеш. Сондықтан «болары болып, бояуы сіңген іске» өкініш білдірейін деп жатқан ниет жоқ бізде. Біздің айтпағымыз мәселенің басқа қыры.
Таяуда Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы мемлекеттік қызметшілер үшін қызмет бабындағы автомобильдерді мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру жөнінде Қаржы министрлігіне ұсыныс білдірді. Ол нендей ұсыныстар дейсіз ғой. Айтайық. Олардың пайымдауларынша, біріншіден, мемлекеттік қызметшілердің әр категориясы үшін қызмет бабындағы автомобильдердің типтік стандарттарын енгізу қажет. Екіншіден, мемлекеттік мекемелердің шетелдік жеңіл автомобильдерді сатып алуларына мораторий енгізу керек. Үшіншіден, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңда бұрын қарастырылған отандық автоөндірушілерге арналған преференцияларды қайта қалпына келтірген жөн.
«ҚазАвтоПромның» бұлайша шыр-пыр болуы тегіннен тегін емес екен. Сөйтсек, үстіміздегі жылдың 9 айында шетелдік автомобильдерді мемлекеттік сатып алу көрсеткіші қауырт өсіп кеткен. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ол көрсеткіш 67 бірлікті құраса, 2017 жылдың тиісті кезеңінде 508-ге жетіп 7,5 есеге артып түскен. Осынша машинаны сатып алу үшін, әрине қыруар қаржы қажет. Сондықтан да мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар күні бұрын қам жасап, жыл басынан бастап импорттық машиналарды сатып алу үшін өз бюджеттерінде 6,7 миллиард теңгені алдын ала қарастырып қойған көрінеді.
Сонымен бірге бір модельдегі автокөліктерді кей кезде екі есе қымбат бағаға сатып алған жағдайлар да кездесіп отырған. Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда деген рас. Бар айырмашылығы бұларды талтаңдатып отырған өз қалталарындағы емес, мемлекет «қалтасындағы» ақша. Айталық Toyota Land Cruiser және Toyota Land Cruiser Prado жол талғамайтын автокөліктерді сатып алу үшін ғана мемлекеттік мекемелер жыл басына бері бюджеттен 841 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған! Осы автомашиналардың төрттен бірін құрайтын модельдердің әрқайсысы 23 миллион теңгеден асатын қаржыға түсуі де бүгінде әркімнің ойына не келсе соны істеуге көшкенін көрсетеді. Осындайда азып-тозып тұрған ауылдар мен оларға апаратын шұрық-шұрық жолдар көз алдыңа елестейді. Егер жаңағы 23 миллионды бір ауылға берсе, ол жерде «коммунизм» орнатуға болар еді. Бірақ кім бере қойсын?..
Ал енді осындай қымбат машиналарды тақымға басып тайраңдап жүргендер кімдер дейсіздер ғой? Олар өзіміздің облыстық және аудандық әкімдіктерде қызмет істейтін шенеуніктер. Нақа ақымақ емеспіз, түсінеміз. Қазір бұрынғы кеңестік кездегідей емес, қол бос, жұмыс қайда деп сұрап, талап етіп жатқан және ешкім жоқ. Сондықтан ара-тұра аңға шығып тұру керек. Қыдыратын жерлер тағы бар. Жол болса-болмаса да нашар, берік отырмасаң бауырыңмен жер сызып қаласың. Осыдан кейін шенеуніктер мемлекет қаржысына қымбат «авто» алмай қайтсын?!
Дегенмен дейміз-ау... Сонда әу, бәтірекесі, қазынаның онсыз да асып-тасып жатпаған азғантай ақшасына қымбат автокөліктер сатып ала беруді қойсаңдаршы. Ең болмаса, мына елімізде құрастырылып жатқан автомобильдерді сатып алсаңдаршы, өзіміз алмасақ ол машиналарды кім алады дейтін бір пенденің мүлде табылмағаны ма шынымен? «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп осындайдан айтқан болар сірә, бұрынғы ата-бабаларымыз.
Қолынан келгендерге қонышынан бастырып қойған заман-ай дейсің кейбір шікірейген шенеуніктердің жоғарыдағыдай шектен шыққан әрекеттерін көрген кезде. Арзанқол машинамен жүріп-ақ ел үшін қыруар істі тындырған кеңестік кездің мемлекеттік қызметшілері періште екен ғой, шіркін...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»