04 Қараша, 2011

Өнерлі өрендер өрісі

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайын­да ХІV халықаралық «Шабыт» шы­ғар­машыл жастар фестивалі салтанатты жағдайда ашылды. Бір аптаға созылатын өнер сайы­сы­ның ерекшелігі – оған шетелдерден де талантты жастар қатысуда. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылын­да жас мемлекетіміздің экономи­касы ғана өрлеп қоймай, әлеу­меттік-мәдени салаларда да ауыз толтырып айтарлықтай елеулі оқиғалар болуда. Соның бір­сы­пырасы елорда тынысымен ты­ғыз байланысты десек, артық айт­қандық емес. Әсіресе, соңғы жыл­дары жас түлектерге рухани қол­дау көрсету мақсатында көп­теген сайыстардың өте бастағаны көңіл марқайтады. Алайда солар­дың арасында мәдениет пен өнер­­дің келешегіне даңғыл жол ашуда «Шабыттың» орны қашан­да бас­қаларынан биік тұратыны сөзсіз. Сонау бір кездерге үңілсек, оның «Жігер» деп аталғаны мә­лім. Ол сол уақыттағы ел жас­тарының жігерін жануда, бұлақ көзін ашуда көп іс тындырса, о заман мен бұ заманның айыр­машылығы жер мен көктей еді. Бүгінде талап ондағыдан мүлде басқаша, көп­теген өнер бәсеке­лері халықара­лық сипат алуда. Ауқымының осылай кеңеюінің арқасында жыл­дан-жылға бұл сайысқа қа­тысушылардың саны да еселене түсуде. «Шабыт» фестивалінің жүлдесі үшін емес, мұнда өзінің өнерін сынап көруді биік мәртебе санайтын шетелдік қонақтардың биыл қарасы аз көрінбейді. Олар бір-бірімен ең үздік әдеби шы­ғармалар, бейнелеу өнері, эстрада жанры, халық музыкасы мен классикалық му­зы­ка номи­на­циялары бойынша бақ сынаспақ. Қазылар алқасының құра­мына енген мәдениет пен өнердің тарландары да бір-бір саланың нағыз майталмандары дерсің. Олардың арасында белгілі ақын Фариза Оңғарсынова, дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов, Ита­лиядағы Полинни Чезаре атын­дағы консер­ваторияның про­фес­соры Пьерлуиджи Дестра, Бра­зилиядағы Блуменау камера­лық оркестрінің бас дирижері Даниель Бортолосси сияқ­ты тағы да басқа тұлғалар бар. Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы тартулардың ішінде бұл шараның қызылды-жасылды сыйлары аз болмайтын секілді. Нұрзада КҮМІСБЕК.