02 Қараша, 2011

Қазанда миллион тонна астық тасымалдады

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа Үкімет тапсырмасы бойынша айына миллион тонна астық тасымалдау жүктелген болатын. Бұл межені теміржолшылар қазан айында 193,8 мың тоннаға асыра орындаған. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Тасымалдау үдерісі жөнін­дегі дирекцияның директоры Ермек Төлегеновтің айтуынша, қазанның 31-іне дейін барлығы 1 миллион 193,8 мың тонна астық тасымалданған. Оның 601,7 мың тоннасы еліміз аумағындағы тұтынушыларға жеткізілсе, 592,1 мың тоннасы ТМД және Балтық жағалауы секілді таяу және алыс шетелдерге жіберілген. Астық тасымалдауға арналған ва­гон­дардың жетіспеушілігінен ел ішіндегі тасымалға жабық және ашық вагондар да пайдаланылуда. Ұлттық компания қазаннан жел­тоқ­санға дейін айына миллион тонна астық тасымалдауды жоспарлап отыр. Осыған орай әр күнгі жүк тиеудің кестесі жасалған. Қыркүйек айынан бері «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ мемлекеттік азық түлік қорындағы 500 мың тонна астықты тиісті элеваторларға орналастыруда. Қыркүйек айында 231 мың тонна астық тасымалданса, қазанның 27-сіне дейін 142 мың тонна бидай тиісті жерлерге жеткізілген. Вагондар «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың тапсырысына байланысты дер кезінде берілуде. Қараша айында тапсырыс бойынша бір миллион тонна астық тасымалдау керек болса, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, едәуір жоғары көрсеткіш. Ұлттық компания қарашада экспортқа шығатын астық көлемін ұлғайта түспек. Қазірдің өзінде астық жөнелтушілерден қараша айына экспортқа 820 мың тонна астық шығару жөнінде тапсырыс түссе, ел ішінде 120 мың тонна тасымалданады деп күтілуде. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.