Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Заман сұранысы туындатқан міндет

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қоғамдық сананың жаңғыруының негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Бірін­шіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауы­мыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажет­тігін терең түсініп, байыппен қарап келе­міз және оған кірісуге тәуелсіздік алған­нан бері мұқият дайындалдық», деген болатын. 

Заман сұранысы туындатқан міндет

Мұнан кейін Мемлекет басшысының бас­тамасымен латын әрпіне көшу ұсынылып, қоғамда қызу талқылауға түскен еді. Латын әліпбиінің қай нұсқасын аламыз деген сұрақ ел тұрғындарын бейжай қалдырмағаны анық. Бұл мәселе жөнінде жұмыс тобы құрылып, келіп түскен ұсыныстар мен әліпбидің түр­лі нұсқалары қоғамда жан-жақты талқы­лауға шығарылды. Онда ғалымдар, қоғам қай­раткерлері, тілтанушы мамандар өз тарапы­нан пікірлер білдіріп, ортақ шешімге келді. Енді міне, соңғы нұсқасын бекіту туралы ортақ қорытындыға келіп, Елбасының Жарлығы да шықты. Біз жаңа әліпбиді ендіру туралы өз шешімімізді заңдастырып отырмыз. Бұл ел тарихындағы нақты қадам, рухани жаңғыруымыздағы маңызды белес болғалы отыр. 

Тәуелсіздік алғаннан бері жас мемлекет ретінде әлемдік интеграциялық үрдістерге белсенді атсалысып келеміз. Бүгінгі әлемдегі ақпарат пен ғылыми деректердің 70 пайызы латын әрпіндегі мәтіндермен тарайды. Ендеше әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену үшін біздің де латын әліпбиіне көшуіміз уақыт талабы дегім келеді. 

Қазақстан халқы мен елдегі түрлі қауым­дастықтар мен ұйымдар, ғалымдар, шығар­машылық адамдары, Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы, Қазақстан демокра­тия­лық күштер коалициясы Елбасының латын әліпбиіне көшу идеясын қолдайтындығын білдіріп, ол пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялады. 

Латын әліпбиіне көшудің еліміз үшін бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі тіл тазалығында. Латынға көшу арқылы тіліміз­дегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріп­терді қысқартып, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Соны­мен қатар қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ереже­лердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді, қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. 

Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Бүгінгі компьютерлердің дамыған заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі баршамызға белгілі. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, технология, математика, физика, химия формулалары, ғылыми терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екені айдан анық. Яғни, латын әліпбиі бізге жаңалық не болмаса таңсық емес. Оны біз күнделікті өмірде қолданып та жүрміз. 

Бүгінде түбі бір түркі елдерінің барлығы латын әрпін қолдануда. Біз өзімізге дейін латын әліпбиіне көшкен түркітектес елдерде болған олқылықтарды жіберіп алмай, олар­дың тәжірибелерін ескеріп, байып­ты­лықпен, жан-жақты таразылап, ортақ шешіммен жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Бұл оң­ды қадам. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үй­реніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін еш­қандай қиындық, кедергілер жоқ деп ой­лай­мын. Елбасы айтқандай бұл «біздің бала­ларымыздың болашағы үшін» жасалып отырған қажетті шара. Олай болса бола­шақ ұрпақты ойлайтын әр азаматтың, әр адам­ның бұл маңызды шешімді әрі қарай қол­дайтынына сенемін. 

Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының Жарлыққа қол қоюы тәуелсіз Қазақстан та­ри­хындағы айтулы тарихи оқиғалардың бірі болып отыр. Бұл еліміздің болашақ бағ­дарын анықтаудағы, рухани жаңғыру жо­лындағы жасалып отырған маңызды қадам дегім келеді. Мұны «Ауыл» партиясы толық қолдайды.

Әли БЕКТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Ауыл» халықтық-демократиялық 
патриоттық партиясының төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Енді жолдарға тұз себілмейді

Инфрақұрылым • Кеше