Шиелі шығысында алты Алашқа әйгілі астанамыз Сығанақ, белгілі Бестам қаласы орын тепкен, оңтүстігінде – Қызылқұм, ортасында – Сырдың суы мен нуы, теріскейінде қарт Қаратау, әрі қарай Жезқазғанға, Арқаға жол тартатын Бетпақдаламен шектесетін қазыналы өлке. Сұлу Сырдың сулы да нулы аймағы – Шиелі. Күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд жасалған жер. Жаздың қызуы мол күнінен нәр алатын алтын аймақ, қойнауы құтты мекен. Күріштің күміс дәнін ардақтап, салмақтап қана қоймайды, мыңғыртып мал да өсіреді, бау-бақша, жеміс-жидек егеді. Биыл да барлығы 23 967 гектар алқапқа түрлі ауылшаруашылық дақылдары орналастырылып, егінді шашпай-төкпей жинап алу науқаны табысты аяқталды, күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім алынды. Шиелі жерінен жиналған күріш, қауын-қарбыз, жеміс-жидектер Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Байқоңыр өңірлеріне жеткізіліп, ел ырысына айналған.
Бүгінгі Шиелі – төскейде төрт түлігі, алқапта ақ маржаны өскен өңір ғана емес, өндірісі дамып, өнеркәсібі де өркендеген өлке. Өнеркәсіп өндірісі бүгінгі күнге 15 миллиард 776 миллион теңгенің өнімін өндірді. Осыдан бірер жыл бұрын аудан бюджеті 3 млрд. теңге болса, биыл ол бюджеті 7 млрд. теңгеге жуықтап отыр.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында соңғы 3 жылда ауданға бюджеттен тыс көздерден 2,5 миллиард теңге қаржы тартылып, жаңадан мектеп, балабақша, стадион, спорт алаңдары, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат салынды, көше жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылды.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өңірімізден енгізілген өндірістер бар. «Алтын бала-08» ЖШС құрақ қамыс жаңқасынан тақтай құрылыс материалдарын шығарады, «MKS Company» ЖШС химиялық заттарды сақтау және жөнелту орталығы, «Шиелі тас-Оңтүстік» ЖШС және қиыршық тас шығаратын «Казвернал» ЖШС зауыттары іске қосылды. Уран, алтын, ваннадий, әк, тұз, қиыршық тас осы өңірдің табиғи қазба байлықтары. Биылғы жылдың тоғыз айында шағын кәсіпкерліктің 2 702 субъектісі тіркеліп, 5 320 адам жұмыспен қамтылды.
Осы жылы Шиелі кентінде 1 200 орынды және 600 орынды екі мектеп, Бидайкөл және Нартай ауылдарында 600 орынды мектеп, Ботабай ауылында 200 орынды мектеп, жалпы алғанда құрылыс құны 5,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Былтырғы жылы 8 ауылда жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын ауыз су жүйелерінің құрылысы басталды, келесі жылы іске қосылады. Биыл Шиелі кентінің ғана шырайы кірген жоқ, ауданның барлық ауылы абаттандырылып, жолдары жөнделді, жарықтандырылды, түгелдей телефон байланысы орнатылды, аяқ су, ауыз сулары жүргізіліп, балабақша, медицина бөлімшелері, спорт алаңдары ашылды.
Шиелі 41 Алтын Жұлдызды Еңбек Ері, жүзден астам ғалым, елуге тарта қаламгер ақын-жазушы, ондаған қоғам қайраткері шыққан киелі мекен. Осы ретте азаматын ардақтаған ел азбайды дейді халық даналығы. Осы елде туып, ұлтты ұлы істерге бастаған, қазақтың сөзін ұстаған тұғырлы тұлғалар үнемі халық жадында. Тау тұлғалы азаматтардың мерейтойын атап өту құрмет болумен қатар, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің өнегелі жолы да. Биылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Алтын күз-2011» мерекесі 4-5 қараша күндері Шиеліде кең түрде тойланбақ. Ақ күріштің атасы атанған даңқты диқан, «Дала академигі», Мемлекеттік сыйлықтың иегері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтілетін болады. Ауданымызда тойға тарту ретінде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, аудандық бюджеттен бөлінген 49 млн. теңгеге салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы көше, 10 млн. теңгеге жасалған «Құрметті азаматтар» аллеясы, 93 млн. теңге қаржыға жасандырылған «Салтанат сарайы» ашылады.
Мерейтой күні Ыбырай атамыздың атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының жаңа ғимаратының іргетасы қаланады, аудандық бюджеттен бөлінген 100 млн. теңгеге жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын Ы. Жақаев атындағы саябақ пайдалануға беріледі. Саябаққа биіктігі 5 метрлік Ыбырай атамыздың қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ, қазіргі кездегі күріш өсірудің жаңа технологиясын өндіріске енгізуді ғылыми негіздеу мақсатында «Дала академигі Ыбырай Жақаев» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіледі.
Мұнан өзге, соңғы жылдары дәстүрге айналып үлгерген «Ән мен жырдың дүлдүлі ақын Нартай» атты республикалық ән фестивалі өтеді, оған Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстан танымал жыршы, термешілер қатысады. «Алтын күз-2011» мерекелік шарасының соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының үлкен концертіне ұласады. Мереке аясында үздік ұжымдар марапатталып, бағалары базардан төмен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетін болады.
Халқымызда «Екі тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деген қанатты сөз бар. Ауданымыз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен Ы. Жақаевтың 120 жылдық мерейтойы тойланар биылғы жылды табысты аяқтағалы отыр. Облыстар мен аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданымыз алғашқы орынды иеленді. Ал, облыста ауыл шаруашылығы саласының қорытындысы бойынша біздің ауданымыз сонау тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары, атап айтқанда 1992 жылы 1-орынға шықса, соңғы жылдары 2 – 3-орындардан көрініп жүрген еді. Ауданымыз ауыл шаруашылығының қорытындысымен биылғы жылы 1-орынды иеленіп отыр. Бұл қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз аудан халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасында және еселі еңбегі мен қажырлы қызметінің жемісі.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Шиелі ауданының әкімі.