Дегенмен олар әлі де болса өз ауылдық округінде, ауданында, облысында халық санының артуына мүдделі болуы тиіс. Бұл ұлттық демографияға қажет іс. Сонда ғана «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, жайлы ауылдан, ауданнан, облыстан халық үдере көше қоймасы анық. «Жайлы» дегеніміз – «алма піс-аузыма түс» деген сөз емес. Ең бастысы, ауылдың жолы, байланысы, мектебі, интернеті, ауыз суы тіршілік етуге, мал ұстауға, кәсіп ашуға қолайлы болса болғаны. Солтүстікте ондай жер бар, бірақ халық саны жылдан-жылға кеміп барады. Себебі неміс, орыс, украин бауырлар өздерінің тарихи отандарына көшіп кетсе, жергілікті ағайын ауыл мектептері жабылып, ауылды көтеруге бейіл байқалмаған соң, тұрмысына бір өзгеріс енгізу үшін амалсыз қалаға көшіп жатыр. Несін жасырамыз, мұның бәрі ауылды демографиялық тоқырауға әкеле жатыр. Табиғи өлім-жітім саны нәрестелердің санынан кем болса да, көшіп келушілерге қарағанда көшіп кетушілер саны анағұрлым көп болып тұр.
Мәселен, Қарабалық ауданы әкімінен алған хат мазмұнына назар аударайық: «Білім алушылардың соңғы 10 жылдағы қозғалыс динамикасы 2007 жылы 41 аудан мектебінде 4321 білім алушы, 2017 жылы 35 мектепте 3087 білім алушы білім алғанын көрсетті». Оқушылар саны соңғы 10 жыл ішінде 1234 балаға кеміген. Оқушылар осылай кеми берсе 15-20 жылдан соң аудан мектептері қаңырап бос қалатын түрі бар. Мектептер бірінен соң бірі жабыла берсе, олардың типтік ғимараттары бұзылып, орнын сипап қалмаймыз ба? Соңғы жылдары ауданымызда мектеп, мектеп-интернат ғимараттарының бұзылуы «дәстүрге» айналды. Победа, Жаңауыл, Мағынай, Тастыөзек ауылдарының мектеп ғимараттары берісі – 15-20 жыл, әрісі 30 жыл ғана пайдаланылғаннан кейін бірінен соң бірі қиратылды. Мұның бәрі ауданымызда демографияның нашарлауы салдарының нақты көрінісі. Осы мәселе солтүстіктегі өзге аудандарда, өзге облыстарда жоқ деп кесіп айта алмаймыз.
Мәселен, Победа ауылында екі қабатты орта мектеп-интернаты 1974 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бірақ, 1991 жылдан бастап бұзыла бастады. Қазір оның орнын «арамшөп» басқан. Орта мектеп бос тұрған балабақша ғимаратына көшірілді. Жаңаауыл мектебі жабылып, небәрі 20-25 жылдай қызмет еткен типтік ғимарат – ауыл тұрғындарының сол кездегі, мектеп түлектерінің есінде ғана қалды. Қазір мектеп орнында мал жайылып жүр. Бала саны көп болса, мектеп жабылмас еді, ғимараты да бұзылмас еді. Мағынай ауылындағы мектеп жабылған соң, мектеп ғимаратының тағдырын жергілікті әкім емес, құрылыс материалдарын іздегендер шешті. Мағынай үлкен кеңшар еді. Соғыс жылдары және одан кейін мектеп-интернаты болған. Мағынай мектеп-интернатында Аққұдық, Жамбыл, Еңбек ауылдарының балалары оқып, білім алған. Жүз жылға жуық тарихы бар мектепті жабылудан аман алып қалуды ойлаған жан болмағаны өкінішті. 2005 жылы мектеп жабылып тынды.
