04 Қараша, 2011

«Шахтер» шыңы

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Футболдан еліміздің жаңа чемпионы салтанатты түрде қошеметтелді Кезінде Алматының «Қай­ра­ты» сынды Қарағандының бұл футбол командасының атағы да алысқа жаңғырған уақыттар ұмы­тыла қойған жоқ. Кеңестік кеңіс­тік­тегі бәсекелестерімен үзеңгі қа­ғыстырып, кей реттерде оза шауып, жұлдызы жарқыраған сәттері де болған. Бүгінде        «Шахтер» жасыл алаңға шығып, атой салғанда ескі көз жанкүйерлер со­ны елестетеді. Кешегіні қой­шы, тәуелсіз еліміздің жеке біріншілігінде үш мәрте жүлделі сапқа көте­рі­лгенімен, одан да биікке қауқары да, мүмкіндігі де жеткіліктігіне үміт үзілмей, дара танылуы арман­далушы еді. Әлем­дегі осы бір ең сүйікті ойын дегенде ішкен асын жерге қоятын мыңдаған жерлес­тері­нің үміт-сенімін ақыры ақтады. Биылғы біріншіліктің соңғы күніне, тіптен соңғы минут­тары­на дейін «Жетісудың» не өзінің жеңімпаз болуы таразы басында тұрғандағы қайраттылығы – қа­зір көпшілік аузындағы сүйсі­ніс­ті әңгіме. Әуелде басты қарсы­ла­сын соның алаңында жеңіп қайт­қаннан кейін асу берместей «Астанамен» шешуші айқас тағы тұрды. Футболда бәрі де болады. Бір жағынан мәренің бір ұшығы Тал­ды­қорғанда тірескен жетісу­лық­тар мен керекуліктердің ойы­ны­на бай­ланыстылығы көңіл алаң­датса, аяқ астынан ақ қар, көк мұзға ай­налған алаңда барды са­лып, сынасу жүрек қобалжытқаны команданың бас бапкері Виктор Кумыков ақтық кездесуден соң айт­қан сыр. 20-25 мың орындық «Шахтер» ста­дионында талай ойындарды та­ма­шалағанбыз. Бірақ осы жолы оның лық толып, ине шаншар орын­ның болмауы көптен бері бірінші көрініс еді. Айқас қызығына беріліп, аязды да, жапалақтап жау­ған қарды да елемеген қалың жан­күйер фут­болшылардың шабыт­та­на ойнауына дем берді. «Шах­тер­дің» белді ойын­шысы Андрей Финоченко соққан екі доп коман­да­сына жеңіс әкелді. – Мен үшін биылғы біріншілік есте қаларлықтай болды. Қазақ­стан ұлттық құрама командасына қабылдандым. Алда елеулі сындар тұр. Көшбасшылық орынды сақ­тауы­мыз керек. Мұның сыртында УЕФА аясындағы Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында мықты командалар алдында на­мыс­ты қолдан бермеуге күш-қа­білетімізді аянбау қажет, – деп белгілі футболшы Ұлан Қоныс­баев қуанышын ортаға салды. Кеше кеншілердің Мәдениет сарайында еліміздің жаңа чем­пио­нын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Кездесуде об­лыс әкімі, облыстық футбол фе­де­рациясы­ның төрағасы Серік Ахметов жан­күйерлер атынан команда мүше­лерін тамаша жетістіктерімен құт­тық­тап, өңір, ел футболының мәр­те­бесін биіктете беруге тілек білдірді. Қазақстан Футбол федера­ция­сының вице-пре­зиденті Сейділда Байшақов екеуі жаттық­тыру­шылар, ойын­шы­лар мойындарына жібек бауға тағылған алтын медаль ілді. Об­лыс әкімінен командаға 10 мил­лион теңге сыйлықтың серти­фа­каты табыс етілді. Жиналғандар осы заманғы озық үлгідегі, ха­лық­аралық талап-талғамға сай ста­дион­ның салынатын күні алыс еместігін естіп қоса қуанды. Бір айдан соң «Шахтер» алдағы біріншілікке дайындықты Түркияда бастайды. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.