![041111-13](http://old.egemen.kz/2011img/041111-131.jpg)
«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Астана» спорт командасы ралли-рейд бойынша осымен екінші рет «Дакар-2012» ралли планетасына сапар шекті. Осы экипаждың дебюты алдыңғы «Дакар-2011» турнирінде ең күрделі жүк машиналары класында жалпы есепте сегізінші орын алып, таңқаларлық нәтиже көрсеткен еді. Автокөлік саласы сарапшыларының пікірінше, бұл бірінші рет қатысқан команда үшін ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш екен. Команда «Дакар-2012-ге» жол тарта отырып, бұл сапарда да біршама жетістікке қол жеткіземіз деген үміттерін білдіруде. Аталмыш шараға орай осы тақырып жайында елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев жарысқа қатысатын бірқатар экипаж мүшелерімен бірге баспасөз мәслихатын өткізді.
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры еліміздің атын бүкіл әлемге паш ететін «Астана» спорт командасын қолдайды. Бұл ретте мен өзіміздің команда үшін мақтана аламын. Менің ойымша бұл спортшылар бүгінгі Қазақстанды дүние жүзіне таныта алады. Біздің жас мемлекет сияқты олар көшбасшы болуға, тіпті әлемдік танымал командалардан озуға барын салып, Отанымыздың беделін халықаралық аренада биіктен көрсетеді деп есептеймін, – деді Тимур Құлыбаев.
![041111-11](http://old.egemen.kz/2011img/041111-11.jpg)
«Дакар-2012» раллиі үш елде өтеді. Атап айтқанда, Аргентина мен Чили аумағындағы бағыттарды бағындырса, осы жолы оған жолсыз Перу қосылмақ. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл сайысқа қатысушыларға талапты күрделендірумен қатар, турнирді бұрынғыдан да қызғылықты ете түсетінге ұқсайды. Сондай-ақ, команда мүшелері қатал оңтүстікамерикалық ландшафпен дайындықтарының жоғары екендіктерін де назардан тыс қалдырмайды.
Раллиге қатысатын «Астана» командасының қазіргі құрамы жайына келер болсақ, команда капитаны Артур Ардавичус: «Команданың барлық қатысушылары бірнеше реттен түрлі халықаралық раллиге қатысқан спортшылар. Ал бес қатысушының алдыңғы «Дакардан» тәжірибесі бар. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауының арқасында біз өткен жылғы жеткен жетістіктерімізді қайталауға барлық күш-жігерімізді салатынымызға және бұл сында лайықты бағаға ие болатындығымызға сеніміміз зор. Біз мұндай табыстарға сенімді отандық жанкүйерлерден күтеміз», – деді.
«Астана» велосипед командасының осыдан біраз уақыт бұрынғы халықаралық жеңістері арқасында танымал болғанын еске салсақ, қазіргі таңда «Астана» «Самұрық-Қазына» қоры қолдайтын жалпақ жұртқа танымал спорт клубының атауы болып отыр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.