Таратып айтар болсақ, қабылдауға байланысты өтінімді Call-орталығына (115) қоңырау шалу немесе «115.kz» және «egov.kz» порталдары арқылы, сондай-ақ жазбаша беруге болады. Қабылдауға тіркеу прокуратура органдарының құзіретіне кіретін сұрақтар бойынша жүргізіледі. Бас прокуратура басшылығы қабылдауды кемінде айына бір рет, облыстық прокуратура басшылығы аптасына бір рет жүргізеді. Сонымен қатар енді облыс және аудан прокурорлары өз қабылдауына келгендерге берген алдыңғы жауаптарының болғанына қарамастан, қабылдауға міндетті. Ал басқа қызметкерлер, соның ішінде аудан прокурорлары да қабылдауды қажеттілік туындағанына байланысты күнделікті жүргізеді. Ол үшін жазылу керек емес.
Қабылдауға өкілеттік берілген прокуратура органдарының қызметкерлері бекітілген кестелерге сәйкес жұмыс уақытында сағат 9.00-ден бастап 18.30-ға дейін күнделікті қабылдайды. Ішкі істер органдарында, пенитенциарлық және арнаулы мекемелерде азаматтарды қабылдауды бекітілген кесте бойынша кезекші прокурорлар жүргізеді. Кестемен мекемелердің ғимараттарында танысуға болады.
Бір ескеретін жайт, қажеттілікке қарай облыс прокурорлары өтініш берушілерді қабылдауды өздерінің орынбасарларына тапсыруы мүмкін. Алғашқы кездегідей, арыз иелері өтініштің қарауына жеке қатысуға және құжаттар ұсынуға құқылы. Облыстық және аудандық прокуратуралардың қызметкерлері жеке қабылдаудан түскен өтініштерге жауапты қанағаттандырудан бас тартуға себеп болған негіздерді түсіндіріп, өтініш берушінің жеке өзіне тапсырады.
Жаңа қағидаларда Бас прокуратура басшылығының қабылдауына жазу жүргізілмейтін негіздер де көрсетілген. Мәселен, өтініште көрсетілген мәселе бойынша бұрын қабылданған немесе тиісінше, Бас прокурордың және оның орынбасарының жауабы бар болғанда, егер Қылмыстық-процестік кодекстің 106-бабының 1-бөлігіне сәйкес, арыздардың қаралуы соттың құзіретіне кіретін болса, сондай-ақ сотқа жолданған қылмыстық істер бойынша, сот актілеріне шағым беру мерзімін өткізіп алған кезде, Азаматтық процестік кодекстің 54-бабының 2-бөлігімен көзделмеген істер бойынша сот актілерін даулағанда (міндетті емес санаттағы істер бойынша), кассациялық тәртіпте қайта қарауға жатпайтын сот актілеріне шағымданғанда (АПК-тің 429-бабының 7-бөлігі, 434-бабының 2-бөлігі және ҚПК-нің 484-бабының 2-бөлігі) Бас прокуратура басшылығының қабылдауына жазу жүргізілмейді.
Сонымен қатар Бас прокуратура басшылығының қабылдауына азаматтардың Құқық қорғау қызметтері орталығы арқылы жазылуына мүмкіндіктері барын да айта кетейік. Бұл орталық биылғы жылдың шілдесінде Бас прокуратураның ғимаратында ашылған. Оны ашу «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді іске асыру аясында жүзеге асырылған болатын. Шағымдарды жедел қарау, азаматтардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарына сенімін арттыру, әкімшілік кедергілерді және бюрократияны жою негізгі мақсаты болып табылатын аталған орталық ХҚКО- сияқты жұмыс жасайды. Бірақ тек құқық қорғау мәселелерімен айналысады. Орталықта тәжірибелі прокурорлармен бірге басқа органдардың өкілдері, адвокаттар, пробация қызметі және психолог азаматтарды қабылдайды, заңдардың қолдану сұрақтары бойынша кеңес береді және өтініштерді дайындауға көмек көрсетеді.
Қазіргі таңда мұндай орталықтар Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында қызметін бастап кетті. Жылдың аяғына дейін барлық өңірлерде осындай орталықтар ашу көзделуде.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»