Тастыөзек ауылында мектеп-интернат 1986 жылы салынды. Кеңес өкіметінің соңғы жылдары ауданымызда салынған екі мектептің бірі де осы – Тастыөзек орта мектебі еді. Екі қабатты жаңа мектеп-интернат ауылдың сәні еді. Іші жарық, кең, жылы болатын. Білім беруге барлық жағдай жасалды. Бала көп, жоғары білімді, жоғары санатты мұғалімдер де жеткілікті еді. Амал нешік, 2007 жылы аудан орталығы Қарабалық кентінде қазақ мектебін ашу талабы түсіп, аудандық білім бөлімі Тастыөзек мектебінің мұғалімдерін Қарабалық кентіне жұмысқа шақырды. Тастыөзек мектебін жаппаса, Қарабалықта қазақ мектебін ашу мүмкін болмады.
«Бала саны азайса, ауыл мектебі жабылады», деп ауыл мұғалімдерін алдағы уақытта жұмыссыз қалудан «сақтандырды». Мұғалімдері білім бөлімінің «көңілін қимай», өз мектебін тастап кетуге мәжбүр болды. Мектеп жабылған соң ізінше бала-шағасын шұбыртып, жас отбасылар да мектебі бар елді мекен іздеп, көшуге мәжбүр болды. Ауылда халық саны күрт азайды. Қазір Тастыөзекте 5-6 отбасы ғана қалған. Ауылдың бұрынғы тұрғыны Асқар есімді азамат «Әкем ауылда тұрады, мал ұстайды. Ауыл мектебі қаңырап бос тұр. Тым болмаса, бұзылмаса игі. Ауылды қайта түлету ісіне үмітіміз бар ғой» деп еді. Бірақ ел үміті мен мектеп ғимаратының тағдырын қолына алғандардың мақсаты қиыспайтын сияқты. Мектеп ғимараты биыл аукцион арқылы сатылды. Сатып алғандар, әрине, Тастыөзекте мектеп немесе «сауда орталығын» аша қоймас, бірақ мектеп-интернаттың кірпіш-тасы қалада салынатын коттедждің, не сауда орталығының бір қажетіне жарайтын сияқты.
Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, Кеңес өкіметі кезінде әр кеңшарда учаскелік аурухана болатын. Қызметінің сапасы қазіргі аудандық орталық ауруханадан бір мысқал кем емес-тін. Кеңес Одағы тарағаннан кейін, немістер мен орыстар тарихи отандарына үдере көшкенде, халық саны күрт азайды. Дәрігер мамандар көшіп кетті, базарға шықты. Учаскелік ауруханалар жабылып, ғимараттары бұзылды. Сол жағдай сабақ болуы тиіс.
Біздің мақсатымыз – мектеп ғимараттарын бұзылудан аман сақтап қалу. Демография үнемі нашарлай бермесе керек, шегіне жеткенде, уақыты келгенде еліміз аяғынан нық тұрып, солтүстікке жұрт ағыла бастайды. Сол кезде осы мектептерді қайта салуға тура келеді. Сондықтан қазіргі ғимараттар бұрынғы учаскелік ауруханалардың кебін кимесе екен, оны сақтап қалсақ екен деген тілек бар. Ішкі миграцияны жандандырып, шетелдегі қандастарды солтүстіктегі ауылдарға шақырсақ болар еді.
Демографияны реттеу арқылы солтүстіктегі және шығыстағы ауылдардың қаңырап бос қалмауына назар аударылар еді, мектептер жабылмас еді, ғимараттары іске жарап тұрар еді, солтүстікте ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын қандастарымыз қала халқын сапалы, экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосар еді, шекаралық аймақ «жалаңаш» қалмас еді.
Ел тәуелсіздігі баянды болуы үшін республика бойынша халық тығыздығын реттеп отыру маңызды болса керек. Демек, солтүстік аймақтардағы әкімдер мен депутаттардың қызметін бағалағанда, олардың жергілікті демографиялық ахуалдың жақсаруына қаншалықты жағдай жасағаны, оңтүстік әкімдерінің соған өз үлесін қосуы ескерілсе екен дейміз. «Ырыс алды – ынтымақ», «төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген сол емес пе!?
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы