Аймақтар • 12 Қараша, 2017

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды 

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XV аймақаралық форумы 2018 жылы Петропавлда өтеді. Басты тақырыбы - туризмді дамыту. Осы ретте ШҚО-да ресейлік туристерді қызықтыруы ықтимал киелі орындар картасы әзір екендігін атап өткен жөн. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды 

Челябіде өткен XIV форумның қорытындысында ШҚО мен Алтай өңірі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аймақаралық форум аясында өткен пленарлы отырыста ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыстың әрқашан конструктивті сұхбатқа ашық және барлық бағыт бойынша өзара тиімді серіктестік қарым-қатынас орнатуға дайын екендігін баса айтты.

«Облыстың киелі жерлерінің тізімі жасалды. Оған үш дін – ислам, христиан, буддизмнің басы біріккен Абылайкит қорғаны, Еуразия кеңістігінің кіндігі – Мұзтау шыңы кірді. Сонымен қатар, аймақтың мол мәдени мұрасының айғағы болмақ әдеби белдеу жобасы жүзеге асуда. Киелі жерлерге ұйымдастырылған туристік бағдарлар тек қазақстандық емес, сондай-ақ, ресейлік туристерді де қызықтыратыны сөзсіз», - деді алқалы жиында Даниал Ахметов

Өз кезегінде Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин журналистерге берген сұхбатында Шығыс Қазақстанмен экономикалық және мәдени бағытта берік қарым-қатынас орнағанын және оны тағы бір мәрте меморандумға қол қою арқылы нықтай түскендігін жеткізді. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы