Тәрбие • 10 Қараша, 2017

Мастықтан айығар күн бар ма?

712 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрынғы өткендердің «мас», «мас­тық» сөзіне де­ген пайымы бөлек болыпты. Бүгінгі мастықтың кейпі өзгерген. Біздің сөз­дік қорымызға енген мас,­ маскүнем бейнесі адам­дық­тан айныған, беті көл­кілдеп ісіп, маңа­йына сүйкімі кет­кен­ жан. Қарадай қаның қайнап, қандай керемет деген тұлғаның ішімдіктің құ­лына айналғанын көргенде жаның ауыра тұра сырт беріп, маңайынан аулағырақ кетуге тырысатын күйге түс­кенбіз.

Мастықтан айығар күн бар ма?

Өткенде «Qazaqstan» ұлттық ар­на­сы­ның «Қарекет» бағдар­ламасының «Ащы су арқа­лат­қан азап...» атты хабарында ішімдікке салынған әкесі үшін шырылдаған жас қыздың зарын естідік. Екінші кейіпкер 45 жастағы соқталдай азамат: «Бұрын менде бәрі болды, үй де, ақша да, абырой да, бірақ бәрінен арақтың кесірінен айырылдым. Болды, мен бұл дерттен арыламын, әйтпесе бір күні далада өлемін», деп ес жиғандығын көрсетіп, мамандардан көмек сұрайды. 

Жуырда еліміздің ден­саулық сақтау сала­сын дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған «Ден­сау­лық» мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша Са­ламатты өмір салтын қа­лыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық алкогольден бас тарту күніне орайластырылған

«Біз ұрпағымыздың сау болуын қолдаймыз!» ұра­нымен ішімдікті шама­дан тыс тұтынудың алдын алу бойынша онкүндік өткізілді.

Жалпы, әлемдік деңгейде ішімдікке салыну проблемасы қоғамдық денсау­лық сақтау саласындағы басым үш мәселенің бірі болуда. Дәрігерлердің айтуынша, 200-ден аса ауру ішімдікті тұтынудың салдарынан туа­ды екен. Бауыр циррозы, қатерлі ісік пен жүрек-қантамыры ауруларының себепшісі болатын ішімдік ішудің зардабы жоғарыдағы бағдарлама кейіпкерлері тәрізді адам тағдырына зия­нын тигізумен қатар, адам айтқысыз келеңсіздіктерге, жол-көлік апаттарына да алып келіп жатады. Біреу өмірмен қоштасып, енді бі­реудің төсекке таңылып, иә қо­ларбасыз қозғала алмайтын күйге түсуіне де осы спиртті ішімдік себепші. Қыл­мыстық айыптауларда, жазатайым және қаса­қана қылмыс жасауда да ішім­діктің кеселді кесірі ай­тар­лықтай. Статистикаға қа­рағанда 25 пен 39 жас­тағы адамдардың арасында ішімдік ішу азаймай отыр­ екен. Дегенмен 1999 жы­лы біздің азаматтардың ішім­дік ішетіндері 55 пайыз­ төңірегінде болса, 2015 жыл­ғы деректе ол 24,2 па­йызға төмендепті. Азайды дегеннің өзінде де проблема жеткілікті. 

– Мәселен – дейді Са­ла­­матты өмір сал­ты орталы­ғының үйлестірушісі Қа­нат Хамзин еліміздегі ішімдік ішушілер қатарын негізінен 25 пен 39 жас аралығындағы адамдар құрайтынын есепке алсақ, балалардың іш­тен ауру болып тууына, от­басылардың ажырасып кету­леріне көбіне осы алкоголь кінәлі болып жатады. Орталық Азия елдері ішінде ішімдік ішу жөнінен біздің еліміз бірінші орында тұр екен.

Ішкілікке құмарлар арасында әйел­дердің болуы және оларды емдеудегі қиын­­дықтар, алкоголизм дертіне шал­дығушылардың түрлі жастардағы адамдарды айналып өтпейтіні барлығы әлеуметті алаңдатар проб­лема. 

Нарколог дәрігерлер мен Сала­мат­ты өмір салтын қалыптастыру орта­лығы қызметкерлерінің айтуынша, әсіре­се жастар жағы алкогольден келетін зиян­ды жете түсіне бермейтін көрінеді. Біз­ салынып ішпейміз, той-томалақта, ағайын-туыс жиналғанда ғана ішеміз, онсыз той той бола ма дейді. Кейбіреулері ал­ко­гольсіз сыра ішеміз, одан келетін еш­бір зиян жоқ деп ойлайды. Ал шын мәнінде соның өзі зиянды, мысалы, сыраны мөлшерден асырып ішу гормондарды өзгертіп ер адамды әйелге ұқсатып, керісінше әйелдің дауысы жуандап, мұрты өсіп, еркек кейпіне жақындап кететіні анықталған. 

Жасөспірімдердің ішім­дік тұтынуы көптеген елдер­дегі қоғамдық денсаулық сақтау саласының басты мәселесінің бірі. Ересек­тердің ішімдікті тұтынуына қарап арбаның алдыңғы доң­ғалағы қалай жүрсе, соң­ғысы соның ізімен жү­реді дегеніндей, жастар ішім­дікті еліктеудің, ересек болудың басы санайды.­ Оның үстіне қатарлас, құр­бы-құрдастарымен өзара қа­рым-қатынасты жақсарту мен жаңа байланыстарды қалыптастыруда еркіндік беретіндей көрініп, жаман­ әдеттің шырмауына қалай түскенін де аңдамай жа­та­ды. Дәрігерлер жас­өс­пірімдердің мас болуы үшін ішімдіктің аз мөлшері де ­жететінін, бұл мәселеде біз­дің ақыл-кеңесіміздің жеткіліксіздігін, ата-ананың үлгісі, мектеп пен қоғам мойнына артылар жүктің тең түсуі керектігін айтады. 

Кейде бір адамның ішім­дік ішуінен басқа адамдар зардап шегіп, медициналық көмек көрсетіледі. Қылмыс жасалуы, қоғамдық тәртіп­тің бұзылуы орын ала­тын­дық­тан маскүнемдікпен кү­реске мем­лекеттік ресурс­тар тартылып жататыны да құпия емес. 

Алкогольдің адам ағ­за­сына тигізер зияны жатыр­ішілік даму кезеңінен бас­тап, қарттыққа дейінгі жеке ден­сау­лық капиталы мен адамдық капиталды тө­мен­детуге алып келеді. Басым көрсет­кіштер бойынша, ішімдіктен ең алдымен орта жастағы адамдар, әсіресе ер-азаматтар көз жұмады екен. 

Айта кетелік, ДДҰ-ның­­ ғаламдық мақсаты 2025 жылға дейін ішімдікті ша­мадан тыс тұтынуды кемінде 10 пайызға төмен­дету болса, елімізде жан басына шаққандағы спирттің жалпы көлемі 2016 жылы – 9,8, ал 2015 жылы 8,2 пайыз­ды құраған. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»